Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шұлық сыйлаудан аулақ болыңыз: Жетінші мамырда ер адамды қалай қуантуға болады

Опубликовано:

фото
Көрнекі фото: pexels.com

Жетінші мамыр - отан қорғаушылар күні. Мерекеге орай жігіттерге арнап сыйлық алу - қыз-келіншектер үшін бас ауыртар мәселе. Әдеттегі шұлық пен саптаяқтан басқа қандай сый жасауға болады? KAZ.NUR.KZ тілшісімен болған сұхбатта психолог маман ер азаматтарға сыйлық таңдауда қателеспеудің жолын көрсетті. Психолог жақын адамыңызға сыйлық таңдауда нені ескеру керек екенін айтты.

Сегізінші наурызда сыйлықтың астында қалатын қыз-келіншектер отан қорғаушылар күнінде жақын ер азаматтарын бір қуантып тастағысы келеді. Психолог Еркежан Увалиева ер азаматтарға жылда беріліп жүрген шұлық пен саптаяқ сынды сыйлықтан аулақ болуды ескертеді. Маман ер адамыңыздың нені ұнататынын, оның темпераментін ескеруге кеңес береді.

"Сыйлық таңдаған кезде әйел адам болсын, ер адам болсын, олардың қызғушылығына мән беру керек. Әйел адамдар көбінесе шұлық, саптаяқ сияқты үйреншікті сыйлық беріп жатады. Ал егер өзіңе осы заттарды сый ретінде беріп жатса қалай болады? Ұнаушы ма еді?

Сондықтан әр ер адамға сыйлық жасар кезде оның темпераментін, мінез ерекшеліктерін ескере кету керек. Кейбір ер адамдар әдемілікті жақсы көреді. Оларға жақсы әтір, әдемі жейде ұсынуға болады. Ал кейбір жұмысбасты, кәсіпкер адамдарға блокнот, жұмыс үстелінде қолданатын зат берсе құба-құп. Сыйлық таңдағанда ер адамыңыз нені жақсы көреді, соны байқап барып сыйлық жасау керек деп ойлаймын.

Қазір қолдан жасалған сыйлық сәнде, ондай нәрселер жүректен жүрекке жетіп жатады. Хэндмейд, әдемі романтикалық кешкі ас, өзіңіз дайындаған сүйіктіңіздің ұнататын тағамы айта берсе көп. Немесе ер адамдардың әйелінен кейінгі (немесе әйелінен де қатты жақсы көретін) жұбы - оның көлігі. Автокөлігіне қажетті сый жасасаңыз болады. Кей ер адамдар экстрим, адреналин дегенді ұнатады. Парашютпен секіру немесе сондай бір экстремалды спорт ойынына билет сыйласаңыз қуанып қалатынына сенімдімін.

Міне осындай сыйлықтар тізімін жасап, ең бастысы ер адамыңыз қуанатындай, көңілінен шығатындай, махаббатпен жасалған сыйлықты кез келген адам бағалайды", - дейді Еркежан Увалиева.

Айта кетейік, жетінші мамыр елімізде Отан қорғаушы күні. 1992 жылы 7 мамырда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен ҚР Қарулы күштері құрылды. Дәл осы күні республика аумағындағы КСРО Қарулы күштерінің құрамындағы мекемелер, бөлімдер, құрамалар Қазақстанның құзыретіне берілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1911482-sulyq-syilaudan-aulaq-bolynyz-zetinsi-mamyrda-er-adamdy-qalai-quantuga-bolady/

pixel