Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Аптасына кем дегенде бір күн ораза тұту абзал болмақ": ҚМДБ өкілі Ережеп айына қатысты 4 пайдалы кеңес ұсынды

Опубликовано:

Құран кітабы
Құран кітабы. Көрнекі фото: pixabay.com

Осы аптада мұсылман халқы үшін маңызды болып саналатын Ережеп айы басталды. Осы орайда Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов Ережеп айына қатысты пайдалы кеңестерді ұсынды, деп хабарлайды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми сайтында.

Бақдәулет Абдрахмановтың айтуынша, Ережеп айы – Алла Тағаланың соғысуға, қан төгуге тыйым салған Зұлқағда, Зұлхижжа, және жыл басы Мұхаррам айларының қатарына кіреді.

Сонымен бірге Ережеп пен одан кейінгі Шағбан айлары – айлардың сұлтаны Рамазанды сүйіншілеп келетін ай, яғни қасиетті Рамазанға дейінгі екі ай – оразаға дайындық кезеңі. Себебі күллі мұсылман баласы өзге айларға қарағанда осы Ережеп пен Шағбанда нәпіл оразаға көп көңіл бөледі екен.

Осы орайда ҚМДБ өкілі Ережеп айына қатысты төмендегідей пайдалы кеңестерді ұстануға шақырды.

Бақдәулет Абдрахмановтың сөзінше, біріншіден, Ережеп пен Шағбан айларында адамдар Рамазан айына рухани және физикалық дайындықты күшейтуі тиіс. Бұл ретте денсаулыққа көңіл бөліп, иманның да, дененің де иммунитетін барынша көтеріп алған жөн.

"Мүмкіндік болса, дәрігерге көрініп, асқазан, ішек жолдарын тексеріп алған жөн. Биыл ораза көктемнің ортасында басталатындықтан авитаминоз, яғни ағзадағы витамин жетіспеушілігі жиі мазалайтын уақытқа дөп келіп тұр. Осы орайда ағзаңызға қажетті дәрумендерді, құнарлы тағамды уақытылы ішіп, ыңғайы келсе дүйсенбі мен бейсенбі күндері немесе аптасына кем дегенде бір күн ораза тұту абзал болмақ.

Ал рухани дайындыққа ораза жайлы нақты мәліметтерді білу, Құран кәрімді оқу, білмесе оны үйрену, кәлима шәһадат, салауат, истиғфар дұғаларын көбейту, ағайын-туыспен, отбасымен, достармен байланысты жақсарта түсу, ренжіскенмен татуласуды жатқызамыз", - дейді ол.

Екіншіден, жоспар құру. Бақдәулет Абдрахманов кез келген істе жоспар құрып, соған сай қарекет қылу, ал нәтижесін Алладан күту – ізгілердің сипаты екенін жеткізді.

"Рамазанның рухани дүниеңізге берері мол болуы үшін жоспарыңыз да жақсы болмақ керек. Ораза уақытында қайда болатыныңыз және немен айналысатыныңызға қарап жоспарды екшеп алған дұрыс. Хадистерде "Ең қайырлы садақа – Рамазан айында берілген садақа" деп айтылғандай, қазірден бастап қайырымды істердің тізімін жазып, оған қажетті қаражат, дүние-мүлікті түгендей беріңіз.

Бес уақыт намазыңызды барынша мешітте, ең болмағанда жамағатпен өткізуді дағдыға айналдырыңыз. Ораза тұтқандарға ауызашар беру мен тарауық намазынан қалмауды ерекше көрсетіп, астын сызып қойыңыз", - дейді діни басқарма өкілі.

Үшіншіден, осы айда қасиетті түндерге көңіл бөлу керек. Яғни мұсылмандарда Ережеп айының 26-сынан 27-сіне қараған түні Миғраж, ал Шағбан айының 14-інен 15-іне қараған түн Бараат түні болып саналады. Ислам ғұламалары Бараат түнін Рамазан айындағы Қадір түнінен кейінгі ең ұлық түн деп есептеген. Ал Миғраж кеші пайғамбарымыздың Алла Тағаланың қалауымен көкке көтеріліп, ғажайыптарға куә болғаны себепті мұсылман үмметі үшін қастерлі уақыттың бірі.

"Яғни бұл түндерді де бос жіберіп алмай, шама келгенше құлшылық етіп өткізу Рамазан айындағы мың айдан да қайырлы Қадір түніне дайындық іспеттес. Оның үстіне Миғраж бен Бараат түні белгілі болса, Қадір түнінің нақты қай күн екені белгісіз. Алдыңғы екі айдың түндерінде тұрып намаз оқыған, сәресіні ішкен адамға Рамазанның соңғы түндері жеңіл болмақ", - дейді Бақдәулет Абдрахманов.

Төртіншіден, ескі әдеттерден, күнәлардан арылу. Бақдәулет Абдрахмановтың сөзінше, қазіргі таңда адам баласының бір нәрсені әдетке айналдырып алуы үшін 21 күн жеткілікті екенін, ал оны 40 күн қайталаса бойына сіңіріп алатыны жөнінде тұжырым айтылып жүр.

"Ал ислам ғұламалары жақсы әдет қалыптастыру үшін 90 күн қажет дейді. Демек, мұсылмандар үшін маңызды үш ай – жақсы әдеттер қалыптастырып, жаман әдеттен арылуға берілген мүмкіндік. Нәпсісін жеңуге басқа айларда шамасы келмеген адам, осы тоқсан күнді пайдаланып қалғаны жақсы. Күн сайын Алла Тағаладан Ережеп пен Шағбан айларының берекесін сұрап, рамазанға аман жеткізуді тілеуді де ұмытпағанымыз жөн", - дейді Шымкент қаласының бас имамы.

Бақдәулет Абдрахмановтың қорыта келгенде, мұсылманның рухани өмірінде үлкен маңызға ие Рамазан айын пайдалы өткізу, баға жетпес нығметке бөлену алдыңғы екі айдың қалай өткеніне тікелей байланысты болмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2006975-qmdb-okili-erezep-aiyna-qatysty-4-paidaly-kenes-usyndy/

pixel