Кіші жүзден шыққан әулиелер туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Қазақ даласында ерекше қасиетімен аты аңызға айналған әулиелер бар. Киелі Маңғыстаудың өзінде шамамен үш жүз алпыстан астам әулие болған деп топшыланады. Бұл жазбамызда Кіші жүзден шыққан бірнеше әулие жайлы қызықты деректер ұсынамыз.
Киелі Маңғыстаудан қандай әулиелер шыққан?
"Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасы аясында өңірлік киелі орындарды тізімдеу жұмыстары жүзеге асырылды. Осыған орай республика көлемінде 500 жергілікті маңызы бар қасиетті орындар жобасы дайындалды. Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы мемлекеттік мекемесінің сайтында жарияланған Нұрсәуле Дауымшарованың "Қыз әулие - киелі орындар тізіміне енгізілді" мақаласында бұл тізімге Маңғыстау облысы бойынша 28 киелі нысан енгізілгені жазылған.
Олардың қатарында мына киелі әулие орындары бар:
- Ман-ата;
- Қаңға-баба жеріндегі Мақтым-баба;
- Есен-ата;
- Қошқар-ата;
- Темір-баба;
- Хатам (Сейіт)-ишан;
- Күйеу-там;
- Оғыланды-ата;
- Есмәмбет-әулие;
- Тобықтыдағы Бекет-ата мешіті;
- Кенті-баба;
- Ержан-хазрет;
- Бейнеу ауданындағы Қыз әулие;
- Сынықшы Қыдырша ата;
- Бекбаулы ата.
- Шопан ата қорымына жақын қола дәуірінің Ұлыкіндікті діни-қабірлеу кешені;
- Ақбота Бектұрлыұлы Көркембай-ахун мешіті,
- 1793-1838 жылдар аралығында өмір сүрген атақты сынықшы-емсек Мыңкісі Байсалұлы (Бөкен немересі).
Сонымен қатар табиғи ландшафт орындары ретінде:
- Үстірттегі Бозжыра тауы;
- Қаратау бөктеріндегі Ақмыш оазисі жерінде орналасқан Шерқала тауы;
- Самал сайы және Айрақтыдағы таңбалар;
- Қараған түбектегі Тамшалы, Саура сайлары бар.
Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар тізімінде Маңғыстаулық беріш (Қаратоқай) руынан шыққан Құлбарақ батыр әулие (1790-1832 жылдар аралығы), Маңғыстау түбегіне алғаш жерленген адай баласы Бердалы Отарұлы (1727-1770 жылдар), заманында бүкіл Маңғыстау өңірінің, қалың Адай елінің көреген көсемі, сөз ұстаған шешені атанған Айтқұлұлы Атағозы батыр (1704-1794 жылдар) жерленген қорымдар да бар. Алдағы уақытта киелі нысандар Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Заңы аясында қорғалатын болады.
Маңғыстау өлкесін сөз еткенде Бекет ата жайлы айтпау мүмкін емес. Себебі ел аузында Бекет атаның ерекше қасиеттері туралы аңыз-әңгіме көп. Әулиенің көк асасы, жылан кейпіне ене білуі, аққу боп ұшуы секілді аңыздар халық арасында жиі айтылады. Пір болған Бекет атаның қасиеті туралы бұған дейін жарияланған жазбамыздан оқи аласыздар.
Ораз қажы туралы жайлы не білеміз?
Жалаңтөс баһадүрдің тегінен сыр шертсек, арғы атасы Ораз қажы (1299-1385) атақты Әмір Темірдің (Ақсақ Темір) бас уәзірі, әрі ақылшы-сәуегейі болған. Бұл туралы Қорқыт ата атындағы қызылорда университетінің қызметкері Бақытжан Ахметбектің "Жалаңтөс баһадүр - қазақтың ұлы қолбасшысы" мақаласында былай жазылған:
"Ораз қажы ақыл-ойымен, білім-білігтілімен, өнегелі іс-қимылымен, әділдігімен, адалдығы арқасында қалын жұртты тәнті етіп, би атанған. Ораз қажы мұсылмандық жолын берік ұстанып, Меккеге үш рет барып қайтып, қажы атанған қасиетті кісі екен.
1931 жылы Ленинградта басылған «Темірланның ғұмырбаяны» атты кітапта Ақсақ Темір ол кісіні ұлағатты ұстаз деп құрмет тұтқаны айтылады. Енді сол Ақсақ Темірдің өзіне қадірменді бола білген данадан Тоқпан батыр дүниеге келеді. Оның жас шамасы Темірмен қарайлас, әкесінің ақылымен, өмір бойы жортуылшы әмірмен үзеңгілес серік болған деседі.
Осы Тоқпан батырдан Сейітқұл батыр дүниеге келген. Сейітқұл батырдан данқты қолбасшы, батыр, би, әмір, аталық, һәм Орталық Азия өңіріндегі атақты сәулет өнеріне дем беруші Жалантөс баһадүр 1576 жылы дүниеге келді.
