Алаш арыстары: "Бесеудің хаты" деген не және оны кім жазған
Жарияланған күні:
"Бесеудің хаты" – 1932 жылы Қазақстандағы аштық кезінде жазылған тарихи маңызды құжаттардың бірі. Бұл хатты сол кезеңдегі қазақ зиялыларының алдыңғы қатарлы өкілдері жазды. Хатта Қазақстандағы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру және күштеп көшіріп отырықшы ету саясатының салдарынан туындаған ауыр жағдайлар сипатталып, КСРО басшылығынан көмек сұралды. Мақаламызда осы "Бесеудің хаты" туралы мәлімет беруді ұйғардық.
Хаттың авторлары
"Бесеудің хаты" деп аталатын бұл құжатты бес қазақ зиялысы жазған:
- Ғабит Мүсірепов – қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы, драматург.
- Мансұр Ғатаулин – Қазақ мемлекеттік баспасының меңгерушісі.
- Емберген Алтынбеков – Алматы Комвузының басшы қызметкері.
- Мұташ Дәулетқалиев – Алматы Комвузының басшы қызметкері.
- Қадыр Қуанышев – Қазақ АКСР Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының сектор бастығы.
Хаттың мазмұны
"Бесеудің хаты" Қазақстандағы аштықтың қайғылы жағдайларын ашып көрсетті. Хатта ауыл шаруашылығын ұжымдастыру науқанының тиімсіздігі, көшпенді қазақ халқының дәстүрлі өмір салтының бұзылуы және жаппай аштықтың таралуы туралы жазылған. Авторлар аштықтың себебі ретінде үкіметтің шектен тыс күш қолдануын және халықтың пікірін ескермей жүргізілген реформаларды атады.
Хаттың мәтіні
"Бүгiнгi Қазақстан – бұл 163 миллион сомның товарлы өнiмiн беретiн, 40 миллион малы бар өлке", – деп жаздыңыз. Сiз, Голощекин жолдас, 1930 жылы "Октябрь революциясының жеңiстерi" деген мақалаңызда... Бiрақ қазiр, Сiздiң мәлiмдемеңiзден кейiн 2 жыл өткен кезде Қазақстанда мал шаруашылығы саласында мал басының қисапсыз кемiп кеткенi әмбеге аян болып отыр: 1930 жылғы мал басының 1/8 бөлiгi (40 миллионнан 5 миллион) ғана қалды. ... Мал басының қисапсыз кемiп кетуi көптеген қазақ аудандарын қамтып, адамдардың жаппай қырылуына әкеп соққан ашаршылық (қыстың екiншi жартысынан бастап) жөнiнде әлi күнге дейiн ауыз ашпай отыру қаншалықты дұрыс? Колхоздар мен колхозшылардың (iшiнара совхоздардың да) қоғамдастырылған және қоғамдастырылмаған малы да осындай зор шығынға, сұрапыл қырғынға ұшырады...".
Құжаттың скриншотын Қазақстан Республикасы президентінің архиві жариялаған.
"БК(б)П Қазөлкекомитетінің бірінші хатшысына Ғ. Мүсірепов, М. Ғатауллин, М. Дәулетқалиев, А. Алтынбеков, Қ. Қуанышевтың (бесеудің хаты) Қазақстан халық шаруашылығын қайта жаңартудың бұрмалануы мен қателіктері туралы 1932 жылғы 4 шілдедегі хаты", - делінген скриншот сипаттамасында.
"Бесеудің хаты" тарихи құжат қана емес, сонымен бірге кеңестік биліктің репрессивті саясатына қарсы шыққан батыл қадам ретінде бағаланады. Бұл – хат қазақ зиялыларының өз халқына деген жанашырлығы мен патриоттық сезімдерінің көрінісі. Хаттың жазылуы Қазақстандағы аштық туралы мәліметтерді кеңес үкіметіне жеткізіп, халықтың жағдайын жақсартуға ықпал етуге тырысу ретінде қарастырылады.
