Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өкінбеймін, елім үшін өлдім мен": қуғын-сүргін құрбандарына арналған жүрек шымырлататын өлеңдер топтамасы

Опубликовано:

Қауырсын қалам
Үстел үстіндегі сиялы қалам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Өткен ғасырдың басында ел ішіне төнген нәубет талай қазақтың жанын қиды. Қазақты көкке көтеруді көздеген тұлғалар "Халық жауы" деген жалған жаланың құрбанына айналды. Қасіретті жылдардың тарихын өскелең ұрпақ ешқашан естен шығармауға тиіс. Бұл жазбамызда бірнеше ақынның саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнаған өлең жолдарын ұсынамыз.

Қазақ поэзиясында қасіретті жылдардың зардабын өлеңмен өрген ақын көп. Саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы қазақ ақындары қандай өлеңдер жазды?

Қарағанды лагері

Авторы: Ғалым Жайлыбай

Дүр сілкінтер дүниенің дүрмегі ауыр,

Күнде дабыр бұл тірлік

күнде дауыл.

Алаш жұрты

азаптың аралы ма –

Қарағанды лагері

Бұл не лагерь?..

Сарыарқаның қойнауы мәңгі жасыл,

деп ойлама ерке қыз,

қаңғыбас ұл!

Сен де міндің келместің кемесіне –

Қанды қасап жасаған, қанды ғасыр!

Ғалам да алаң өткенге

санам да алаң,

Көңіл айтсын адамзат

саған, далам!

Қарағанды лагері

қара түнек –

Қарағанның түбінде қараңдаған.

Қалмаса да зұлымдық мәңгі жасап,

Қиямет – қайым көргенім

қанды қасап.

Жиырмасыншы ғасыр сол

алшаң басқан –

ГУЛАГ архипелагын алдына сап.

Қарағанды,

Қазақтың қара нары,

Самал әні сарнайды

саған әлі.

Жұмыр жерде жұдырығын ішке түйіп -

Сталиннің өріп жүр балалары.

Арғымағым,

арда едім,

арыдым де.

Қадірлімнің таба алмай қабірін де.

Сталиннің вагоны музейде тұр –

Қаңқасынан қан саулап әлі күнге.

Ұрпақ мынау өткеннен не біледі,

Сүйегімді сол сауал кеміреді.

Қарағанды лагері –

қаралы өлең

Есіл,

Нұра егізім егіледі.

Зар айтады,

қан құсып көкірегі,

Жетім желге қосылып жетігені.

"Жалаңашкөл"

"Алжир" боп

шашын жайып –

"Степлагы" Кеңгірде өкіреді.

Басы бардың бақ тұрмас бар баяны,

Арулардың арман боп ардай әні.

Көктіңкөлі қос қолын көкке жайса,

Сарысудың өзені сарғаяды.

Ірің толған ібіліс іреңінде,

Будақ-будақ бұлт көшкен бұл өңірде.

Қарағанды лагері –

қара таңба

Жиырмасыншы ғасырдың жүрегінде.

Кешіріңдер,

Жан аға,

ақ аналар,

Сағаналар сөйлесін бағаналар.

Жиырмасыншы ғасырдың басындағы

Қарағанды лагері – қара орамал.

Алаш арыстары
Қазақ ұлтының зиялы тұлғалары. Көрнекі сурет: kazgazeta.kz

Аймауытов тойы

Авторы: Ғалым Жайлыбай

Құстардың әуеніндей қайтардағы,

Жайқалсаң, жарық күннің, жайқал бағы.

Намысың нар шөктірген қайта оянды,

Арысың, Аймауытов ай таңбалы!

Әуелде жаратқан соң дарынды ғып,

Алдыңнан тұрмайды екен бағың күліп.

Ұлтымда ұшар шыңдай ұл сыйлаған,

Жұртында Дәндебайдың қалың Күлік...

Аптықпай салсаңыздар артқа назар,

Тағдырмен тасмаңдайлы тартқан ажал.

Қазақпен қайта бүгін табысқандай

Күнікей, Ақбілек пен Қартқожалар.

