Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Достар туралы әзілдер: жақсы көңіл-күй сыйлайтын анекдоттар топтамасы

Опубликовано:

Шар ұстаған қыз
Шар ұстап тұрған қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Әзіл қоғаммен бірге өмір сүретін құбылыс. Ол тілге, ұлттық дүниетанымға, айналада болып жатқан жағдайларға байланысты туындайды. Әзілдің шымшыма, өткір әзіл, жарасты әзіл, жеңіл әзіл секілді түрлері бар. Ал бұл жазбамызда достар арасында көңіл көтеру мақсатында айтылатын зілсіз әзілдер топтамасын ұсынамыз.

Қазақ халқында құрбы-құрдастың әзіліне ренжу – ұят деген түсінік қалыптасқан. Достық әрі өткір әзілге өкпелеп, теріс бұрылып кетіп қалу азаматтыққа сын деп есептелген. Қазақ ақын-жазушылары айтқан әзілдер де бүгінгі күні әдемі естелік болып жазылып жүр. Тіпті мұндай әзілдер лингвистикалық тұрғыда зерттеуді қажет етеді деуге болады.

Ақын-жазушылар мен ғалымдар арасында айтылған қандай достық әзілдер бар?

Бір жиналыста белгілі ғалым Ысқақ Дүйсенбаевтың артқы жағындағы орындыққа Сырбай Мәуленов отырып қалыпты. Сонда Сырбай ақын Ысекеңнің бітімін меңзеп:

Желке жағы жеті адыр, Жылқы жайсаң жеткендей. Төбе жағы тап-тақыр Тайлақ тайып кеткендей, - деп әзілдеген екен.

***

Үлкен ұлықтық лауазымға қолы жеткен бір адамның жақын досы оның қуанышына құтты болсын айта келген екен. Бірақ ұлық болған досы мұрнын шүйіріп, өп-өтірік танымағансып:

– Иә, сен өзің кімсің осы? Маған келе бердің? - депті.

Күні кеше ғана сыйласып, араласып-құраласып жүрген адамының аяқ астынан бүйтіп құбылып шыға келгенін көрген досы:

Жұрт сені осы таяуда екі көзінен айрылып, соқыр боп қалды деген соң, әдейі халіңді білгелі келіп едім, - депті.

***

Баяғыда Қарағанды облысында қазақ әдебиетінің күндері өтетін болып, бір топ қаламгерлер ел аралап, жер көріп дегендей, осы облыста қонақ болып қайтады. Араларында Қалтай Мұхамеджанов, Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Қалмұқан Исабаев, ақындар Сабырхан Асанов, Темірхан Медетбек, тағы басқалар бар екен. Қалмұқан қайда жүрсе де қуақы тіл, қалжың сөзімен қаламдас достарын күлкіге кенелтіп жүреді екен. Үшінші күні астаналық меймандар екі топқа бөлініп, бірі Егіндібұлақ, енді бірі Тельман ауданына баратын болып келісіледі. Кімді қай жаққа бөлерін білмей, облыс басшылары дағдарып тұрған кезде Қалмұқан Исабаев топ ортаға шығыпты да:

— Қалмұқан, Қалихан, Оралхан, Темірхан, Сабырхан сияқты "хандар" мынау автобусқа отырыңдар! Ал Қалтай, балтай, шалтайлар анау автобусқа барсын! - деп жұртты тағы да ду күлкіге батырыпты.

Қалам мен қойын дәптер
Үстел үстіндегі қойын дәптер мен қалам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Марк Твен қандай әзілдер қалдырды?

Әлем әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған америкалық жазушы Марк Твен әзілді ерекше жеткізе білген. Бірде газетте жұмыс істейтін Марк Твенге "Шошқа" деген бір ғана сөз жазылған анонимдік хат келеді. Келесі күні ол газет бетінде бұл хабарламаға былай деп жауап берді: "Әдетте маған қолтаңбасыз хаттар келеді. Кеше алғаш рет хатсыз қолтаңба алдым". Жазушы жазған әзілдер көп. Ал марк Твен достық тақырыбында қандай әзілдер қалдырды?

Достық деген соншалықты қасиетті, тәтті, мәңгілік және тұрақты сезім, егер сіз қарыз сұрамасаңыз, әрине оны өмір бойы сақтауға болады.

***

Джимнің айтуынша, аралар ақымақтарды шақпайды, бірақ мен бұған сенбеймін; мен мұны өзім талай рет сынап көрдім, бірақ олар мені шаққан жоқ.

***

Адам – қызаратын жалғыз жануар және оған себеп бар.

***

Марк Твен бір досына: "Мен он төрт жасымда әкемнің ақымақ болғаны сонша, мен оны әрең көтердім, бірақ жиырма бір жасымда бұл қарияның соңғы жеті жылда қаншалықты өскеніне таң қалдым", - деген екен.

Смайлик суреті салынған пернетақта
Смайлик суреті бейнеленген пернетақта. Көрнекі сурет: pixabay.com

Достар арасында қандай әзілдер айтуға болады?

Әлеуметтік желіде: "Сіз мына адамдарды білуіңіз мүмкін" деген тізім жиі шығады. Әрине, мен оларды танимын, сондықтан да достар тізіміне қоспаймын.

