Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Наурыз мерекесіне арналған құттықтаулар: әдемі жазбалар мен өлең жолдары

Опубликовано:

Көктемде гүлдеген ағаштар
Көздің жауын алатын көктемде гүлдеген ағаштар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Наурыз - Қазақстанда дәстүрлі түрде тойланатын мейрам. Бұл күні ренжіскен жандар бір-бірін кешіріп, ақ дастарқан басында жылы лебізі мен тілектерін айтуды әдетке айналдырған. NUR.KZ порталы мерекеде жақындарыңызға ерекше құттықтауға арналған әдемі тілектер мен жыр жолдарын назарға ұсынады.

Қазақстан Республикасында Наурыз мейрамы ресми мемлекеттік мереке болып саналады және оны тойлау әдетте ерекше ауқымда өтеді. Мерекеге орай жақын жандарға сыйлық сыйлап, тілек айту дәстүрі бар. Наурыз мейрамына байланысты қандай құттықтаулар айтуға болады? Мына тілектер тізбегі сізге бағалы адамдардың көңілінен шығатыны анық:

Шуақты Наурыз мерекесінде жүрегіңізге көктем келсін! Өміріңіз жылдың осы бір таңғажайып мезгілі іспетті гүлденсін! Үйіңізге береке, жайлылық, жылылық тілеймін. Ешқашан мұңаймаңыз, өкінішсіз ғұмыр кешіңіз, бақытты әрі жан-дүниеңіз бен ойыңыз таза болсын!

Сізді көктемнің келуімен және Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Жүрегіңізде мұң мен реніш, өкініш қалмасын. Бәріңізге сүйіспеншілік пен өзара үйлесім тапқан сезім тілейміз. Жаныңыз гүлдей жайнап, бүкіл әлемді өз түстеріңізбен безендіріңіз. Үйіңізге бақыт, жылылық, жайлылық пен жақсылықты шақырыңыз.

Жер-жаһанның жаңаруы көктем мерекесімен тұспа-тұс келеді. Жаңа тіршілік басталып, барлық жерде және табиғат қайта гүлдейді. Наурыз мейрамымен бірге жаңа дүниелер, сергектік, қуаныш сезімі келеді. Көктем мерекесі қытымыр қыстың суығынан қажыған жанды нәзік бояулармен жұмсартады, жүректерге махаббат пен қуаныш ұялатады.

Наурыз айы көрсетілген күнтізбе
2023 жылдың Наурыз айы көрсетілген күнтізбе. Көрнекі сурет: NUR.KZ

Наурыз мейрамы құтты болсын! Бұл мереке сізге шуақты күндер мен жағымды сәттер сыйласын. Қолға алған барлық бастама жүзеге асып, армандар орындалсын деп тілеймін. Өміріңізде қуаныш, позитив, бақыт және өркендеу болсын!

Қымбатты жақындарым, сіздерді Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Бәріңізге шын жүректен бақыт пен махаббат, денсаулық пен жақсылық, думан-той мен тамаша сыйлықтар, әдемі әндер мен жанға жағатын сазды әуен, мағыналы ғұмыр тілеймін.

Наурызда үйіңізден нұр кетпесін, терезеңізді бақыт қағып, көктегі күн көктемнің басталуын хабарласа екен деп тілеймін. Жүрегіңіз бен жан-дүниеңізде жылылық өмір сүрсін. Құттықтаймын!

Көктемнің шуақты мерекесі - Наурыз құтты болсын! Бұл мейрам Шығыстың Жаңа жылы болғандықтан, шығыстан соққан жел сәттілік әкелсін, жыл басы берекелі, табысты болсын! Шаңырағыңызға бақыт, шаттық тілеймін. Дастарқаныңыздан береке кетпесін!

Құрметті мұсылман бауырлар! Бүгін біз отбасымызға және достарымызға бұрынғыдан да жақындай түсетін ұлық Наурыз мерекесін тойлаймыз. Алла Тағала осынау ұлық күнде жүректеріңізді мейіріммен нұрландырып, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық көрсетейік. Ойлаған жоспарлар толық орындалып, денсаулық мықты болсын, қаржылық әл-ауқат нығая түссін.

