Табытта тыныстай бастаған "марқұмды" туыстары жабыла құтқарды
Опубликовано:
Ливанда ер адам жерлеу рәсімі кезінде тіріліп кетті деп хабарлайды Daily Star.
Оқыс жағдай Ливанның Эль-Хирмиль қаласы Бекаа провинциясында шілде айында болған. Өлдіге саналған ер адам өзін жерлеуге табытта алып бара жатқан кезде тыныстай бастаған.
"Марқұмның" тыныстап қана қоймай, қозғалып жатқанын байқап қалған жерлеу рәсіміндегі қалың жұрт оны жабыла құтқаруға тырысқан.
Ер адамның жақындары дереу оның жүрек тұсына массаж жасай бастайды. Сол арада шақырылған жедел жәрдем де келіп жетіп, ер адамға алғашқы көмек көрсеткен.
Ер адамды дәрігерлер не себепті өлдіге санағаны әзірге белгісіз. Десе де, көрер жарығы бар ер адам қырағы туыстарының арқасында тірідей жерленуден аман қалып отыр.
Еске салсақ, мұндай оқыс жағдайлар бұған дейін де болған еді. Мәселен, Кенияда мәйітханада жатқан ер адам аяқ асты "тіріліп кеткен" еді.
Мәйітханада жұмыс істейтіндер ер адамды бальзамдауға дайындап жатқан кезде оның қимылдағанын байқапты. Содан кейін оны палатаға ауыстырған. Бірнеше күннен кейін ол ауруханадан шыққан.
Сондай-ақ, АҚШ-та 20 жастағы бойжеткенді дәрігерлер өлдіге санағанымен, ол жерлеу бюросында көзін ашып, есін жиған болатын.
Бойжеткеннің тірі екені анықталып, оны дереу емхананың жасанды тыныс алу аппаратына қосқан.
Одан бөлек, Парагвайда өлдіге саналаған әйел адам тіріліп кеткен еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1925072-tabytta-tynystai-bastagan-marqumdy-tuystary-zabyla-qutqardy-video/