RU

Белгілі дәрігер: Ыстық ауа райында коронавирус ауыр өтеді

Коронавирус
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Ыстық ауа райында коронавирусты жұқтыру қаупі жоғары. Сонымен қатар мұндай кезеңде вирус ауыр өтеді деп жазады Sputnik Қазақстан.

Бұл туралы Мәскеу денсаулық сақтау департаментінің ересектерге алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша бас штаттан тыс маманы Андрей Тяжельников айтты.

"Ыстық күндері ауруға шалдығу қаупі жоғары. Өйткені ағзаға салқын тию, иммунитет төмендеуі мүмкін. Осылайша организм бактериялар мен вирустарға қауқарсыз болады. Сондай-ақ ыстық ауа райы басқа аурулар сияқты, коронавирустың да ағымын ауырлатады. Жалпы ыстық ағза үшін үлкен стресс, - деді Тяжельников.

Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін коронавирусқа қарсы вакцинаны мүмкіндігінше тезірек алу керек дейді дәрігер. Вакцина әсіресе созылмалы ауруы бар, қарт және иммунитеті әлсіз адамдарға қажет.

Коронавирусты жұқтырып алғандар бөлмедегі ылғалдылық пен температураны мұқият қадағалап, оны қолайлы деңгейде ұстауы керек. Ол үшін бөлмені желдетіп, ылғалды тазалауға назар аударыңыз.

Еске салайық, өткен жылы пандемия жаңа басталған кезде басым көпшілік ыстық күндер келісімен вирус жойылады деп үміттенген болатын. Алайда бұлай болмады. Дәрігерлер жаз мезгілінде респираторлық инфекциялардың төмендеуі адамдардың үй-жайларды жиі желдетуіне байланысты екенін атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1921459-belgili-dariger-ystyq-aua-raiynda-koronavirus-auyr-otedi/