Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қош бол, мектеп: жас түлектерге арнап қандай тілек айтуға болады

Опубликовано:

Қоңырау ұстаған түлектер
Қоңырау соққан мектеп бітіруші түлектер. Көрнекі сурет: Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Соңғы қоңырау – мектеп бітіруші түлектер үшін ең маңызды әрі есте қалатын жарқын сәттердің бірі. Оқушыға 11 жыл аз уақыт емес, бірақ оның алда бағындыратын белесі одан да көп. Жас түлектердің қадамына сәттілік тілеу мақсатында бұл жазбамызда әдемі тілектер топтамасын ұсынамыз.

Мектеп бітіруші түлектерге арнап қандай ерекше тілектер айтуға болады?

Мектептегі кезең аяқталды, бүкіл өмір алда. Өмір жолың ұзақ әрі жарқын болсын! Айналаңда ең керемет адамдар жүрсін! Сенім артатын достарың көп болсын! Көшбасшы бол! Бақытты бол! Мейрамыңмен!

***

Мектепте оқып жүрген кезде әрбір сабақтан кейін қоңырау соғылады. Ал соңғы қоңырау - өмірдегі ең үлкен өзгерістердің бастауы. Бұл күн жақсылығын ала келсін! Өмірде армандаған дүниенің бәріне жетуіңе тілектеспін!

***

Ең жақсы жұмыс – пайда әкелетін хобби. Өмірде өз жолыңды тауып, мақсат еткен мамандықты игеруіңе тілектеспін! Болашақтағы әрбір жұмыс күнің мереке секілді өтсін!

***

Мына өмірде мүмкін емес нәрсеге жетуіңді тілеймін. Өйткені мүмкін емес деген дүние жоқ. Қиын сәттерде мойыма, ешқашан берілме! Алдыңа айқын мақсат қоя біл, сонда міндетті түрде жетістікке жетесің.

***

Қымбатты оқушылар, бұл күн - сендердің өмірлеріңдегі ең қызықты сәттің бірі. Мектеппен қоштасатын кез келді. Алда мыңдаған мүмкіндік күтіп тұр. Ең бастысы өздерің үшін дұрыс таңдау жасай біліңдер. Ұл-қыздарымыздың батыл әрі тәуекелшіл болуына тілектеспіз. Армандарыңа нық сеніп, алға қадам басыңдар! Ата-ананың, алтын ұя мектептің, елдің мақтанышы болыңдар! Сәттілік тілейміз!

***

Қазақта "айналайын" деген жақсы сөз бар. Осы бір ғажайып сөз адам баласына қажетті ізгілік пен мейірімге тұнып тұрғандай. Бүгінгі қуанышты сәтте өздерің білім алған алтын ұя да шәкірттеріне мейіріммен қарап тұрғандай. Енді ол өзінің қасиетті қоңырауын сендер үшін соңғы рет соқпақ. Өмір жолындағы сапарларың сәтті болғай!

***

Қымбатты мектеп бітіруші жастар! Сіздер үлкен мақсаттарға қадам басқалы тұрсыздар. Білім жолында еңбек етуге мектеп табалдырығын алғаш аттаған күннен бастап-ақ ұмтылып келдіңіздер. Әліппені ашып, қолға қалам ұстаған кезден бастап ізденісте болдыңыздар. Ал қазір тарыдай болған жас баладан, таудай талапкерге айналдыңыздар. Жолдарыңыз ашық болсын!

Соңғы қоңырау
Соңғы қоңырау салтанатына қатысқан түлектер. Көрнекі сурет: zhaikpress.kz

Жас түлектерді құттықтауға арналған қысқа-нұсқа тілектер

Кейде аз сөзбен де жақсы әсер қалдыратын тілек айтуға болады. Мектеп бітіруші түлектерді қандай қысқа тілектермен құттықтауға болады?

Мектеппен қоштасу - ересек өмірге жасалатын алғашқы қадам. Ізденіс жолында ойлаған ісіңнің барлығы орындалсын! Ал сәттілік лайым өзіңмен бірге жүрсін!

***

Мектептегі қиын сабақтар аяқталды, енді өмірдің дәрістері басталмақ. Жарқын болашақтың есігі ашық болсын! Биік белестерді бағындыр!

***

Жаймашуақ мамыр айы - бұл жылылық пен гүлдену уақыты. Мектеппен қоштасатын осы бір сәт жақсылықтың жаршысы болсын! Құттықтаймын!

***

Мектептегі алаңсыз күндер артта қалды, бірақ сабақ мұнымен біткен жоқ. Өмірлік сабақтардан тек бестік баға алғайсың!

***

Қымбатты мектеп бітіруші, қадамыңызға нұр жаусын! Жүрек қалауындағы мамандықтың иесі болып, білікті маман атанып шығуыңызға тілекшімін!

