Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

31 мамыр: қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш қайраткерлеріне қатысты тың деректер

Опубликовано:

Алаш қайраткерлері
Ұлты үшін қызмет еткен Алаш қайраткерлері. Көрнекі сурет: adyrna.kz

Қазақ халқына қасірет әкелген сол бір аумалы-төкпелі жылдарда мыңдаған адам жазықсыз түрмеге тоғытылды, аяусыз атылды, туған жерінен айдалып кете барды. Ұлтын сүйген азаматтар тоталитарлық жүйенің құрбанына айналды. Елі үшін жанын берген әрбір тұлғаның есімі тарих беттерінде алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз. Бұл мақаламызда Алаш қайраткерлеріне қатысты тың деректерді бөлісеміз.

Тарихи деректерге сүйенсек, 1927-1953 жылдар аралығында қазақ жерінде 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, оның 25 мыңы ату жазасына кесілді. Олардың ішінде Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Міржақып Дулатұлы, Бейімбет Майлин сынды Алаш арыстары бар.

ҚР ҰҒА корреспендент-мүшесі, тарих ғылымының докторы, профессор Зиябек Қабылдиновтың "Adyrna" порталына жариялаған "Алаш автономиясы - тәуелсіздігіміздің тарихи тамыры мен тұғыры" атты мақаласында мынадай деректер берілген:

1905 жылдан бастап Қарқаралы петициясы арқылы, 1906-1907 жылдары Ресей империясы Мемлекеттік Думасының мінберлерінен Алаш көсемдері қазақ халқын әлеуметік-экономикалық, саяси коллапстан қорғау үшін әртүрлі әрекеттер жасады. Тіпті, 1909 жылы екі рет Ресей империясының депутаты болып сайланған, қазір сүйегі Омбы облысында жатқан, атақты Шәймерден Қосшұғылұлы Осман империясының патшасы Сұлтан Абд ал-Хамидпен 1909 жылы кездесіп, қазаққа жәрдем сұрағаны да тарихта болған оқиға.

Қазақ қоғамында зиялылар енгізген күрес құралы ретінде үгіт-насихат қызметінің өмірге келуі орыс-жапон соғысында (1904 ж.) орыс әскерінің жеңіліс табуымен, сондай-ақ 1905 жылғы революциялық қозғалыстың күш алуымен бір мезгілде жүрді. Жапондармен соғыста орыс әскерінің жеңіліс табуы қазақ қоғамында орыс билігінің қадірінің түсуіне алып келсе, патшаның 1905 жылы 18 ақпан қаулысы мен 17 қазанда Ресей азаматтарына өз пікірін білдіруіне байланысты саяси құқық сыйлайтындығы туралы манифестке қол қоюы ұлт оқығандары арасында толқу туғызып, үміт отын жаққандай болды.

Архивтегі құжаттар
Архивте жинақталған құжаттар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Абай туралы алғашқы боп жазған тұлға кім?

Қазақтың бас ақыны - Абай Құнанбайұлы туралы ең алғашқы болып жазған тұлға кім? Әлихан Бөкейханов әлі жарық көріп үлгермеген Абайдың қолжазбаларымен танысып, ақын шығармаларын 1903 жылдан бастап қазақ қоғамдық ойының жетістігі есебінде орыс оқырмандарына таныстыра бастайды. Бұл жөнінде белгілі зерттеуші Қ. Мұхаметқанов "Абайдың көзі тірісінде оны орыстың оқырман қауымына тұңғыш рет таныстырған адам Әлихан Бөкейханов" - деп жазды.

Абай қайтыс болған соң Әлихан Бөкейханұлы алдымен "Семипалатинский листок" (1905), содан кейін орыс географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің жазбаларында арнайы мақала жариялап, онда ақын шығармалары қазақ елінің мақтанышы болып табылатындығын айтып, "Еще не было киргизского поэта, так возвысившего духовное творчество народа, как Абай", - деп жазды.

Әлихан Бөкейханов - Жошы ханның тікелей ұрпағы. Ол Абай шығармаларының тұңғыш рет Петербургтен кітап болып шығуына мұрындық болды.

"Материалы Государственной комиссии по полной реабилитации жертв политических репрессий 20-50 годы ХХ века" жинағының 3-томында Алаш қайраткерлерінің тағдыры туралы мынадай мәлімет берілген:

Азаттық үшін күрес басшыларын қамауға алу ісі Әлихан Бөкейхановтан басталды. Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланған ол "Выборг манифесі" деп аталған наразылық құжатына басқа да жүзден астам депутаттармен бірге қол қойғаны үшін Семей абақтысына қамауға алынып, одан шыққан сәтінде ішкі Ресейдегі Самара қаласына жер аударылады. Осы мезгілден бастап үкімет орындары қазақ азаттық қозғалысын әлсіретуді және басшысыз қалдыруды көздеп, оның белсенді қайраткерлерін қазақ облыстарынан тыс аудандарға жер аудару тәжірибесін қолданды.

Әлихан Бөкейханов - Ахмет Байтұрсыновты абақтыдан шығарып алуға барынша үлес қосқан тұлға. Ол жазған "Киргизский народный поэт в тюрьме" атты мақала Петербургте шығатын "Современное слово" газетінде жарық көрді. Бұл мақаланы "Русские ведомости" және "Волость" газеттері көшіріп басты.

"Қазақ" газеті жайлы

1913 жылы Орынбор қаласында "Қазақ" деп аталған жалпыұлттық газет жарыққа шықты. Басылым болашақ Алаш партиясының арнаулы баспасөз органына айналды. Газет тез арада халықаралық маңызға ие болды. Зиябек Қабылдиновтың мақаласында "Қазақ" газетін Қытай мен Түркия қазақтары жаздырып алатыны жөнінде тың деректер бар.