Әз-Наурыз құтты болсын! Жемісті жыл тілеймін! Жерге егілген әрбір дән мол өскін беріп, кез келген бастама оң нәтижесін берсін. Шуақты мереке өмірді нұрлы әрі қызықты еткей! Дастарқан басына жиналған достардың көңілді әні мен шынайы күлкісі естілсін, ал жұмыста сәттілік болсын. Бақыт, береке, денсаулық тілеймін!

Құтты Наурыз жақсылығымен келсін! Ұлыстың ұлы күні:

  • үйіңізге тыныштық пен береке;
  • отбасына бақыт пен амандық;
  • жүрекке қуаныш пен шабыт;
  • жан-дүниеңізге үйлесімділік әкелсін.

Сізге махаббаттың жарқын түсі мен үкілеген үміттің орындалуын тілеймін.

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі құтты болсын! Әрбір адамның үйі ғана емес, өмірі де ретке келсін, жан тыныштығы мен толық үйлесімділікке жетуін тілеймін. Күндеріңіз сәтті, берекелі өтсін. Берекелі дастарқаныңыз жиылмасын! Сізге және туыстарыңызға ұзақ ғұмыр мен денсаулық тілеймін!

Наталья Цветкова "Книга поздравлений" атты кітабында мерекеде денсаулық пен бақыт тілеуден әрі аспайтын үйреншікті тілектерден бөлек жүректен шыққан сөздерді айтуға кеңес береді. Жазушының жылы лебіздерін Наурыз мейрамына арналған тілектерге қосуға болады.

Қызғылт түсті қызғалдақтар
Жайқалып тұрған қызғылт түсті қызғалдақтар. Көрнекі сурет : pixabay.com

Наурыз мерекесінде қандай өлең жолдарымен құттықтауға болады?

Өлеңмен жазылған тілектерді оқу және қабылдау жеңіл, сондықтан да поэзиялық туындылар тез танылады. Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың Наурыз мерекесіне арнап жазған жыр шумақтарын ұсынамыз:

Наурыз-думан

Наурыз айы туғанда,

Той болушы еді бұл маңда.

Сақталушы еді сыбаға,

Сапарға кеткен ұлдарға,

Наурыз айы туғанда.

Наурыз, наурыз, күн игі!

Күні игі жердің - түрі игі.

Бауыры жылып науат-қар,

Бабымен ғана жібиді.

Шашылып ырыс шанақтан,

Шақырып бір үй бір үйді,

Шаттанушы еді бір игі.

Осынау игі кең жерге,

Наурыз айы келгенде,

Наурыз тойын бергенде,

Көрмегендер де - арманда,

Арманда - оны көрген де.

Келіп ем өмір - орманға,

Наурыз айы келгенде.

***

Ақпан кетті араз боп наурызбен,

Наурыз жүр жоғалған бағын іздеп.

Көктем жетті көрісіп, жанын үзген,

Қыс аттанды қоштасып тағы бізбен.

Көктем жетті көл-көсір шуақ қуып,

Қыс барады қиылып, жылап тұрып.

Шатырында үйлердің наурыз жүр,

Мұз көргісін ақпанның лақтырып.

Тозған тонын бойына кие алмай бір,

Қайда барса қарт Аяз сыя алмай жүр.

Асқар таулар атасын шақырады,

Ой мен қырын атасы қия алмай жүр.

Қарар емес наурыз атағына,

Алар емес ақпанды қатарына.

Күні бойы жылаған қарт пенденің,

Түні бойы мұз тоңды сақалына.

Кел, Наурызым!

Мұзафар Әлімбаев

Кел, наурызым, шық төріме думандат!

Жұрт қарасын бейнетіңе қайран қап.

Табиғаттың тұмса шағы тамсантып

Халқым да бір жадырасын сайрандап.

Кел, наурызым, самалыңмен еркелет,

Қырға шығар жамағатты жетелеп.