***

Өмірде тарам-тарам жол бар. Сенің жолың оңынан болсын! Күрмеуі қиын кезеңдер алдыңнан шықса, еш қиналмай өтетініңе сенімдімін! Мектепті ойдағыдай тәмамдағаның құтты болсын!

***

Міне, мектептен де түлеп ұшып барасың. Алдағы күндері студент атанасың. Зейінің ашылсын! Білімнің кенін қазудан шаршама!

Әр түрлі шараларға арналған құттықтауларды Аурика Луковкинаның "Энциклопедия поздравлений, тостов и анекдотов" кітабынан табуға болады.

Ашылып тұрған кітап
Парақтары ашылып тұрған кітап. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жас түлектерді құттықтауға арналған қандай өлең жолдары бар?

zharar.com сайтында жинақталған түлектерге арналған өлеңдер топтамасын ұсынамыз:

Түлектерге арнау

Құрметті 2023 түлектері!

Барасыздар өмірді гүл еткелі.

Әр жылы осы күні қимастықпен,

Соғады ұстаздардың жүректері.

Көңіл толқып жанады осы күні,

Түлектерім, есте сақта мәңгі мұны.

Болашақтың үміті сендерсіздер,

Алтын күннің таратылған сәуле, нұры.

Жүректерге нұр құяды асқақ үміт,

Болашақ күтер сендерді жүзі күліп

Мақсат көздеп ұмтылған сара жолың,

Жарқын таңға жеткізер бір тұңғиық.

Түлектер, ашық болсын таңдарыңыз,

Аға жол ғой біздің де таңдарымыз.

Сіздер салған білімнің көпірімен,

Талай биік шығамыз шыңға әлі біз.

Бүгіннен басталады жаңа белес,

Қайғы менен қуаныш та тұр ғой дөңес.

Бітіргелі отырған әрбір түлек,

Ешбір асыл тұяғынан төмен емес.

Түлегім, қане, шабыттаншы, мұңайма,

Қабілетіңді көрсет мынау маңайға.

Сен биіксің, бағындырар белесті,

Жігерлі бол, үлгісің сен талайға.

***

Мектепті, балам, бітірдің,

Самғатты қиял ғарышқа.

Қанаты арман құсының

Апарсын сені алысқа.

Кешегі шәкірт бала едің,

Қарайсың бүгін жігіт боп.

Шарлаған арман әлемін,

Шыңдарға шыңнан биіктеп.

Отаның сипап маңдайдан,

Аямас сенен жақсысын.

Ізде, тап, қиыр - шалғайдан

Еліңе қажет бақ құсын.

Асқарға қолың соз балам,

Бәйгеге түс те, бақ сына.

Намысқа тиер озбаған,

Қол соғар жұртың жақсыға.

Ғылым қу, елге ет еңбек,

Маман бол қажет білікті

Өресі биік екен деп,

Мақтайды жампоз жігітті.

Білімді басқа жастадың,

Ғылымды іздеп үңіліп.

Өмірге сапар бастадың,

Алдыңда күліп тұр үміт.

Өмірден енді дәріс ал,

Білім мен ойды қоса ұштап,

Самғауға, балам, барын сал,

Қанатың болсын аттестат.

Түсініп жөн мен жобаны,

Ер жеткен жансың жетелі.

Шыңдарда ғана болады,

Қыранның салған мекені.

***

Ұстаздың алғыс тілегі

Алтын ұя мектептің тұлпарлары, дүлдүлі –

Жұлдыздары жүректің жетілдіңдер бүл күні!

Бірің – хакім, ал бірің болыңыздар ғұлама,

Мың дауыспен сайраған о, өмірдің бұлбұлы!

Ата - дәстүр бойынша сатпайды ұлан сүйегін,

Күй төгесің шанақтан – жақсы болды тиегің!

Құтты болсын тойларың шәкірттерім, көгершін,

Барлығыңды кеудеме басып, қысып сүйемін.

Сендерсіңдер тірліктің желкілдеген құрағы,

Ұстаздарың арманын өздеріңе ұлады!

Тойға ұлассын тойларың – ту қадаңдар биікке,

Жақсы туған жігітке жат жұрт келіп тұрады.

Оралыңдар отыздың ортасына толғанда,

Шүкіршілік етеміз жетсеңдер шың – арманға.

Ел – жұртың бар тілектес, жығылма өмір егесте,

Ал соңдарың айналсын қарақұрым орманға!

Мектеппен қоштасу сәті әрбір оқушының жан-дүниесін ерекше толқытатыны анық. Осындай сәтте жас түлектерге жылы лебіз айтып, өмір жолына ақ жол тілеу арманға қанат бітіргендей әсер қалдыратыны сөзсіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2021729-qos-bol-mektep-zas-tulekterge-arnalgan-qazaq-tilindegi-tilekter-toptamasy/

pixel