Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қыстың күні Түркістанда қайда демалуға болады?

Опубликовано:

Turkistan Tourism Center
Фото: Turkistan Tourism Center

Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда Түркістанда қыс мезгілі жылы әрі жайлы өтетіні белгілі. Сол себепті, Түркістанға дәл қыс мезгілінде бару туристер үшін өте қолайлы. Бүгін біз қыста Түркістанға баруға себеп болатын 9 ерекше нысанды назарға ұсынамыз, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қожа Ахмет Ясcауи кесенесі

Түркістан қаласының басты көркі саналатын бұл кесене ХІІ ғасырда өмір сүрген сопылық ілімнің негізін салушы, ақын әрі ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің құрметіне салынған. Кесенеге туристер Қазақстанның ғана емес, алыс-жақын шетелдерден лек-легімен ағылады. Кесененің тарихы да тереңде жатыр.

Уағыздарында Қожа Ахмет Яссауи адамдарды ашкөздік пен сараңдықтан аулақ жүруді, адал болуды өзінің хикметтері арқылы үйретті. Яссауи поэмалары Орта Азия халықтарының мәдени мұрасына айналды.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі үлкен тікбұрышты, порталды-күмбезді ғимараттан тұрады. Сыртқы қабырғалардың қалындығы - 2 м, орта залдың қабырғаларының қалындығы - 3 м. Ғимаратта үлкен кіру порталы және күмбездер бар. Кесенеде түрлі мақсатқа арналған жалпы саны 35 бөлме бар. Есігі піл сүйегінен жасалынған, керемет оюлармен безендірілген.

Орта ғасырларда бой көтерген ең керемет сәулет өнерінің бірі саналатын аталмыш кесенеде қазақтың 21 ханы жерленген.

Кесенеде Орта Азияда ең үлкен кірпішті күмбездердің бірі орнатылған. Түркілер үшін күмбез бірлік пен қонақжайлық белгісі. Күмбез диаметры 2,45 м, салмағы 2 тонна, 7 металл құйындысынан жасалған.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі орта ғасыр сәулетінің үздік үлгісі. 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне енгізіліп, ЮНЕСКО-ның ерекше қорғалатын нысаны болып саналады.

Turkistan Tourism Center
Фото: Turkistan Tourism Center

«Керуен Сарай»

Түркістандағы шығыс стилінде салынған «Керуен Сарай» - бүгінгі жаңа Түркістанның ерекше нысаны. Туристер қыста ауқымды туристік отбасылық ойын-сауық кешенінде уақыт өткізіп, фуд-корттан дәмді тамақтана алады. Бұл жер жазда ғана емес, қыста да келген мейманды өзінің көркімен, ерекше сәулетімен баурап алады.

«Караван-сарай»
Фото: Turkistan Tourism Center

«KaravanSarayTurkistan» қонақ үйі бүкіл отбасымен тиімді демалуға арналған таптырмас орын. Қонақ үй «Керуен Сарай» кешенінің дәл ортасында орналасқан. Сонымен қатар қонақ үй тарапынан кешендегі ойын-сауық орталықтары мен ұшатын театрға және Anjana SPA орталығына арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Айта кетерлігі, қонақүйде өте ерекше жаңажылдық науқан жүріп жатыр. 40 мың теңгеге бүтін бір отбасы «Керуен Сарайда» жаңа жылды қарсы алып, түрлі мерекелік шараларға куә бола алады. Сондай-ақ, дәмді тамақтанып, түрлі сыйлықтар ұтып алуға, отшашулар фейрверкіне куә бола алады. Ал басты сыйлық ретінде Түркияның әйгілі The Land of Legends демалыс орнына жолдама ұтысы ойнатылып жатыр.

«Ұшатын театр»

Алтын Самұрық - «Керуен сарай» туристік кешеніндегі Орталық Азияда алғаш рет ашылған «ұшатын театр». Онда 8D форматында Қазақстанның көрікті орындарын биіктен көруге, сауда-саттық орталықтарында сәтті сауда жасауға болады.

Turkistan Tourism Center
Фото: Turkistan Tourism Center

«Ұшатын театр» - бұл Түркістанның қақ ортасында тұрғызылған ерекше театр, онда әрбір адам «Алтын Самұрық» құсымен ұшып барып, бірегей аттракционның жоғары технологиясының арқасында тас дәуірінен бастау алатын Қазақстанның бүгінге дейінгі тарихына саяхаттай алады. Бұл ретте, 2022 жылы Ұшатын театрда көрсетілетін еліміздің туристік әлеуеті бойынша арнайы 5 бейнеролик көрсету жоспарлануда.