"Бесеудің хаты" – қазақ халқының тарихындағы маңызды құжаттардың бірі. Бұл хат сол кездегі қазақ зиялыларының ел үшін жасаған батыл қадамдарының бірі ретінде есте қалады. Олар өз өмірлерін қатерге тіге отырып, халықтың ауыр жағдайын билікке жеткізуге тырысты. Бүгінде бұл хат бізге тарихтан сабақ алуға және өткенімізді құрметтеуге үндейді.
Амал не, шығармашыл зиялылардың пікірлері ұлтшылдықтың және байшылдықты аңсаудың белгісі ретінде қабылданды. Хат авторларын "ұлтшыл" және "байлардың мүдделерін қорғаушылар" деп айыптап, партиядан шығарамыз және қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытты. Өлкелік комитет хатпен танысқаннан кейін, оның авторларына көрсетілген психологиялық қысым олар үшін ауыр сынаққа айналды.
Неміс тарихшысы Роберт Киндлер "Сталин көшпенділері" атты еңбегінде хат авторларының бірі Мансүр Ғатаулиннің НКВД тергеушісіне берген жауабы келтірілген:
"...Мыналар – халық жаулары емес. Жау менмін. Сондықтан да мені соттаңдар. Бірақ менде халық жауы емеспін, халық жауларының жауымын. Ал сондай жау болуым 1932 жылы командировкамен Кентке (Қарқаралы маңындағы елді мекен) келгенімде басталды. Машинадан түстім, айналада тірі пенде көрінбейді. Ештең жоқ, ұзыннан салынған қора ғана тұр. Есігін ашсам, ішінде өліктер жатыр. Үлкен қораның іші қатар-қатар жиналған мәйіттерге толы. Кейбір адамдардың көздері ашық жатыр, бірақ әне-міне өлетіні көрініп тұр. Айғай-шуды естіп сыртқа шықтым. Шаштары жалбырап, көздері қанталаған, қолдарында пышақтары бар әйелдер жүргізушіге бас салып, оны да бауыздамаққа әрекеттенуде. Әуеге оқ аттым, олар тұра қашты. Жан-жағыма көз салсам, бір ошақта үлкен қазан қайнап отта тұр. Бірдеңе пісіп жатыр. Қақпағын ашсам, қайнап жатқан судың ішінен жас баланың бірде аяғы, бірде қолы, бірде өкшесі көрінеді. Міне сол кезден бастап халық жауларының жауы атандым...", - деп келтірген тарихшы Ғатаулиннің сөзін.
Авторлардың өмірі мен қайраткерлігі
Емберген Алтынбеков
"Оңтүстік Қазақстан" басылымының мәліметінше, 1933 жылы Голощекиннің тұсында Емберген Алтынбеков асыра сілтеу саясатының құрбаны болып, "Жұртшылықтан тұқымдық астық жинамаған" деген сылтаумен партия қатарынан шығарылып, үстінен қылмыстық іс қозғалған. Алайда, көп ұзамай Мирзоянның тұсында ақталып, Өлкелік комитетке нұсқаушы қызметіне бекітілген. 1937 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған аудандық партия комитетінде басшылық қызметте жүргенде бұрын Өзбекстанға ауып кеткен 1000 отбасының елге оралуына ықпал еткен. Дегенмен, тоталитарлық жүйе өз дегенін істеп, 1938 жылғы алапатта «Революцияға қарсы ұлтшыл бүлдіргіш ұйымға қатысты» деген жаламен Канск лагеріне айдалған. Ұлы Отан соғысы қарсаңында ісінде қылмыс құрамы болмауы себепті, ақталып шыққан. Соғыс жылдарында қазіргі Түркістан облысының Келес, Сарыағаш аудандарын басқарған.
Қиын да ауыртпалыққа толы ғұмыр кешкен Емберген Алтынбеков 1954 жылы өз отбасының ортасында дүниеден өтті.
- Мансұр Ғатаулин
1932 жылдан Қазақ мемлекеттік баспасының меңгерушісі. 1936 – 1937 жылдары Ақмола аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған. Ғатаулин Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Филипп Голощекиннің әрекетіне өз наразылығын ашық білдірді, ұжымдастыру жылдарындағы қазақ даласындағы жаппай ашаршылық жағдайлары жөнінде хабарлады, сол үшін қуғын-сүргінге ұшырады. 1930-жылдардағы Қазақстандағы апатты жағдай жөнінде айтылған "Бесеудің хатына" қол қойған.
