Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шаш қиюға болмай ма: қазақ халқының жүкті әйелдерге қатысты ырым-тыйымдары туралы не білесіз

Жарияланған күні:

Жүкті әйел
Ақ көйлек киген жүкті әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жүктілік - әйел заты үшін өте маңызды кезең. Ана мен баланың саулығы қашан да жауапкершілікті талап етеді. Қазақ халқында аяғы ауыр келіншектерге қатысты ырым-тыйым көп. Бұл жазбамызда жүкті әйелге қатысты ырымдар жайлы тарқатып айтамыз.

Қазақ халқы аяғы ауыр әйелге ерекше көңіл бөлген. Құрсағында шаранасы бар келіншектің адал ас ішуін қадағалаған. Адал ауқат баланың мінез-құлқының дұрыс болуына әсер етеді деген түсінік бар. Жүкті әйелдің жақындары дүниеге келетін сәби зерек болсын деген ниетпен оның жерік асын барынша тауып беруге тырысады.

Қазақ халқында жүкті әйелге қатысты қандай ырым-тыйымдар бар?

Ж.Д.Мустафина, Қ.М.Борбасованың "Қазақы ырым-тыйымдардың діни-философиялық астарлары" атты мақаласында жүкті әйелге қатысты мынадай ырымдар жазылған:

  • Жүкті әйелге лас жерді басқызбайды.
  • Дау-дамайға қатыстырмайды.
  • Тоғыз ай бойы барынша жылы сөз айтып, жақсы тілек тілейді.
  • Малдың қанын көрсетпейді. Бұл - бала қанішер болып кетпесін деген түсініктен туған ырым.
  • Сыртқы дүлей күштердің әсерінен, жамандықтан қорғау мақсатында тұмар таққан.
  • Шашын қиғызбайды.
  • Екіқабат әйелге баласы қоянжырық болуы мүмкін деген ырыммен қоянның етін жегізбеген.
  • Толғағы ауыр болмасын, баланы тоғыз айдан асырып көтеруі ықтимал деген түсінікпен түйенің етін жегізбейді.

Аяғы ауыр әйелдің көбісі жүктілік кезінде шаш қиюдан бас тартады. Мұның себебін баланың өмірі қысқарады немесе дамуы бәсең болуы мүмкін деген оймен байланыстырады.

Жүктілік кезеңінде шаш қиюға қатысты Ислам дінінде қандай түсіндірме берілген?

islam.kz сайтына жарияланған жазбада шаш қиюға болмайды деген ырымның шындыққа жанаспайтыны айтылған. Адам шашын қимай жүрсе де, өлшенген өмірін ұзарта алмайды. Бұған Құран Кәрімдегі "Фатыр" сүресінің 11-аятын дәлел ретінде келтіруге болады:

"Алла сендерді топырақтан, сосын ұрықтан жаратып, кейін сендерді жұп-жұп қылды. Ешбір ұрғашы Алланың білуінен тыс жүкті болмайды да, тумайды. Алланың Жазмышында (Кітабында) жазылған өмір ұзартылмайды да, қысқартылмайды. Әрине бұл Аллаға оңай".

Жүкті әйелдің шаш қиюына қатысты медицинада не айтылады?

Медицина мәліметтеріне сүйенсек, жүктілік кезінде шаш қиюдың құрсақтағы балаға ешқандай зияны жоқ делінеді. Ал шашты бояуға қатысты кейбір дүниелерге мән берген жөн. Мысалы, медицина саласының мамандары жүктіліктің алғашқы кезеңінде шаш боямаған абзал дейді. Себебі шашқа арналған бояулардың құрамында жиі кездесетін аммиак, резорцин секілді қоспалар ағзаға зиянын тигізуі мүмкін. Ғылыми тұрғыда шаш қиюдың бала денсаулығына ешқандай зияны жоқ деген тұжырым айтады.

Шаш қию сәті
Шашын қидырып жатқан әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

anamenbala.kz сайтында жүктілік кезіндегі шаш күтіміне байланысты мынадай мәлімет берілген:

  • Жүктілік кезінде әйелдің шашы қалыңдай түседі әрі жылтырайды. Мұның себебі әйел ағзасының жүктілік мерзіміндегі өзгеретін гормондар күйімен байланысты.
  • Жүктілік кезеңінде қалың боп өскен шаш босанған соң көп түсіп, жұқара бастайды.