«Ұлы Дала Елі» орталығы

Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен 150 метр қашықтықта орналасқан, сыртқы пішіні аспан түстес, ерекше дизайнмен салынған ғимарат – «Ұлы Дала Елі» орталығы деп аталады. Бұл орталыққа кіреберісте «Өмір ағашы» деген атаумен бәйтерек бейнесіндегі туынды орналастырылған. «Өмір ағашы» бәйтерегі – түркі дүниетанымында жер асты, орта және жоғарғы үш әлемді бір-бірімен байланыстыратын ұғым болып саналады. Орталықта Күлтегін ескертішінің 3-ші нұсқасы, тас ғасырынан бастап, күллі қазақ тарихының мәдениетінің көрінісі ретінде түрлі экспозициялық бөлмелер жабдықталған. Сонымен бірге, заманауи технологиялық құралдар арқылы голлографиялық шоу көрсетіліп, болашақ Қазақстанның даму транформациясының жобасы ұсынылған.

Центр «Ұлы Дала Елі»
Фото: Turkistan Tourism Center

Жаңа музыкалық – драма театр

Түркістандағы сазды драма театр бүгінгі таңда қаланың мәдени ошақтарының бірі. Заманауи үлгідегі жаңа технологиялармен жабдықталған ғимаратта бүгінде көптеген ірі қойылымдар қойылуда. Олардың қатарында «Бөрте», «Фариза», «Махаббат мұнарасы» сынды ірі қойылымдардың премьерасы болып өтті. 4 қабаттан тұратын ғимараттың жалпы көлемі 9700 шаршы метрді құрайды. Театрда 510 адамға арналған көрермен залы мен арнайы автотұрақ орын тепкен.

Арыстан баб кесенесі

Түркістанға қонақ болған мейман Отырар жұқанасы жанында орналасқан Арыстан баб кесенесіне бас сұқпай кете алмайды. Аталған кесене 12-ғасырда өмір сүрген әулие Арыстан баб жерленген жерде салынған. Арыстан баб Қожа Ахмет Яссауидың ұстазы, Мұхаммед пайғамбардың сахабасы болған. Кесененің өзі қабір, мешіт және халық арасында қажылық орын болып есептеледі.

Мавзолей Арыстан-Баб
Фото: Turkistan Tourism Center

Ғимараттың көлемі 35×12 м. Қасбетінде екі мұнара бар, әшекейлі кірпішпен безендірілген. Ғимарат екі бөліктен тұрады - үлкен дәлізбен біріктелген екі бөлмелі қабір және бата оқыр мешіті. Қабірде екі бірдей биік күмбез орнатылған. Бірінші бөлмеде Арыстан бабтың үлкен құлпытасы, екінші бөлмеде сахабалары мен шәкірттері Хермет-Азыра, Қарға-Баба, Лашын-Баба құлпытастары бар. 1982 жылдан бастап Арыстан баб кесенесі мемлекеттің қорғауында.

«Ақмешіт» үңгірі

Түркістанға қыс мезгілінде келуге себеп болатын тағы бір кереметі - Ақмешіт үңгірі. Миллиондаған жыл бұрын тектоникалық құбылыстың әсерінен пайда болған табиғаттың бұл керемет Қаратаудың Оңтүстік шығыс беткейінде Бәйдібек ауданындағы Кеңестөбе ауылынан 5 км жерде орналасқан ойық жартасты үңгір. Үңгірдің ұзындығы 150-160 метр, ал ені 60-65 метр. Үңгірдің биіктігі 25-30 метр. Ішінен қарағанда ернеуі киіз үйдің құрылысына ұқсайды.

20 м тереңдікте ежелгі тұт ағаштары өседі. Тарихи естеліктерге сүйенсек, тұт ағашының астында әйелдер мен балалар жоңғарлардан жасырынған. Ал тағы бір аңыз бойынша, ежелгі заманда бұл үнгір айдаһардың баспанасы болған. Қанатын ашқан кезде, жарықтың шеттеріне сыймай әр сайын кеңейте берген. Бір күні осы жерге Сүлейман пайғамбар келіп, айдаһарды шынжырға отырғызады. Содан кейін айдаһар неше жыл өмір сүргенін аңыз айтпайды, бірақ ұйықтаған орны сақталып қалған.

Бұл жердің тағы да бір ерекшелігі - аумағында көптеген километр бойында еш бір ағаш жоқ, ал үнгірдің іші нағыз оазис.

