RU

Сауд Арабиясында әйелдерге ер-азаматтарсыз тұруға рұқсат берілді

Фото
Фото: pixabay.com

Сауд Арабиясында жалғызбасты әйелдерде қамқоршы ерлерсіз, жеке өмір сүруге рұқсат етілді. Заңға енгізілген аталмыш түзету тұрмысқа шықпаған, ажырасып кеткен және жесір әйелдерге қатысты деп жазады mignews.com.

Жергілікті Makkah газетінің мәліметінше, Сауд Арабиясының нәзік жандылары енді жеке тұру үшін тіпті туған әкелерінен де рұқсат сұрамаса болады.

Заңға енгізілген өзгеріске сәйкес, "ересек әйел адам қайда тұратынын өзі шеше алады". Бұл ретте әйелдің қамқоршысы сотқа тек ол қылмыс жасаса және оны дәлелдейтін дәлелі болса ғана арыздана алады.

Адвокат Наиф Аль-Мансидің сөзінше, енді бөлек тұрғысы келген бойжеткеннің үстінен отбасы сотқа арыз түсіре алмайды.

Айта кетерлігі заңға аталған өзгерістер жергілікті жазушы Мәриям Аль Отайби сотта жеңіске жеткеннен кейін енгізілген. Оның үстінен отбасы сотқа арыз берген. Себебі Мәриям жалғыз өзі тұрып, әрі жалғыз саяхаттап жүрген.

Естеріңізде болса, Сауд Арабиясы бұған дейін қазақстандықтардың қажылық парызын өтеуге қатысты негізгі талаптарды жариялаған еді.

Оған сәйкес, биыл қажылардан коронавирусқа қарсы Сауд Арабиясында ресми бекітілген вакцина түрлерінің (Pfizer-BioNTech, AstraZeneca, Johnson&Johnson және Moderna) екі дозасын қабылдау талап етіледі.

Сондай-ақ, қажылыққа барушылар екінші дозаны Корольдікке барудан 14 тәулік бұрын қабылдауы тиіс. Ал жоғарда аталған вакциналардың ешбірі біздің елімізде қолданыста жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1920062-saud-arabiyasynda-aielderge-er-azamattarsyz-turuga-ruqsat-berildi/