Жүкті әйелдің бас терісіне жаңадан шаш өсіп шығып, қалыңдайды. Алайда босанған соң күніне 50-80 шаш талшығы түсіп отырады. Ал жүктілік кезінде түсетін шаш талшықтарының саны бірнеше есеге азаяды. Осыны ескерсек, босанғаннан кейін шаштың бірден түсіп кетуін қалып табиғи жағдай деп қабылдау керек.

Жүкті әйелдерге шаш бояуға бола ма? Дәрігер Анна Смит medicalnewstoday.com сайтында жарияланған мақаласында "бояудағы химиялық заттар теріге сіңбейді" деп жазады. Сондықтан балаға зиян келтірмейді делінген. Дегенмен жүктіліктің алғашқы кезеңінде шаш боямаған абзал екенін айтады. Сонымен қатар шашты боямай тұрып аллергияның бар-жоғын анықтайтын патч-тест жасауға кеңес береді.

Аяғы ауыр келіншек
Демалып отырған жүкті келіншек. Көрнекі сурет: pixabay.com

"Қазақ этикасы мен эстетикасы" атты жиырма томдық кітаптың 12-томында шашқа қатысты мынадай ырым-тыйым жазылған:

Қазақ шашты далаға тастамайды, жерге көмеді. Құс шашты ұясына салса, адам бас ауруына шалдығады, басы айналғыш болады, ұмытшақтық, жеңілтектік дертке шалдығады деп ырымдайды.

А. Қайбарұлы, Б.Бопайұлы жазған "Қазақ ырымдары. Казахские поверья" деп аталатын еңбекте жүкті әйелдерге қатысты мынадай ырымдар берілген:

  • Жүкті әйел толғатқан кезде сол үйдегі киіп жүрген қыз бала көйлегінің етегін жыртып қояды. Ұл бала киген шалбардың балағын сөгеді. Онысы — толғақ жеңілдесін, баланың беті тез ашылсын дегені. Толғатып жатқан әйелді күзетіп отырған әйелдерден біреу сыртқа шықса, қолжаулығын немесе бір тал түймесін үзіп алып қалады. Онысы толғақ ілесіп кетпесін дегені.
  • Қазақта "жарыс қазан" деген ырым бар. Бір әйел толғатып жатқанда, басқа үйдің әйелдері қазанға жеңіл-желпі тамақ салып, оны босанатын әйел бала тапқанша пісіріп үлгеру үшін жарысады. Қазақ ұйғарымында туатын бала "жарыс қазанға" қатынасып, пісетін тамақтан бұрын жарық дүниеге келуге ұмтылады.
  • Жаңа түскен келіннің бала көтеріп, жерік болғанын сезсе, қайын енесі ағынан жарылып, "төсек той" жасап, көршілерін де қуантады. Жиналғандар төсекке теңге, қыран құстың қасиетті саналған дене мүшелерін іледі. Жастығының астына пышақ жастап қояды. Онысы бала аман-есен жарық дүниеге келсін. Тіл-көзден аман болсын дегені.
  • Жаңа босанған әйелге ақ сарыбас қой сойып, ақ тілеу айтып, қалжа жегізеді. Себебі, туыттағы тері шықпаса, ана мен баланы қырық түрлі қырсық шалады, қалжа жемеген әйеддің баласы ынжық болады деп ырымдалады.
  • Екіқабат әйел керулі тұрған және шұбатылып жатқан арқаннан аттамайды. Бұлай істесе — босанған кезде баланың кіндігі мойнына оралып, өміріне қауіп төнеді деп есептейді.
  • Жаңа босанған әйел үйге кірген итке шық демейді. Бұлай істесе — әйелдің тісі түсіп қалады, бойынан қайраты жойылады делінеді.
  • Әйел толғатқанда үй ішінде ілулі тұрған заттардың бәрі алынып тасталады. Сандықтардың ауызын ашып қояды. Осылай істелсе, толғақ жеңіл болады, жолдың бәрі ашық, ақ ниетпен тілеу тілеп тұр деп ырымдалады.
Сәбидің аяқ киімі
Сәбидің аяқ киімін ұстап тұрған жұп. Көрнекі сурет: pixabay.com

Назар аударыңыз! Материал ақпараттық сипатта жазылған. Жүктілік кезінде шаш бояуға қатысты сұрақтарыңыз бойынша дәрігеріңізбен кеңескеніңіз жөн.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2019937-sas-qiyuga-bolmai-ma-qazaq-xalqynyn-zukti-aielderge-qatysty-yrym-tyiymdary-turaly-ne-bilesiz/