RU

Ғалымдар ұйқыны қандырмаудың ауыр салдары барын анықтады

Ұйқы
Көрнекі сурет: pixabay.com

АҚШ ғалымдары ұйқыны қандырмай жүре берген жандардың денсаулығына қандай нұқсан келуі мүмкін екенін анықтады деп жазады Огайо штатының ресми сайты.

Огайо университетінің ғалымдары ұйқының жеткіліксіз болуының ағзаға қауіпті әсерін анықтау үшін арнайы тәжірибе жүргізеді.

Үнемі ұйқысы қанбай жүретін адамдар тәжірибеге қатысу барысында денсаулығына қатысты бірқатар шағымы барын айтқан. Нақтырақ айтсақ, олардың барлығы дерлік басы айналып, айнала қатты жарық болған жағдайда көздері ауыратынына, шаршағыштық пен бастың ауыруына жиі шағымданатын болып шықты.

Ғалымдардың айтуынша, әдетте мұндай белгілер бас миының жарақатына ұшыраған адамдарда байқалады.

Сарапшылар ұйқының қанбауы мен аталмыш жағымсыз белгілердің пайда болуы арасында тікелей байланыс барын анықтады.

Ұйқысыздық салдарынан күйзеліске түсу жағдайы да жиі орын алып жатады екен. Ұйқының жетіспеушілігі концентрацияның төмендеуіне де әкеліп соқтыратынын ескерткен зерттеушілер ұйқы уақытына ерекше мән беруге шақырды.

Еске салсақ, бұған дейін жұмыс істеу кезінде музыка тыңдаудың зиян тұстары бары анықталған еді. Мәскеу мемлекеттік психология және білім беру университеті экстремалды психология факультетінің профессоры Марина Розенова музыка тыңдап жүріп жұмыс істеудің қандай кері әсерлері барын тізбектеп шыққан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1895477-galymdar-jkyny-kandyrmaudy-auyr-saldary-baryn-anyktady/