Қызылорда облысы Жалағаш ауданында тұрғын үй мен аурухана пайдалануға берілді
Жарияланған күні:
Облыс әкімінің жұмыс сапары Жалағаш ауданында жалғасты. Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Дәуімбай учаскесіндегі бір пәтерлі үш бөлмелі несиелік 10 тұрғын үйді пайдалануға беру және жаңадан салынған 100 төсектік аудандық аурухананың ашылу рәсіміне қатысты.
Шарада аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Кенжеғара Сүлейменов ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, қолдау танытқан аймақ басшысына алғысын айтты.
«Дәуімбай» учаскесіндегі бір пәтерлі 3 бөлмелі несиелік 10 тұрғын үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынды. Құрылысын мердігер мекеме «ИМАН» ЖШС жүргізді. Типтік жобада салынған баспананың құны - 115 млн теңге. Жер көлемі – 1 гектар.
Бұдан соң Гүлшара Әбдіқалықова жаңадан салынған аудандық аурухананың ашылу салтанатына қатысты. Аймақ басшысы заманауи медициналық мекеме халық игілігі үшін қызмет етеріне сенім білдірді.
"Бүгін аудан тұрғындары үшін қуанышты жаңалық тұрғын үй мен аудандық аурухананың пайдалануға берілуі. Жаңа пәтер иелерін қоныс тойымен құттықтаймын! Ал, жаңа үлгіде салынған аурухана ел игілігіне қызмет етеді деп сенемін!", - деді облыс әкімі.
Салтанатты шарада денсаулық саласының ардагері Тұрғанбай Маханов пен мемлекет және қоғам қайраткері Қожахмет Баймаханов сөз сөйлеп, тұрғындарды құттықтады.
Аудандық аурухананың құрылысы 2019 жылы басталған. Мердігер мекеме «АБУ-СЕР» ЖШС. Жоба құны 4 млрд теңгені. Нысанның жалпы аумағы – 3,6 гектар, типтік жобада салынған. 100 төсектік аурухана үш қабаттан тұрады, 1 терапия, 1 хирургия, 1 реанимация, 1 босану-гинекология, 1 балалар бөлімі, 1 асхана, 2 операциялық блоктар бар. Аталмыш ауруханада 94 дәрігер, 446 орта буын қызметкер жұмыс істейді.
Үстіміздегі жылы ауданда мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде Жалағаш кентінде емхана ғимаратын балабақша етіп қайта жаңғырту, орталық алаңын абаттандыру, Ақсу елді мекеніне кіре беріс аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын, ішкі көшелерін жарықтандыру, 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебінің құрылысын жүргізу, М.Шәменов ауылындағы спорт алаңын ағымдағы жөндеуден өтікізіп, 140 орындық №34 орта мектеп құрылысын жүргізу, Аққыр ауылындағы №188 орта мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу секілді ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Жұмыс сапары соңында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова аудан әкімі Асылбек Шәменовке эпидемиологиялық ахуалды бақылауда ұстау және инфрақұрылым жұмыстарын сапалы жүргізу жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1891363-kyzylorda-oblysy-zalagas-audanynda-trgyn-j-men-auruhana-pajdalanuga-berildi/