***

– Сәлем досым, маған қарызды қашан қайтарасың?

– Жора арқылы беріп жіберейін, ол тез жеткізеді.

– Жоқ, Жорадан беріп жіберудің керегі жоқ, оған өзім де қарызбын.

***

Екі достың әңгімесі:

– Кейде мен сені жынды деп ойлаймын.

– Кейде дейсің бе?

– Иә, кейде. Басқа уақытта мен бұл ойыма еш күмәнданбаймын.

***

Кездескен екі достың бірі екіншісіне:

– Бүгін түсімде Күлшеқыз болып рингте Майк Тайсонға қарсы шығып жатқанымды көрдім. Ал ол маған: "Күлшеқыз, есіңде болсын, сағат 12-ден кейінгі соққыдан соң сенің басың асқабаққа айналады", - деді.

***

Расында, адамның ең жақын досы – ит. Сенбейсіз бе? Онда мына тәжірибені қолданып көріңіз:

Көліктің жүксалғышына ит пен әйеліңізді бірге жауып қалдырып кетіңіз. Бір-екі сағаттан кейін қайта ашыңыз. Сізді көрген кезде қайсысы қуанады деп ойлайсыз?

Көңіл-күйлері көтеріңкі құрбылар
Жағажайда әзілдері жарасқан арулар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Бір студент әлеуметтік желідегі достарының жазбаларын оқып, философиядан өте жақсы баға алыпты.

***

Екі құрбы дәмханада отыр. Бірі екіншісіне қарап:

– Ана кемпірлерге қарашы, енді 10 жылдан кейін біз де сондай боламыз, - деді. Екіншісі:

– Ақымақ қыз, ол айна ғой!

***

Сіз желілік маркетингпен айналысып кетсеңіз де, әлі күнге дейін амандасатын жандарды нағыз дос деп айтуға болады.

***

Екі құрбы телефонмен сөйлесіп отыр:

– Жасым 30-ға таяп қалды. Бірақ әлі тұрмысқа шықпадым.

– Иә, бір жігіттің жолы болған екен.

Көңілді достардың басқосуы
Достарды біріктірген көңілді басқосу. Көрнекі сурет: pixabay.com

Менің танысу стратегиям – барлық жаман қасиеттерімді бірден көрсету. Жаңа танысқан адам қашып кеткен жоқ па? Керемет! Онда біз қазір доспыз деген сөз.

***

Қақпадағы жазу: "Ит – адамның досы! Бірақ бәрі емес!".

***

Бұрын аңшы болған екі дос кездеседі. Біреуі екіншісінен былай деп сұрайды:

– Ал сен аюға аңға шықтым деп елестет. Міне, орман, дәл алдыңнан аю щықты делік. Не істейсің?

Екіншісі оған жауап береді:

– Қосауыз мылтығымды басып қаламын. Аю дайын.

Досы:

– Бірақ сенің мылтығыңды үйде ұмытып кеттің. Не істейсің?

Екіншісі:

– Олай болса, мен аң аулауға алып баратын қанжарыммен аюды соямын.

Біріншісі тағы сұрақ қояды:

– Бірақ сенде қанжар жоқ, әйелің оны салуды ұмытып кетіпті. Сонда не істейсің?

Екіншісі:

– Мен алдымда тұрған бөренені алып, аюды қалайда өлтіремін!

Біріншісі:

– Ал бөрене де жоқ болса ше?

Екіншісі:

– Тыңдашы досым, мен бір нәрсені түсінбедім. Сен кімнің жағындасың, менің бе әлде аюдың ба?

Смайлик ұстаған жігіт
Смайлик ұстаған жігіттің қолы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Достарыңыздың көңіл-күйін көтеретін қысқа хабарламалар

Досыңыздың көңілін көтеру үшін хабарлама арқылы қандай әзілдер жолдауға болады? Аурика Луковкинаның анекдоттар жинағынан мынадай қысқа-нұсқа хабарламаларды жіберуге болады:

Біз әйелді қаншалықты жақсы көрсек, өзімізді соғұрлым нашарлатамыз.

Мендей жақсы адамның сенің өміріңде болғаны үшін маған рахмет!

Ескі дос екі сұлудан артық.

Склерозды емдеу мүмкін емес, бірақ ол туралы ұмытып кетуге болады.

Оқу – жарық, ал жарық үшін төлеу керек.

Әйелдің арманына еркектің қалтасы жетпейді.

Егер басың ауырса, ол орнында тұр деген сөз.

Жұмысың қызық болса, көретін түсің де қызық болады.

Әрбір әйелдің өзіне тән ақымақтығы болу керек.

Телефон ұстап тұрған қыз
Телефонға қарап тұрған қыздың қолы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Дос – қуанышты және мұңайған сәттерде жанымыздан табылатын жан. Достармен өтетін әрбір уақыт құнды. Сырымызды ақтарып, мұңымызды шағатын достармен арасында қағытпа қалжың айтып, әзілдесіп алған да бір ғанибет. Ең бастысы әзіліміз жарасып, жақын жандардың көңілін көтеріп тастаса болғаны.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2013422-dostar-turaly-azilder-zaqsy-konil-kui-syilaityn-anekdottar-toptamasy/

pixel