Бала біткен болып жүр ғой мәз-мәйрам,

Наурыз келген, көктем келген екен деп.

Кел, наурызым, берекелі жыл басым,

Мәңгілікке замананың құрдасы.

Жылда мені қуанышқа бөлейсің,

Ғасырлардың және менің сырласым.

Кел, наурызым, бұла күшім, балғыным,

Сен келгенде қашар менен қайғы-мұң.

Құдіретің бар жаңғыратын ғаламда,

Сондықтан да асқақ сенің айбының.

Кел, наурызым, көргенің көп көнесің,

Жия алмаған кездер болды ел есін.

Бұқпантайлап қарсы алатын өзіңді,

Кездер болды ұмытпайсың, білесің.

Кел, наурызым, ортаймайтын ырысың,

Тәуелсіздік және өзің тынысым.

Жалғастырып ұрпақтарды ұрпаққа,

Аралай бер сәнге бөлеп ел ішін.

Наурыз парасаты

Мұхтар Шаханов

Айналаңнан жаңа көктем лебі ескен,

Бұл кезеңде күн менен түн теңескен.

Сан ғасырлық ата-баба салтына

Көпір болған Наурыз өзің емес пе ең?!

Таулы, таусыз жерімнің,

Өзен, теңіз, көлімнің

Жаса ұлы Наурызы

Жаңа жылы елімнің.

Қуат жиса пәктігің,

Асқақтайды шоқтығың.

Тамыр алмай тарихтан

Мазмұнданбас шаттығың.

Жүріп жатыр ерлік, ездік жарысы,

Наурыз нағыз сәулелі ойлар қонысы.

Наурыз сайын ағаш егу, гүл егу

Әр адамның табиғаттық борышы.

Наурыз парқы - өз санаңды өсіру,

Пенделікті ізгілікке көшіру.

Өткен жылы өкпелесең біреуге

Сол өкпеңді дархандықпен кешіру.

Ұлыс күні

Мақсұт Неталиев

Су жылтырап бүрін ашқан жас талдан,

Бу бұрқырап қатып қалған тастардан.

Күн күркіреп, жасын ойнап аспаннан,

Бар тіршілік Наурыздан басталған!

Ел де тыныш!

Жер де тыныш бұл күні,

Көреміз тек қуаныш пен күлкіні.

Табысқан жұрт таныс тауып жатады,

Жамалғандай жүректердің жыртығы.

Саф тыйылып Сарыарқаның бораны,

Күн өрлейді күмбезінен жоғары.

Наурыздың жиырма екісі толғанда,

Тоғысады тоғыз жолдың торабы...

Жылғалардан су аққанда сырғанап,

Шаң-тозаңнан тазарады нұрлы алап.

Толтырады шаңырақтың шаттығын

Наурызбай, Ұлысжандар іңгәлап.

Жалғасады жақсылықтар - "Иә, сәт!"

Қарлығаштар үй сыртына ұя сап.

Жүрсе бақыт қонатынын хабарлап,

Бұлт көшеді ақ жаңбырын құя сап.

Жат боп бұрын бастары ешбір қосылмай,

Жүрген жандар таныс тапса досындай.

Ол - осынау Наурыздың арқасы

"Ұлыс күннің" шапағаты осындай!

Наурызда тек әдемі тілектер ғана емес, сонымен қатар туыстарыңыз бен достарыңызға тосынсыйлар жасауға да болады. Ал қандай сыйлық ұсынуға болатыны жайлы ойланып жүрсеңіз, "Лучшие поздравления и подарки на все случаи жизни" кітабының авторы Игорь Кузнецовтың кеңестері жақсы идея туындатады.

Наурыз мерекесінде жақындарыңызды өлең жолдарымен және әдемі сөздермен құттықтаңыз. Себебі Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесінің негізгі мақсаты адамдарды бір арнаға біріктіру, бір-біріне мейірімділікпен қарау арқылы жылылық сыйлау болса керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2012483-nauryz-merekesine-arnalgan-quttyqtaular-ademi-zazbalar-men-olen-zoldary/

pixel