1581 жылдың жазында Сырдарияның төмен жағында көшіп-қонып жүрген сексенге жасы жеткен Шығай хан ел-жұртқа төнген ауыр нәубет жұтқа ұшырап қатты күйзеледі де жаңа өріс іздеп, күнгей беттегі Нұрата, Қызбибі таулары төңірегіне барып, қоныс тебеді.
Енді бір деректерде ол жасы ұлғайғасын биліктен бас тартып, дін жолын қалап, әулиелі Бұқара-шәріп аясына барып, өз иелігіне берілген Ходжент қаласында Құдайға құлшылық етумен күн өткізеді. Ал Шығай ханның жақын серіктерінің бірі сырбойылық төртқара Сейітқұл батыр Тоқпанұлы еді.
Шығай ханмен бірге 40 мың үйлі алшындарын ілестіріп, Сейітқұл да көшеді. Сейітқұл батырдың соңына ерген алшындарды Нұрата, Қызбибі, Самарқан, Бұқара, Жызақ, Ақтау, Қызылқұм және Тамды төңіректеріне қоңыстандырады".
Сейітқұл батыр әрі би, әрі хан, әрі әулие болған. Сейітқұл батырды қол астындағы парсы, түрік, өзбек, тәжік, қарақалпақ, қырғыз жұрты "Синесоф буа" (парсыша көңіл-көкірегі ояу, пәк-жан) деп қатты құрметтеген. Сейітқұл әулие Жалаңтөс Бахадүрдің әкесі болса, әйгілі Әйтеке би Жалаңтөс Бахадүрдің ағасы - Ақша бидің немересі.
Қарасақал әулие һәм Айнық батыр
Қарасақал әулие туралы қандай мәліметтер бар? Төлепберген Тілеуқабылұлының kyzylorda-news.kz интернет газетінде жарияланған "Қарасақал әулие қорымы және Айнық батыр" деп аталатын мақаласында әулие жайында мынадай қызықты мағлұмат берілген:
Кезінде Қазақ Совет энциклопедиясына көптеген мағлұмат берген шежіреші Қызылбай Қарабалаев (1896-1985) ақсақалдың айтқан бір әнгімесінде былай делінеді:
"Ертеде қазақпен қалмақ (негізінде Шыңғысхан ұрпақтары болуы да мүмкін - автор) соғысып, барымталасып жүрген кезі екен. Бір күндері қазақтың ханы қалмақтың жиі, тұтқиыл шабуылынан мезі болып, қалмақта кеткен мал-жанын қайтару үшін қол жинап жорыққа аттаныпты. Барса, қалмақтар жау келе жатқанын біліп, қорған ішінде тұрып таспен, садақпен атып, қазақтарды қорғанға жолатпайды. Сөйтіп, бірнеше тәулік қамалды қоршағанымен жауды ала алмай, ханның әскері қайтуға бет алады. Айнық пен Тегенболат өздерінің аздаған сарбаздарымен ханға келіп, қамалды алудың бір жолы бар, әскеріңізді бір күнге кідіртіңіз! - дейді. Басқа шарасы таусылған хан келісімін береді.
Хан әскері күн бата еліне қайтқан болып, таң қараңғысында аттарының аяғына киізден шұлық кигізіп, Айнық пен Тегенболат бастаған көп қосын қорғанға жаяу еңбектеп келіп, қамал қақпасын балталап бұзып, қалың атты әскерді ішке кіргізіп, жауды жеңіп, мал-мүлкін олжалап еліне қайтыпты. Ел шетіне келген соң олжа бөлісіпті. Олжа бөлушілер бірінші бөлісті ханға, екінші бөлісті билер мен әскер басыларға, үшінші бөлісті ханның ұсынысымен "қара сақалды екі батырдың арқасында жауды жеңіп, олжа салып отырсыңдар, сондықтан да үшінші бөліс олжаның билігін сол екі қара сақалды батырларға беріңдер", - депті.
Хан нөкерлері "екі қара сақалды" батырларды көрдіңдер ме? - деп қалың сарбаз ішінен көп іздепті. Ол кезде Айнық пен Тегенболат қасындағы сарбаздарымен көл жағасында жуынып жатса керек. Хан нөкерлері екі батырды тауып, хан алдына апарып, олжадан үлесін беріпті. Айнық пен Тегенболат екі батырдың "Қарасақал" атануының мәнісі осылай болған екен деген аңыз бар. Олар жауға шапқанда "Аллажарлап" шапса керек, содан Қарасақал руының ұраны "Аллажар" болған. Айнық өте батыр адам болыпты. Шежіреші Қызылбай ақсақалдың айтуынша: - Бірде тұтқиылдан жау шауып, соғыста жүз адамға пай бермейтін, сауыт-саймансыз, тұсаулы атына жете алмаған Айнық (Қарасақал) батырға Жем бойындағы Оймауытта қапылыста оқ тиіп, қаза тауыпты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2042771-kisi-zuzden-syqqan-aulieler-turaly-ne-bilemiz/