RU

"Жылына 300 күн ұйықтаймын": Сирек дертке шалдыққан азамат мұңын шақты

Ұйқыдағы азамат
Кадр: TV9 Bharatvarsh

Үндістанда жылына 300 тәулігін ұйқымен өткізетін азамат тұрады. Сирек дертке шалдыққан ер адам ұйқы қысқанда оған қарсы тұра алмайтынын айтып, мұңын шақты деп жазады odditycentral.com сайты.

Бхадва ауылының 42 жастағы тұрғыны гиперсомния деп аталатын сирек дертке шалдыққан. Пуркхарама есімді азаматқа мұндай диагноз 23 жыл бұрын қойылған болатын.

Ол кезде ер адам тек 15 сағат ұйықтаған екен. Уақыт өте келе дерті асқынған Пуркхарама қатарынан 7-8 күн, тіпті, 25 күн бойы оянбай ұйықтап жата беретін болған. Осылайша, ол жылына 300 күн ұйықтауға мәжбүр екенін айтып, мұңын шағуда.

Кішкентай дүкеннің иесі сөренің қасында отырып-ақ ұйықтап кететін кездері болатын айтып отыр. Туыстары мұндай сәттерде Пуркхараманы үйіне әкетіп, оған оянғанға дейін күтім жасайды. Олар 25 күн бойы ұйқыдағы азаматты жуындырып, су-тамағын беріп отырады екен.

Пуркхарама гиперсомнияны емдеудің әртүрлі әдістерін қолданғанын, бірақ кері әсерлерден басқа еш нәтиже шықпағанын айтады. Алайда, Пурхарамның өзі де, оның отбасы да аурудың беті қайтатынына және ер адам қайтадан қалыпты өмір сүре алатынына сенеді.

Еске салсақ, бұған дейін ұйқы қану үшін не істеу керектігін жазған едік. Сондай-ақ, сомнолог дәрігер жұмысқа ұйықтап қалмай, уақытылы тұру үшін оятқыш сағатты қалай дұрыс қою керегін айтып берген болатын.

Одан бөлек, адамдардың дені не себепті түсін есте сақтай алмайтыны туралы жазғанбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1923242-zylyna-300-kun-uiyqtaimyn-sirek-dertke-saldyqqan-azamat-munyn-saqty/