Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Нәпсіні тыю үшін не істеу керек: Имам кеңесі

Опубликовано:

Нәпсіні тыю үшін не істеу керек
Нәпсіні тыю үшін не істеу керек: pixabay.com

Көптеген адам нәсіпіні тыюға қатысты түрлі қағидаттарға сеніп жатады. Алайда мамандардың аталған мәселеге қатысты өз айтары бар. Осы орайда KAZ.NUR.KZ нәпсіні тыюға қатысты амал-кеңестерді назарларыңызға ұсынады.

muftyat.kz сайтында жарық көрген Өскемен орталық мешітінің бас имамы Бауыржан қажы Нығызбекұлының мақалаласына сәйкес, нәпсіні тізгіндеп, иманды сақтау үшін бірнеше амалды жүзеге асыруға болады екен:

  1. Нәпсіні тойымсыз қалаулардан шектеу. Мысалы, адам баласы тамақ, ұйқы, күлкі сынды істерден өзін шектемесе болмайды. Адам тамақты жеген сайын, ұйқыға басқан сайын оған "көмектесе" береді. Имамның айтуынша, тамақ пен ұйқыны өз өлшемі бойынша шектемесе қалау деген нәрсенің шегі болмай қалады.
  2. Шынайы ниетпен құлшылық амалдарды орындау. Алла Тағала Құранның "Анкабут" сүресінің 45-аятында: "Расында намаз – адам баласын арсыздықтан және жамандық атаулыдан (теріс қылықтардан) тыяды" дейді. "Шын мәнінде, адам баласы шынайы ниетпен Алланың бұйырған амалдарын орындайтын болса, оның осы ізгі іс-амалы нәпсі қалауын жамандықтардан құтқарады",-дейді қажы.
  3. Тақуа адамдармен бірге болу. Лұқман Хәкім ұлына: "Балам! Ғалым адамдармен бірге бол және олардың сұхбатынан қалмауға тырыс! Өйткені Алла Тағала жаңбырмен топыраққа нәр бергені сияқты, хикмет нұрымен жүрекке нәр береді" деген екен. Имамның пікірінше, ізгі кісілермен сұхбаттасу жүрекке нәр береді. Олардың жақсы әдеттерін үйренесің. Осылайша, нәпсіңді тәрбиелейсің. Ізгі ғұламалар былай деген екен: "Кемелдікке жету үшін адам баласына төрт-ақ нәрсе керек: аз ішіп-жеу, аз ұйықтау, аз сөйлеу және көпшіліктен бөлініп, оңашалану".
  4. Құранды көп оқу. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Кімде-кім Алланың кітабынан бір әріп оқыса бір сауап алады, ал бір сауап он сауапқа тең..." деген. Расында Құран Кәрім – жақсылық пен ізгіліктің, игілік пен берекенің бастауы. Құран оқылған, оған амал етілген үйге жақсылық келеді, Алланың берекеті болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: "Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар..." деп өсиет еткен екен. Хадистердің тағы бірінде "Құран оқу – көңілдің шипасы" делінген. Адам баласы Құран оқу арқылы иманын күшейтеді. Осылайша нәпсісін тізгіндеп, жамандыққа жуымайды.
  5. Алланы көп еске алу. Адам баласының ойы мен уайымын осы өмірдегі сынақтар мен өмір тауқыметі алаңдатпай қоймайды. Ал пенде Алланы еске алу арқылы жүрегі тыныштық табады. Құран Кәрімде: "Естеріңде болсын,  Алланы еске алумен жүректер жай табады" («Рағыд» сүресі, 28-аят) делінген. Алланы көп еске алған адам нәпсі қалауына ерік бермейді.

Нәпсіні тыю әрі одан бойын аулақ ұстау - әр адамның өз қалауы мен еншісінде. Сол себепті қай кезде де адамдықтан аттамай, бойыңызды теріс әдеттерден сақтаған абзал.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1992535-napsini-tyyu-usin-ne-isteu-kerek-imam-kenesi/

pixel