Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

15 сәуір – Ұлттық ғашықтар күні туралы не білеміз

Опубликовано:

15 сәуір - Ұлттық ғашықтар күні
Ғашықтар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақстанда 2011 жылдан бастап сәуір айының 15-і Ұлттық ғашықтар күні ретінде аталып өтіледі. Ел арасында бұл күнді – "Қозы Көрпеш пен Баян сұлу" күні деп те атайды. Ғашықтар күні тұрғындар арасында қалай тойланады? Неліктен ғашықтар күні мәңгілік махаббаттың символы – Қозы мен Баянның құрметіне аталып отыр? Осы және өзге сұрақтардың жауабын бүгінгі материалдан оқыңыз.

20 жыл бұрын Ғашықтар күнін әр өңір әр күні тойлатып келген

Ғашықтар күнін атап өту жайлы ұсыныс осыдан 20 жыл бұрын айтылғанын бірі білсе, енді бірі біле бермес. Massaget.kz сайты ұсынған деректерге сәйкес, сонау 1999 жылы қоғам қайраткері Дархан Мыңбай мәңгілік махаббат символы – Қозы Көрпеш - Баян сұлу күнін белгілеу туралы ұсыныс айтқан еді. Мемлекет қайраткері Қозы мен Баян күнін түрлі жастар ұйымдары, оқу орындарының студенттері мен БАҚ өкілдері атап өтуге тиіс деді. Аталған бастама көптің көңілінен шыққанымен, ғашықтар күні күнтізбенің нақты қай күнінде белгіленгені беймәлім болды. Сол себепті оны Қазақстанның әр өңірі әр күні тойлай бастаған. Мысалы, Таразда 15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні ретінде атап өтілсе, Семейде бұл күн 11 наурызбен тұспа-тұс келді, әрі Баян күні деп тойланды. Ал қызылордалықтар 19 мамырда Қозы күнін мерекеледі.

Бір қызығы, күні бүгінге дейін 15 сәуір қандай да бір құжатта белгіленбеген, сондай-ақ бұл күн ешбір тарихи оқиғаға негізделмеген. Ғашықтар күні көбіне мектептің жоғары сынып оқушылары арасында, колледж және ЖОО студенттері арасында аталып өтеді.

Қазақстанда тек 2011 жылдан бастап бұл күн мерекелік күн ретінде тойлана бастады. Мәселен, сол жылы Алматы қаласы әкімдігінің жастар саясаты басқармасы 15 сәуірді – Ұлттық ғашықтар күні ретінде өздерінің ресми шараларының қатарына қосты.

Айта кетерлігі, атаулы күнді ресми тойлатқан алғашқы жылы оңтүстік астана аспанына қағаз шамдар ұшырылған еді. Бұл шара Ғашықтар күніне орай ұйымдастырылған ең ауқымды әрі ірі іс-шаралардың бірі болды.

Ғашықтар күні келесі жылы елорда жастарының арасында да мерекеленді. Осылайша 2012 жылы елордадағы Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері махаббат күні қазақтың ұлттық "Ақсүйек" ойынын ойнап, жастар арасында ойын-сауықтық бағдарлама ұйымдастырды. Бұл жылы көкшелік жастар да Қозы мен Баян күнін Тәуелсіздік алаңында атап өтті. Бүгінде Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күні қазақ жастары арасында кеңінен танымал әрі оны тойлау аясы да жыл сайын артып келеді.

Ғашықтар
Көрнекі фото: pixabay.com

Мәңгілік махаббат символы

Ғашықтар күнінің Қозы Көрпеш-Баян сұлу күні деп аталуының өзіндік себебі бар. Өйткені қазақ халқында бұл қос жұп – мәңгілік махаббат пен кіршіксіз сезімнің символы болып қала бермек. Sputnik Қазақстан басылымы берген мәліметтерге сәйкес, Қозы мен Баян - XIII–XIV ғасырларда өмір сүрген қазақ эпосының кейіпкерлері болып табылады. Қазақ ауыз әдебиеті тарихында аталмыш жыр ең көне әрі ең көп таралған эпос болып отыр.

Ескерткіш
Фото: el.kz

Қозы-Көрпеш – Баян сұлу кесенесі қайда орналасқан?

Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданы, Таңсық ауылының маңында халық эпосының басты кейіпкерлеріне айналған – Қозы Көрпеш - Баян сұлу кесенесі орналасқан. Мазар Қазақстандағы ең көне жәдігерлердің бірі болып табылады. Кесененің нақты қай ғасырда тұрғызылғаны күні бүгінге дейін белгісіз. Ғалымдардың кейбірі оны V-X ғасырларда тұрғызылған десе, енді бірі мазардың іргетасы X-XI ғасырларда қаланған дейді.

Қазақпарат халықаралық агенттігі ұсынған мәліметтерге сәйкес, күмбездің табаны төрт бұрышты таған түрінде (сырт жағынан ауданы 7,10x7,10 м, ішкі жағынан 3,38x3,38 м), жоғары қарай сүйірленіп, күмбезделіп өрілген. Биіктігі - 11,65 метр, еденінен күмбезіне дейінгі биіктігі 4,35 метрді құрайды. Қабырғасы гранит қалақ тастан сабан аралас балшықпен қаланған, қалыңдығы - 1,86 метр.

Кірер есігі шығысқа қаратылған. Оңтүстік-шығыс қабырғасында өлшемі 0,7x0,5 метр саңылау бар (қабырғадан 2,3 м биіктікте). Қозы Көрпеш – Баян сұлу мазарының жанында төрт тас мүсін болған. Олардың кескінін ең бірінші болып 1771 жылы Г. Волошин қағаз бетіне түсірген. Тас мүсіндерде үш әйел мен бір ер адам бейнеленген. Халық арасындағы аңыз бойынша, үш әйелдің біріншісі – Баян сұлу, екіншісі – сіңлісі Айғыз, үшіншісі – апасы Айтаңсық, ер адам – Қозы болған екен. Өкінішке қарай, қазір бұл тас мүсіндер жоғалып кеткен. Ел ішіндегі аңыз-әңгіме бойынша Қозы Көрпеш – Баян сұлу мазарын және оның жанындағы тас мүсіндерді Сарыбайдың інісі Тайлақ би жасатқан деп айтылады.

Кесене 1982 жылы Қазақ КСР республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерінің қатарына еніп, мемлекет бақылауына алынған.

Ал 2013 жылы ШҚО Аягөз қаласында қос ғашыққа арналған ескерткіш орнатылды.

Кесене
Фото: qazaqstan3d.kz

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1964706-15-sauir-ulttyq-gasyqtar-kuni-turaly-ne-bilemiz/

pixel