Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тауарды ойланбастан сатып алу әдетінен қалай арылуға болады

Опубликовано:

Тауарды ойланбастан сатып алу әдетінен қалай арылуға болады
Көрнекі сурет: pixabay.com

Импульсивті сатып алу – бұл жоспарланбаған, қажетсіз сатып алу. Сіз мұны еш ойланбастан жасайсыз. Сол себепті әмияныңыздағы соңғы 5000 теңгені қайда жұмсағаныңызды білмей қалып жатасыз. Бұл – әркімнің басында болатын жағдай. Мұндайға тап болмас үшін не істеуге болатынын психолог Нұрайым Қисабекова айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қазіргі кезде маркетологтар клиентке өнімді сату үшін түрлі айла-амалдарды қолданады. Одан бөлек адамның көңіл-күйі мен мінезі де импульсивті сатып алуға әсер етеді.

Психологтың айтуынша, бұл көбінесе мазасыздықпен, өзін бақытсыз сезінумен және адамдардың пікіріне мән берумен байланысты болып жатады.

Осы орайда Нұрайым Қисабекова тауарды ойланбастан сатып алу әдетінен қалай арылуға болатын бірнеше кеңес ұсынды.

Сатып алатын мүлкіңізді және ұсақ заттардың орташа бағасын есептеңіз

"Алдымен сатып алатын мүлкіңізді және ұсақ заттардың орташа бағасын есептеңіз. Сатып алатын заттарыңызды санаттарға бөлген соң сіз оның біразын кері қайтарғыңыз келеді. Бірақ асықпаңыз! Терапия уақыты.

Қажет емес заттардың құнын есептеңіз. Егер ол сыйлық болса, құнын нөл теңге деп қойыңыз. Қалған бағалар сатып алу кезінде қандай болды, сол бойынша көрсетіңіз. Маған сенсеңіз, шыққан сома сізді таңғалдырады. Естелік үшін затты суретке түсіріп, оны қайтадан сөреге қалдырыңыз", – дейді маман.

Материалдық емес заттардың тізімін жасау

Психологтың сөзінше, ойланбастан сатып алудан аулақ болудың тағы бір тиімді әдісі – сізге қуаныш сыйлайтын материалдық емес заттардың тізімін жасау. Мәселен, балалардың естеліктері, мектептегі қызықты сәттер, отбасы және ең жақын достар, балалардың алғашқы қадамдары, дәмді бәліш, өмірлік мақсат және тағы басқа да өмірдің қарапайым қуанышқа толы сәттерін атап өтсе болады. Бақыт – ақша талап етпейтін осындай сәттерден тұрады дейді Нұрайым Қисабекова.

Әлеуметтік желісіз, гаджетсіз демалыс түрін ұйымдастыру

"Қазіргі жастардың тілімен айтқанда ретрит немесе детокс жасау. Назарыңызды мүлдем басқа құндылықтарға бағыттағанда, күнделікті өмірде сізге көп заттың қажет емес екенін байқайсыз", - дейді маман.

Заттардың қажеттілігін бағалау шкаласын жасаңыз

Психологтың айтуынша, мұны істеу үшін өзіңізге бірнеше сұрақ қою жеткілікті. Дүкен немесе базар алаңындағы "жаппай сатылым" деген бір сөзге бола тұра жүгірмеңіз. "Барлығы сатып алып жатыр, бұл маған да керек! Мен арзандатылған бағаға үш зат алдым". Сіздің мақсатыңыз – осылай ойлауды тоқтату. Бір сәт ой елегінен өткізу үшін тоқтаңыз. Зат неғұрлым қымбат болса, соншалықты кідірген жөн дейді Нұрайым Қисабекова.

Өзіңізде бар барлық заттың тізімін жасап қойыңыз

Осыдан кейін бәрін мынадай төрт санатқа бөлу қажет:

  • үнемі қажет;
  • кейде қажет;
  • қажет емес, бірақ ұнайтын заттар;
  • пайдасыз заттар.

Артынша сіз заттарды екінші және үшінші санаттарға қаншалықты әділ орналастырғаныңызды ойланып көргеніңіз дұрыс болады, әдетте бұлар ең даулы санат және сол жерден көп нәрсе төртіншіге ауысуы әбден мүмкін, дейді маман.

Писхолог төртінші санаттағы заттарға жұмсалған ақша мен уақытты есептеп, ол заттарды кері қайтарған абзал деген пікірде. Айтуынша, келесі жолы сіз бірдеңе сатып алмас бұрын ойланатын боласыз. Бұның барлығын бір уақытта немесе бірден жасау міндетті емес дейді ол.

Сатып алуды кейінге қалдырыңыз

"Егер сіз шұғыл түрде қажет емес, бюджетіңізде қарастырылмаған және сіздің қажеттілігіңізге кірмейтін нәрсені сатып алғыңыз келсе, "бұл зат маған керек пе" деп өзіңізге сұрақ қойыңыз. Әрине, мұндай сұрақ импульсивті сатып алудан құтқармайды. Сондықтан заттың құнына байланысты сатып алуды бір аптаға, тіпті бір айға кейінге қалдыру ережесін ұстанған дұрыс", - дейді маман.

Басымдықтарға мән беріңіз

Психологтың сөзінше, пайдасыз зат сатып алудан аулақ болудың соңғы жолы – бейтаныс адамның сынағы деп аталады.

Мысалы, бейтаныс адам сізге сатып алғыңыз келетін заттың құнымен пара-пар қаражат ұсынды деп елестетіңіз. Сонда сіз нені таңдар едіңіз: ақшаны ма, әлде затты ма? Сіз бұл ақшаны басқа нәрсеге жұмсаған дұрыс екенін түсініп, соңғы сәтте ойыңызды өзгертуіңіз де мүмкін дейді Нұрайым Қисабекова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1977389-tauardy-oilanbastan-satyp-alu-adetinen-qalai-aryluga-bolady/

pixel