RU

Қырағы жүргізуші жолға қарай сырғып кеткен арбадағы сәбиді ажалдан құтқарды

Құтқару сәті
Кадр: YouTube / People's Daily, China

Қытайда қырағы жүргізуші жолға қарай сырғып кеткен бесік арбадағы сәбиді құтқарып қалды.

Гуйчжоуда болған бұл жайттың видеосын People's Daily, China атты YouTube парақшасы жария еткен.

Сәбидің арбасы жолға қалайша сырғып кеткен белгісіз. Алайда оны қырағы жүргізуші дер кезінде тоқтатып үлгермегенде, арты қайғылы жағдайы ұласары анық еді. Себебі, бесік арба сырғыған жолда жоғары жылдамдықпен көліктер жүйткіп жатқан болатын.

Көлік жүргізушісі дереу арбаға қарай жүгіріп, сәбиді құтқарып қалған. Ал сол арада бесік арбаны оқиға болған маңдағы өзге адамдар байқай қоймаған.

Видеоны тамашалаған желі қолданушылары нәрестені құтқарған ержүрек азаматқа мақтауларын жаудырды.

Еске салсақ, бұған дейін Үндістанда ержүрек азамат рельске құлап кеткен балақайды ажалдан аман алып қалғанын жазған едік. Жүрегінің түгі бар азамат пойыз келгенге санаулы секунд қалғанына қарамастан, балақайға көмектескен.

Сонымен қатар, Қытайда өзенге құлап кеткен көліктің ішіндегі отбасыны жабыла құтқарған ер адамдар көпшіліктің мақтауына ие болғанын жазған болатынбыз.

Одан бөлек, Ақмола облысында тәртіп сақшысының 6 жасар қызы қырағылығының арқасында қайғылы жағдайдың алдын алғаны туралы жазғанбыз.

Ол жанып жатқан көлікті байқап, дер кезінде ата-анасына айтқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1910939-qyragy-zurgizusi-zolga-qarai-syrgyp-ketken-arbadagy-sabidi-azaldan-qutqardy/