Подземная пещера Ак Мечеть
Фото: Turkistan Tourism Center

«Тау самалы» демалыс орны

Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданында орналасқан «Тау Самалы» курорттық демалыс орны бар. Қыстың күні таудың таза ауасымен, қала сыртындағы саяжайда орыс моншасына түсіп, ойыңды қаланың қарбалас тіршілігінен демалуға таптырмас орын. Мұнда, «Алатау» шаңғы базасында шаңғымен тау шыңын бағындырып, таза қармен серуендегіңіз келсе, барлық жағдай жасалған. Балаларға арналған шанамен 25 метр биіктіктен төменге сырғанайтын «Бейби-лифт», адреналин алу үшін «снегоход» қар көлігін жалға алу мүмкіндігі де бар. Және де арқан жолымен жүру арқылы таудың әдемі көрінісін көріп, таңғажайып сезімге бөленесіз. Қойлайлы демалыс үшін керектің барлығы; шаңғы, сноуборд, шана, аяқкиім мен қорғаныс бас киімдерді де жалға алуға болады.

Зона отдыха «Тау самалы»
Фото: Turkistan Tourism Center

Қасқасу шатқалы

Қасқасу шатқалының сұлулығы, көз тартар пейзаждары туралы қазақстандықтар ғана емес, сонымен бірге шетелдіктер де жақсы біледі. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен туристер легі ағылады. Табиғат кереметі саналатын бұл шатқалда өсімдіктің мыңдаған түрі өседі, сүтқоректілердің ондаған түрі мекен етеді. Ал қысқы уақытта мұндай көрініс тіпті көздің жауын алады. Өңір қонақтары мұнда тек қана таза ауамен тыныстау үшін ғана емес, әдемі пейзаж аясында суретке түсіп, тамсану үшін жиі келеді. Батыс Тянь-Шань тауларының теңіз деңгейінен 1650 метр биіктікте «Eco Village Kaskasu» шипажайы орналасқан. Бұл демалыс орны да меймандар үшін таптырмас жайлы орын. Мұнда отбасыңызбен, достарыңызбен демалып, күйбең тіршіліктің қарбаласынан тынығып қайтуға болады.

Төле би таулары

Қазақстанның әсем табиғаты көркі көз тартар биік тауларға бай. Мұндай келбеті таулар Түркістан облысында да бар. Соның бірі - Батыс Тянь-Шанның солтүстік - шығыс бөлігіндегі Өгем, Қаржантау, Қазығұрт және Боралдай тау жоталарында орналасқан Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі.

горы Толеби
Фото: Turkistan Tourism Center

Сайрам-Өгем табиғи паркі Парк Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес 2006 жылы ұйымдастырылған. Парктің жалпы көлемі 150 гектарға жуық.

Сайрам-Өгем табиғи паркі аумағында 7 табиғат зонасы бар, шөлейттен бастап тау зонасына дейінгі, яғни онда өсімдіктің 1635 түрі, сүтқоректілердің 59 түрі, құстардың 300 түрі кездеседі. Олардың ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген өсімдіктер мен жануарлар кездеседі: Мензбир суыры, бүркіт, Тянь-Шань қоңыр аюы, таутеке, Қар барысы. Ұлттық парктің аумағынан Өгем, Сайрамсу, Қасқасу, Біркөлік, Бадам, Машат және Көкбұлақ өзендері ағып өтеді. Батыс Тянь-Шань тау жүйесі жабайы табиғат әлемінің қайталанбас бөлігі болып табылады. Сайрам шыңын, Қырық қыз жартасын, Мақпал көлін, Сусіңген көлін, Сазаната өзені басындағы таңбаларды көргіңіз келсе, міндетті түрде қыста осы табиғи паркке ат басын бұрыңыз.

Түркістан – бесінші буынды 5 G интернеті қосылған еліміздегі тұңғыш қала

Өңірдің тамаша табиғаты мен ерекше орындарын көргісі келген меймандар бүгінде байланыс құралдары жөнінен еш алаңдамаса болады. Себебі, жуырда Түркістан қаласы елімізде бірінші болып, 5 G интернет жүйесіне сәтті қосылды. Заманауи интернет жүйесінің іске қосылуы ондағы туризмді дамытуға да септігін тигізеді деп күтілуде. Енді Түркістан киелі әрі ежелгі қаладан бөлек, «ақылды қала» дәрежесіне де ие болды.

Әуежай, экобазар, «Түркістан- Арена», Конгресс-Холл, Rixos Turkestan, Қожа Ахмет Яссауи, Гүлдер саябағы, Керуен Сарай, Туризм және қонақжайлылық университеті сынды қала бөліктерінде 5 G мобильді интернетінің станциялары орнатылған. Интернет өткізу жылдамдығы 900-800 Мбит/с, ал қабылдау жылдамдығы 1500 Мбит/с дейін жұмыс жасайды.

Туркестан - первый город в стране с подключением к Интернету 5G
Фото: Turkistan Tourism Center

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1947776-qystyn-kuni-turkistanda-qaida-demaluga-bolady/

pixel