Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

«Семей полигонының жабылуы – тәуелсіздіктің теңдессіз жеңісі»: Қызылордада конференция өтті

Опубликовано:

Конференция
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Қызылордада Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығына орай облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті. «Семей полигонының жабылуы – тәуелсіздіктің теңдессіз жеңісі» тақырыбымен ұйымдастырылған конференцияда, сынақ алаңының жабылуына қатысты тарихи деректер кеңінен талқыланып, полигонда әскери борышын өтеген ардагерлер көзбен көрген оқиғаларымен бөлісті.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесімен қатар келген айтулы датаның біздің еліміз үшін ғана емес, әлем елдері үшін маңызы туралы айтылды.

Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, облыстық «Қызылорда-Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәбит Әбіш пен бірлестік мүшелері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбіш және мәслихат депутаттары, жоғары оқу орындарының ғалымдары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, облыстық этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымының жетекшілері мен белсенділері және қала және аудандардағы зиялы қауым өкілдері бейнебайланыс арқылы қатысты.

Конференция
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Шәріпбайқызы Семей ядролық полигонының жабылуы бүкіл әлемдегі ядролық сынақтарға мораторий қою жөніндегі халықаралық іс-қимылға және Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақты құруға негіз болғандығын баса айтты. Сонымен қатар, жалпы қазақстандықтарға ғана емес, бүкіл адамзат үшін маңызды оқиғаға айналған Семей полигонын жабу еліміз Тәуелсіздік алар тұста қабылданған ең маңызды шешім болды деп атап өтті.

Конференция
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

«Қазақстан - әлемде бірінші болып, ядролық қарудан бас тартқан ел. 2009 жылы Елбасымыз 29 тамызды Ядролық қарудан бас тартудың бүкіләлемдік күні деп жариялау жөнінде бастама көтеріп, Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан қолдау тапты. Нәтижесінде, 40 жыл бойы ажал отын шашқан қасиетті Семей өңіріндегі полигонның жабылуы, Қазақ елі үшін үлкен бақыт, әлем халқы үшін үлкен жетістік әкелді. Семей полигонын жабу және Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тарту жөніндегі тарихи шешімі қабылданған бұл күнді ұлықтау бізге парыз», - деп, басқосуда облыс әкімінің орынбасары бұл күннің ел тарихындағы және адамзат тарихындағы маңызына тоқталды.
Конференция
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

«Елбасы 1991 жылдың 29 тамызында Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойып, бұл апат ресми түрде жабылғаны тарихтан белгілі. Бұл сәтте халықтық дипломатияның да жарқын үлгісі көрініс тауып, сынақ алаңының жабылуына жұрт болып жұмыла атсалысты. Бұл ретте «Семей – Невада» антиядролық қозғалысының ықпалын ерекше атап өткен жөн», - деді конференция барысында баяндама жасаған «Қорқыт Ата» атындағы Қызылорда университетінің тарих ғылымдарының докторы Тастанбек Сәтпай.
Конференция
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Конференция қорытындысымен Серік Әбжәліұлы облыстық «Қызылорда-Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәбит Әбішті 30 жылдық мерекемен құттықтап, облыс әкімі Гүлшара Наушақызының «алғыс хатын» табыстады.

Айта кету керек, аталмыш мерейлі мерекенің жалғасы 29 тамыз күні облыс әкімінің қатысуымен «Тағзым алаңында» гүл қою шарасымен жалғасады деп күтілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1929302-semei-poligonynyn-zabyluy-tauelsizdiktin-tendessiz-zenisi-qyzylordada-konferenciya-otti/

pixel