Тапсырсаң ұрпағыңды бір құдайға,

Жандарың жаһаннамда шырқырай ма?

Бағыңа Жүсіпбектер тумағанда,

Қазақтың ұлты қайда,

Жұрты қайда?..

Көргенбіз басымыздан қайғы озғанын,

Қалмады қай қиырда қай боздағым?

Аймаңдай Аймауытов бастап келді

Алаштың арда туған Айбоздарын.

Шындығың шықпай қалса шырайыңнан,

Сұмдығын көрген күннің құдай ұрған.

Айналдым Аймауытов айдай тұлға,

Қазақы қара сөзден қыл айырған.

Қанатын кең дүниеге жайғанда азап,

Қайрағы қасиетіңнің қайралған шақ...

Ескерткіш құтты болсын, Ертіс-Баян,

Тойларың құтты болсын, қайран қазақ!..

Кітап сөресі
Кітап сөресі және шамдар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ақын рухымен серттесу

Авторы: Бауыржан Қарағызұлы

Кере қарыс маңдайынан ғарышқа жол салып,

Шаһиттік Ер ғұмыр шалқыған!

Сұңғыла сертінде бодандық булығып,

Дұғалы сөзінде азаттық аңқыған!

Арыстан жүректі, абадан мінезді асылым!

Ажалды жылатып, айбынды от жырың,

Жалғанды жұбатты періште пәктігің.

Жан мұңын сөйлетіп,

Ар құнын құлпыртып,

Алаштың демінен Жұмақтың суретін билетіп,

Кешегі керауыз сатқынды састырып,

Бүгінгі сорауыз жалтаққа қастығып,

Көңілдің көгінде қырандай сусылдап,

Жүректің қобызын күңірентіп,

Қош келдің біздерге, Ақ Сәуле – Ақтық Үн!

Тәңірі тірілтіп, Тәңірі қолдаған,

Бес күндік өмірдің өзегін жалғаған,

Ер Баба тілінен өр, дана Рухың нәр алып,

Сегіз қыр Сөзіңнен сегіз нұр таралып,

Күн шығыс көзінен күрең нұр қара өлең лаулатып,

Күнбатыс көгіне Күн болып жаралып,

Алашқа Алланың Самалын естіріп,

Қош келдің бұл жерге, қаһарман хас Ақын!

Қош келдің, Жанарым!

Туған жер топырағын толғатып,

жібектей желімен сырласып,

шөбімен, аңымен, құсымен мұңдасып,

Түбі бір Түркі үшін,

Алтайдай құлазып,

Арқадай аңырап,

Тұранның төсіне жұлдызды ойлары жамырап…

Қаламның ұшынан Әлемнің сезімін түрленткен Ұлы Ақын!

Қош келдің Тәуелсіз Түркіге!

Қош келдің Тәуелсіз Қазаққа!

Даланың көшпелі Обалын ойлаған – Сананың мәңгілік Шырағы.

Ойының киелі тұмары,

Рухы сусаса сусындар қасиет бұлағы –

Сендегі Аңсардың зарымен

Үміттің қанымен көктеген жазбалар,

қазақтың Есінде Дес болып жайқалып,

Жусандай бұрқырап тұр әлі!

Сен сендің Жастарға,

Сен сенген мына Мен –

Сөзіммен шайтанды шошыттым!

Өзіммен кәпірді жасыттым!

Желтоқсан желінде Қайрат боп қаһарым жұлқынып,

Ажалға жүгірдім кегіммен ұмтылып!

Содан соң…

Кірпіктің ұшында қуаныш мөлдіреп,

Көзімнің ішінде Көк Туым желбіреп,

Арқаның төсіне айбарлы Астана орнатып,

Алаштың мерейін тасыттым!

Сен сенген мына – Мен,

Е-е-хе-һе-ей!!!!

Қарашы, адамның аспантек баласы!

Иманым жүзімнен жыр болып шашырап,

Күн болып шаттанып, шалқақтап күлемін!

Білемін,

Көмейден күй сынды сұңқылдап тілегім,

Ел үшін жұлыным жұлынса өкінбен!

