RU

Шектеулерді айналып өткісі келген жас жұбайлар 160 қонаққа әуеде той жасады (видео)

Ұшақ
Көрнекі фото: piqsels.com

Үндістанда 160-тан аса адам жас жұбайлардың әуеде жасалған тойында қонақ болып қайтты деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Коронавирус кесірінен үйлену тойын ұйымдастыра алмай қиналған ғашықтар осылайша шектеулерді айналып өтудің амалын ойлап тапқан. Олар некесін ұшақтың ішінде қидырған.

Жас жұбайлар аста-төк той жасау үшін тіпті арнайы әуе кемесін жалдапты. Нәтижесінде, неке қию рәсіміне 160-тан аса қонақ жиналған екен. Қос қанатты көліктің ішінде әлеуметтік қашықтық пен маска тағу секілді сақтық шаралары сақталмағаны белгілі болып отыр.

Бұл оқиғаны бүгінде Үндістанның авиация басқармасы тексеріп жатыр. Әуе компаниясының сол күні кезекшілік еткен қызметкерлері жұмысынан уақытша шеттетілгені анықталды.

Айта кетейік, Үндістанда коронавирустың таралуына қатысты жағдай әлі де тұрақсыз: елде күн сайын 400 мың адамның дерт жұқтырғаны анықталып, денсаулық сақтау жүйесі науқастардың мұндай ағынына төтеп бере алмай жатыр. Үндістанда жүрген Қазақстан азаматшасы ондағы қиын жағдай туралы толығырақ айтып берген болатын.

Осы ретте үйлену тойларындағы мейман санын 50-ден асыруға тыйым салынған.

Еске салсақ, бұған дейін Үндістанда студент туыстарына коронавирусты жұқтырудан қорқып, 11 күн бойы ағашты паналағанын жазған едік.

Жігіттің ағаш басында өмір сүруге мәжбүр екенін байқаған ауылдастары оған еш көмек қолын созбаған. Олардың бәрі дертті жұқтырып алудан қорқып, жігіттен барынша аулақ жүруге тырысыпты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1914455-sekteulerdi-ainalyp-otkisi-kelgen-zas-zubailar-160-qonaqqa-auede-toi-zasady-video/