"Қазақ" газетінде тіл, әдебиет және тарих, этнография тақырыптары қозғалды. Сонымен бірге ұлтқа қатысты мәселелер жазылып жүрді. Ұлт зиялылары баспасөзді құрал ретінде пайдалануды көздеп, халықтың санасына азаттық идеясын сіңіре бастады.

"Қазақ" газеті
"Қазақ" газетінің бастапқы шығарылымдары. Көрнекі сурет: Qazaq газеті

Ахмет Байтұрсынұлы қандай кінәсі үшін тұтқындалды?

"Қарқаралы уездік бастығы жүргізген тергеу ісі бойынша Ахмет Байтұрсынов қазақтар арасында сепараттық мазмұнда үкіметке қарсы үгіт жүргізген, сондай-ақ (жер аударылған қазақ Ақпаевты қайтару туралы) арыз-хат даярлап, оған қол жинаған. Қарқаралы қаласында 1909 жылы 1 июль күні үйінде тінту жүргізіліп, тұтқынға алынған. Тінту кезінде көзге түсерлік не алынды деген сұрауға: "қылмысқа лайық ештеңе де көзге түспеді" деген жазу жазылған.

Қандай негізде жауапқа тартылды деген сауалға: "Қарқаралы уездік бастығы жүргізген тергеу ісі бойынша Ахмет Байтұрсынов қазақтар арасында сепараттық мазмұнда үкіметке қарсы үгіт жүргізген, сондай-ақ (жер аударылған қазақ Ақбаевты қайтару туралы) арыз-хат даярлап, оған қол жинаған", - деп берілген.

Мұсылмандық талаптарды қатаң сақтаған Ахмет Байтұрсынұлы тіптен ауыр жағдайда лагерьде жүріп те ораза ұстаған. Бұл жөнінде өмірлік досы Əлихан Бөкейхановқа жазған.

1933 жылы ақпанның суық аязында Архангельскіде абақтыда отырған Ахмет Байтұрсынұлы саяси қуғындағы зиялыларға көмек қорының басшысы Екатерина Павловна Пешковаға жолдаған өтініш-хатында былай жазған еді:

Мен ағартушылықты қоғамдық-мәдени, публицистикалық, әдеби қызметпен байланыстырған педагогпын, сондай-ақ езгіге түскен ұлттың перзенті ретінде қызметімді белгілі бір идеямен – қазақ халқын күрес арқылы, ұлттың мәдениетін және сана-сезімін көтеру арқылы билік құрған жүйеден құтқару идеясымен ұштастырдым. Сол үшін де патшалық тұсында түрмеде отыруға, жер аударуды бастан өткеруге тура келді. Мен, қоғамдық дамуда артта қалған ұлттың ұлы ретінде құлшына жұмыс істедім, қазақ халқын ағарту ісіне бар күшім мен қабілетімді, тіптен денсаулығымды сарқа еңбек еттім. Енді міне тағдырдың жазуымен қазақ халқына атқарған осы еңбегімнің өтеуіне қартайған шағымда (62 жастамын) 20 ай түрмеде, 22 ай концлагерьде жүрмін", - деп жазды.

Бұл хат ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ зиялыларының өмірі мен қызметін, олар көтерген идеяны түсінудің кілті іспетті.

Қазақ қоғамын отарлаушы билікке қарсылық көрсетуге шақырып, ашық үгіт-насихат жұмысын бастаған тұлға Жақып Ақбаев болды. Ол 1905 жылы қарашаның алғашқы күндерінің бірінде Павлодардағы базар алаңында қала тұрғындары мен қырдан келген қазақтар қатынасқан шеруде сөз сөйлеп, патшалықтың әділетсіз отарлау саясатын ымырасыз сынға алып, қоғамды оған мойынсұнбауға шақырады. Ал оның Павлодардан Қарқаралыға бет алуы жол-жөнекей үгіт сапарына айналады. Ж. Ақбаевтың Қарқаралыда өзінің келуіне байланысты ұйымдастырылған шеруде сөйлеген сөзіне байланысты Семей губернаторының полиция департаментіне берген мәліметінде Ж. Ақбаевтың қазақтарды "билікке бағынбауға, даладағы орыс стражниктерін жазалауға шақырып, Ұлы мәртебелі Императордың атына қорлау сөздер" айтқаны туралы баяндалады. Билікке қарсы бұл ашық саяси ұстанымы үшін Ж. Ақбаев 1909 жылы Жетісу облысы Қапал қаласына жер аударылды.

Қуғын-сүргін жылдары қазақ даласында 953 лагерь болды. Олардың ең үлкені - АЛЖИР лагері еді. Ауыр жағдайдағы лагерьге түскендерге "Халық жауы" деген ат таңылды. Осылайша Кеңес үкіметі Қазақстанды тұтқындар мекеніне айналдырды, ГУЛАГ басқармасын құрды.

1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Бүгінгі күні жазықсыз құрбан болған жандарды еске алу мақсатында "Аза" кітабы жарыққа шықты.

ХХ ғасырдың басындағы оқиғалар қазақ халқы үшін оңайға соқпады. Десе де, бұл кезең ұлт-азаттық идеялардың күшеюіне, рухтың оянуына түрткі болды. Ал қазақтың көкірегін оятуға ұлт зиялыларының қосқан үлесі зор.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2021152-31-mamyr-qugyn-surginge-usyragan-alas-qairatkerlerine-qatysty-tyn-derekter/

pixel