1937 жылы қараша айында Қарағанды қаласында Қарқаралы округінің арасында Ғатаулин де болған жетекші партия, кеңес қызметкерлерінің үстінен сот процесі өткізілді. Жалған айып тағылып, Ғатаулин 1937 жылдың қарашасында атылды. 1957 жылы ақталды.
- Мұташ Дәулетқалиев
Жазушы Төлен Қаупынбайұлы келтірген мәліметтер бойынша, Мұташ Дәулетқалиев Оралдағы Басқұншақ тұз өнеркәсібі жұмысшысының баласы.
Ал тағы бір деректе 1904 жылы Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының Тайбұрат деген жерінде дүниеге келгені айтылады. Ол 1923 жылы Орынбордың рабфагында жазушы Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлиндермен бірге оқыған. Содан кейін Мәскеудегі Плеханов атындағы Халық шаруашылығы институтын бітіріп, елде түрлі салада басшылық қызметтер атқарған Мұташ Дәулетқалиев хат жазылған тұста КомВУЗ-дың (кейіннен жоғары партия мектебі болған) ректоры қызметінде болған екен. Голощекин қанша тісін қайраса да, олардың көзін жойып жіберуге құдіреті жетпей, тек "оппортунистер" деп қудалауға ұшыратады.
Сол себепті Мұташ Дәулетқалиев Арал қаласы парткомының бірінші хатшысы қызметіне "жіберіледі". Одан қайтадан Алматыға келіп, Қазақ өлкелік комитетіндегі мәдениет бөлімін басқарады. Бұл қызметте де шыдатпай, Қордай аудандық партия комитетіне хатшы боп кетеді. Әйтеуір, 1935 жылы Қазақстаннан кетіп, көзі жоғалғанша Голощекин оның соңына әбден түскен екен. 1938 жылы Мүкең "халық жауы" деген жаламен ұсталып, Семейдегі абақтыға қамалды.
Күйеуін іздеп барған Азғар Нұриденқызы екі баласымен жұмыстан шығарылды. 1982 жылы Дәулетқалиев Алматы қаласында өз ажалынан дүниеден озған. Дәулетқалиевтің зайыбы 80 жастан асқан шағында дүниеден озған.
- Қадыр Қуанышев
Қуанышев 1932 жылдың шілдесінен Қазақ АКСР Мемлекеттік Жоспарлау Комитеті энергетика секторының меңгерушісі болған. КСРО жазушылары одағы басқармасының жауапты хатшысы, кейін “Социалистік Қазақстан” газетінің редакциясында жұмыс істеді.
1937 жылы жалған айыпталып, қуғын-сүргінге ұшырады. Сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Шамамен 1938 жылдың ақпан – наурыз айларында Норильск лагерінде қаза тапқан. 1959 жылы ақталды.
- Ғабит Мүсірепов
Мүсірепов – қазақтың халық жазушысы, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақ КСР ҒА академигі болған, Социалистік Еңбек Ері атанған, Қазақстан халық жазушысы.
1961 жылы Қазақстан жазушылары Одағының төрағасы болған. КСРО Жазушылар Одағының хатшысы, КСРО Жоғары Кеңесінің 5-шақырылымының және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаты болған.
Мүсіреповтің қайраткерлігін айтқанда қазақтың классик жазушысы Бейімбет Майлинге араша түскенін еске алуға болады. Бұл туралы Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шахановтың естеліктерінде айтылады:
"1937 жылы Бейімбетті қауіпсіздік комитеті "халық жауы" деп ұстап әкеткенде Мүсірепов бұлқан-талқан боп ызаланған қалпында Алматы қалалық партия комитетіне барып: "Егер Бейімбет Майлин жау болса, мен де жаумын, елге, мемлекетке жан-тәнімен берілген адамды жау санаған мұндай коммунистік партияның қатарында бұдан былай бір сәт те тұрғым келмейді", - деп партиялық билетін лақтырған. Досына, рухани қаламдасына деген қайсар адалдық, сол кездегі тұлғалар арасында мүлде кездеспейтін жағдай еді. Ал партбилетін лақтыру сол кездің жағдайымен қарағанда тікелей өлімге бас тігу болатын. Осындай оқиғалардан кейін Мүсіреповтің халық жауы ретінде атылмай, қалайша тірі қалғанына таңым бар", - деді Шыңғыс Айтматов.
