Отбасына коронавирус жұқтырғысы келмеген жігіт 11 күн бойы ағаш басын паналаған (фото)
Опубликовано:

Үндістанда студент туыстарына коронавирусты жұқтырудан қорқып, 11 күн бойы ағашты паналаған деп хабарлайды The Print.
Басылымның хабарлауынша, Шива 4 мамырда тест тапысырып, COVID-19 дертін жұқтырғанын анықтаған. Дәрігерлер оған оқшаулануға кеңес береді.
Алайда, жігіттің қаржылық жағдайы оқшаулануға еш мүмкіндік бермеген. Төрт адамнан құралған отбасы аядай бір бөлмеде тұрады екен. Туыстарына дертті жұқтырғысы келмеген Шива ағашқа төсек салып, 11 күн бойы даланы паналауды жөн санаған.

Жігіттің ағаш басында өмір сүруге мәжбүр екенін байқаған ауылдастары оған еш көмек қолын созбаған. Шиваның айтуынша, олардың бәрі дертті жұқтырып алудан қорқып, жігіттен барынша аулақ жүруге тырысыпты.
Бұл оқиға көпшілікке жария болғаннан кейін ғана жергілікті билік жігітке оқшаулануға мүмкіндік беретін арнайы бөлме бөліп беріпті.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Маминді қабылдап, Үндістан еліне көмек көрсетуді тапсырғанын жазған едік.
Үндістанда коронавирустың таралуына қатысты жағдай әлі де тұрақсыз: елде күн сайын 400 мың адамның дерт жұқтырғаны анықталып, денсаулық сақтау жүйесі науқастардың мұндай ағынына төтеп бере алмай жатыр. Үндістанда жүрген Қазақстан азаматшасы ондағы қиын жағдай туралы толығырақ айтып берген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1913733-otbasyna-koronavirus-zuqtyrgysy-kelmegen-zigit-11-kun-boiy-agas-basyn-panalagan-foto/