Хас Ақын,

Мен саған Ант етем!

Алланың жұпарлы Атымен Ант етем!

Әлемге сүйгізем Қазақтың хұсни жүрегін!

Қойын дәптер
Қоңыр түсті қойын дәптер. Көрнекі сурет: pixabay.com

Атылған оқ

Авторы: Саят Әбенов

( 31 мамыр - саяси қуғын-сүргіннің құрбандарын еске алу күні)

Мен керексіз қазақ болдым бұл күні,

Тақалғанда жауыздардың мылтығы.

Сонда мені аяп тұрған оқ қана,

Өзгелердің көрге тығу күңкілі.

Көз алдымда көлеңке жоқ, тас түнек,

Əлгі мылтық шүріппесін басты кеп.

Атылған оқ өн бойымды суытты ,

Қарт өмірмен қош айтысты жас жүрек.

Өлдім сөйтіп заман бəрін көріп тұр,

Айдалаға кетті бізді көміп құр.

Өкінбеймін, елім үшін өлдім Мен,

Ей, Құдайым, ұрпағыма соны ұқтыр.

Ұрпағымды жақсылыққа жолықтыр,

Сол заманның жүрегі əлі соғып тұр.

"Айтылған сөз - атылған оқ" деуші еді,

Атылған оқ - айтылмас сөз болып тұр...

Әлиханның түймесі

Авторы: Мақпал Мыса

Есімі көңіліме мұң тізді бір,

Таңдағы шолпан яки күндізгі нұр.

Жалт етіп жасын шашқан жалқын сәуле

Жарқ етіп жанып сөнген жұлдыз ғұмыр.

Көктегі көк нұрлардың санатында,

Құсының маржан жанған қанатында.

Арманын Алашының алып ұшқан

Әлихан Бөкейханов – дара тұлға!

Басымдау болса-дағы соры бақтан,

Етеді қазақ жұрты оны мақтан.

Арайын Ақтоғайдың аялаған,

Толқыны Тоқырауынның толып аққан.

Ұрпағы байтағында өніп-өсіп,

Адамның кіндік кескен жері – бесік.

Төреден тегін тартқан төредей ұл

Қазақты сүйген екен өліп-өшіп.

Болса да сол арыстың қысқа күні,

Келеді құлағыма құстар үні.

"Әр тасым түйме болсын өңіріме" -

Осы еді Әлиханның ұстанымы.

Жетер деп:

Тақ та маған, бақ та маған,

Ат жалын тартып мінген атпал ағам.

Арманын арай таңға шомылдырып,

Даласын бабасының баққа ораған.

Алаң жұрт,

алаң да алаң,

алаң бәрі,

Жас болып тамып түскен жанардағы.

Мәңгілік қазақ елі -

ей, бауырым,

Аңсаған арыстардың ақ арманы.

Өлеңге айналғанда көңіл нәзік,

Өткеннің өнегесі – өмірге азық.

Алаш деп аламанға ат қосқанда,

Арманы арыстардың - Темірқазық!

Көшімнің күнде айналған көрігіне,

Бабамның жері міне,

елі міне.

Тас емес Әлиханның ақ арманын

Түйме қып қада, қазақ, өңіріңе!

Қазақ жеріндегі азап лагерлері туралы білмейтін адам жоқ шығар! Қаншама әйел мен бұғанасы қатпаған балалар "Алжир" лагерінде жазықсыз жапа шекті. Бір кездері адам төзгісіз абақты болған орын қазір тарихи музейге айналды. Сол музейдің кіре берісіндегі тақтада жазылған А.Ахматованың мына бір шумақтары бұл маңда талай жанның көз жасы төгілгенін, жаны азапталғанын айтып тұрғандай.

Ада болып үміті, арманы да,

Торғайлардай қамалды торға мына.

Ойларына не келсе, соны істеді

Жазықсыздың жазықсыз жарларына.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2021275-okinbeimin-elim-usin-oldim-men-qugyn-surgin-qurbandaryna-arnalgan-zurek-symyrlatatyn-olender-toptamasy/

pixel