Кемел жастағы ер адамдар қандай әйелге назар аударады
Жарияланған күні:
Жастың ұлғаюы мен тәжірибе ер адамның мінез-құлқына әсер етеді. Жыл өткен сайын ол уақытты бағалай бастайды, беделін құрметтейді және өз өмірі үшін жауапкершілікті алуға дайын болады. Бұл оның сезімі мен ғашық болуына қалай әсер ететінін Elle тілшілері, Marie Claire және психолог Александр Шахов тарқатып берді.
Кемел жастағы ер адамдар қалай ғашық болады және оның ғашық екенін қалай байқауға болады?
Кемел жастағы ер адамдар махаббат, құмарлық пен керемет сезімге бөленуге қабілетті. Алайда ғашық болған ер адам өзін 18-20 жастағы бозбаладай ұстамайды. Дүр жігіттер қалай ғашық болады? Олар жаңа махаббаттың тұңғиығына бойлап, тыныш және дұрыс қарым-қатынасты іздейді.
Elle журналы сарапшыларының пікірінше, әдетте ер түлегі әлеуеті жоғары серігін ұзақ уақыт бойы қарап жүреді. Ол әйелдің сыртқы келбетін ғана емес, мінезін, жеке қасиеттерін де бағалайды. Егер таңдаған аруымен ұқсастық басым болса, оған деген қызығушылығы оянса, ер адам оның жүрегін жаулап алу үшін батыл қадам жасайды әрі қамқор болатын өмірлік серігіне айналады.
Кемел жастағы ер адамның ғашықтық сезімі әр түрлі болып көрінеді. Олардың кейбірі таңдаған қызының жүрегін жаулау үшін сыйлық пен мақтау сөзді үйіп-төгуі мүмкін. Енді бірі жүреген жаулаған аруды көрген сәтте абдырап, ұяла бастайды және әрбір сөзінен жаңылысып қала береді. Ал тағы басқалары сезімін әбден жасырып, эмоцияға ерік бермейді. Ондай ер адамдар көбінесе үлкен толқуды бастан кешеді, дегенмен сыртқы кейпін сабырлы етіп ұстайды. Оның ғашық екенін сезімі туралы ұсыныс білдірген сәтінде ғана білуге болады. Лайф-коуч және мансап стратегі Фрэнки Паскуа-дела Пасионның айтуынша, кемел жастағы ер адамның ғашықтық күйі мынадай болады:
- Ол әйелді тек құштарлық қалауы ретінде ғана емес, сонымен қатар дос, әңгімелесуші, жан жары секілді көреді.
- Ол сүйіктісін мұқият тыңдайды, сезгіштік танытады және оны аз сынайды.
- Әрекет етеді, құр сөзбен уәде бермейді.
- Сүйіктісімен көбірек уақыт өткізуге тырысады.
- Таңдаған аруына мұқият қарайды, сүйіктісінің қалауын орындауға тырысады.
- Оны қадірлейді, қорған болады.
- Әйелді мұқатпай жанжалдарды шешуді біледі.
- Ол әйелдің кемшілігін қалыптасқан әдет ретінде қабылдайды және оны түзетуге тырыспайды.
Ер адам әйелге қанша уақытта үйренеді? Бұл сұраққа біржақты жауап жоқ. Көбінесе позитивтік жағдайлардың көптігіне және таңдаған адамының оған тудыратын жайлылық сезіміне байланысты болады.
Кемел жастағы ер адамдар әйелден не іздейді?
Кемел жастағы ер адамдар қыздың дене бітіміне немесе тартымды келбетіне құмарлықпен қарап, өртеніп-жанбайды. Олар үшін көзі түскен қыздың жеке қасиеттері бірінші орында тұрады. Психолог Александр Шахов 35 жастан асқан ер адам үшін әйелдің тыңдау, қолдау және шабыт бере білетін қабілетінің болуы маңызды екеніне сенімді. Сондай-ақ олар әйелдің өзіне деген сенімділігіне, адамгершілік қасиеттеріне, өзін-өзі бағалауына, нәзіктігіне, ішкі күшіне, әзіл-оспақты түсіне білуіне назар аударады. Ол үшін серігімен ортақ мүдделердің болуы, оның жанында өзін жайлы сезінуі, рухани жақындықтың үйлесім табуы маңызды.
Ер түлегі неліктен жас қыздарға құмартады? Marie Claire журналының сарапшылары кемел шақтағы ер адамдардың жас қыздарға ғашық болуының себебін былай түсіндірді:
- Сыртқы тартымдылық. Жастық, жас қыздардың табиғи сұлулығы ер адамды өзіне баурайды, нәзіктікті, оларды қорғауға деген ынтасын оятады.
- Үстемдік пен басқарып отыруды қалау. Көптеген ер адам бейсаналы түрде көшбасшылық позицияда болуға ұмтылады және айналасына үстемдік етуге тырысады. Әйел өзін-өзі қамтамасыз ете алатын, білімді, тәжірибелі болса, оны басқару, әмір ету мүмкін емес. Жас қыздарда әлеуметтік мәртебенің, табысты мансап пен жоғары еңбекақының жоқтығы ер адамға өзінің артық тұстарын сезінуге және өз эгосын алдап қоюға мүмкіндік береді.
- Анасының жас кезіне ұқсайтын қыз табуға тырысады. Marie Claire журналының мәліметі бойынша, кемел жастағы ер адамды көбінесе көзі немесе шашының түсі анасына ұқсайтын әйелдер қызықтырады. Ол үшін бұл өзінің "ішкі жан-дүниесіндегі баланың" көңілін аулауға және алаңсыз, бақытты болған сәтінде өткен шақтарға оралуға мүмкіндік болмақ.
- Бейсаналы түрде жастық шаққа оралуға деген ниет. Жас қыздар ер адамды аңғалдығымен, шытырман оқиғаға баруға, тәуекел етуге және бақытты сәттерді, күтпеген жағдайларды немесе жақсы көңіл-күйді табуға дайын тұратындығымен тартады. Бұл ер адамға өзін жас, күш-қуаты тасыған және ерлік жасауға дайын секілді сезінуге ықпал етеді.
Егде жастағы ер адамдардың жас қыздарға ғашық болуының тағы бір себебі артынан ізбасарын қалдыру ниетімен байланысты болса керек. Жастық шағында жігіттердің басым бөлігі ақшаның, баспананың жоқтығынан, мансап қуу немесе табысты кәсіп ашуға деген ықыластан отбасын құрғысы келмейді. Өзінің қалаған дүниелеріне қол жеткізгеннен кейін ер адам бала туралы ойланады және бейсаналы түрде бұған сай келетін, жас әрі физикалық жағынан сау әйелді таңдайды.
Кемел жастағы ер адамдардың ғашық болып қалуы жас жігіттерден кем болмайды. Алайда олар жас кезіндегіге қарағанда байсалды және ақылмен әрекет етеді. Ондай ер адамдар әдемі келбеттің артынан жүгірмейді, бірақ өмірін байланыстыратын әйелден рухани үндестік іздейді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2005334-kemel-zastagy-er-adamdar-qandai-aielge-nazar-audarady/