"Партия комитетінен шыққаннан кейін Ғабең жұмысына барады да Мәскеуге КСРО Жазушылар Одағына, өзімен достық қатынаста жүрген Александр Фадеевке телефон соғады. Кейде адамның тағдыры бір сәтте шешіледі емес пе? Фадеев кабинетінен шығып, КОКП Орталық Комитетіне барып қайту үшін табалдырықтан енді аттай бергенде хатшы қыз оған Мүсіреповтің бір тығыз шаруамен хабарласып тұрғанын дауыстап жеткізеді. Фадеев кабинетіне қайта еніп, Мүсіреповпен ұзақ сөйлесіп, мән-жайға қанығады. Сөйтіп Орталық Комитеттегі осы мәселемен шұғылданатын бөлім бастығына өтінішпен барып, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетіне "Мүсіреповке тиіспеу туралы" тапсырма бергізді.
Фадеевтің арқасында ғана Мүсірепов атылмай аман қалды. 1989 жылы КСРО халық депутаты болып жүрген кезімде Ғ.Мүсіреповтің осы екі ерлігі жайлы Андрей Сахаровқа айтып бергенімде ол "Алматыға барғанымда мені сол кісінің қабіріне ертіп апарыңызшы. Қабіріне міндетті түрде бір шоқ гүл қоямын" деген еді.
Бірақ А.Сахаров көп ұзамай о дүниелік болып кетті. Бірде ұлы тұлғаның сол сөзі есіме түсіп, бір орам гүлді "Андрей Сахаровтың атынан" деп жазып Кеңсайдағы Мүсіреповтің бейітіне апарып қойдым. Иығымнан ауыр жүк түскендей өзімді жеңіл сезіндім дегенімде, сөзімді мұқият тыңдап келе жатқан Шыңғыс Айтматов «қазақтың классик әдебиетінің дара тұлғасы Ғ.Мүсірепов сол ерліктерімен дараланған нағыз батыр деген еді" деп әңгімемізді аяқтаған едік", - деген екен Мұхтар Шаханов.
Ашаршылықтың негізгі цифрлары
Тарихшы Қайдар Алдажұманов сұхбатында мынадай деректерді келтірген:
1929 жылдың 1 қаңтарына қарайғы статистикалық дерекке сәйкес, Қазақстанда 44 миллион 723 мың 200 бас мал болған, мал дайындау жоспары – 156 200 бас. 1930 жылы – 29 миллион 549 200 бас мал болса, мемлекетке 2 миллион 718 мың 857 бас мал өткізу жоспарланған. 1931 жылғы дерекке сәйкес, 8 миллион 612 800 бас мал қалыпты, жоспар – 4 898 011 бас. Ал 1932 жылдың соңында қалғаны – 3 миллион 500 мың бас мал. Міне, 1929 жылға дейінгі ресми есепке енген 45 миллионға жуық малдан 1934 жылдың 1 қаңтарында 3,5 миллион мал қалған!
"КСРО билігі Қазақстанға таусылмайтын азық-түлік көзі бар аймақ ретінде қарады. Сауда және жабдықтау халық комиссариаты (Анастас Микоян басқарған) жыл сайын жоспар жасайды, Қазақстанға міндетті түрде ең көп мал басын өткізу тапсырылады. Микоянның өзі 1931 жылы қаңтардың аяғында Алматыға келеді.
Жергілікті басшылыққа "1931 жылғы Қазақстанның мемлекетке өткізетін мал басының 70 пайызын осы қыста (ет бүлінбейтін кезде) тапсырыңдар" деп нұсқау береді. "Шаш ал десе бас алатын" шолақ белсенділерді айдап салып, елдің қолындағы малды күшпен тартып алады. Негізі, ол кезде мемлекетке алған мал басы үшін өтем ретінде азын-аулақ ақша төленген. Бірақ қазақтарға сол ақшаны да бермепті", - дейді Алдажұманов.
Кейін жазушы Шерхан Мұртаза "Бесеудің хаты" тарихи драмасын тарихта құжат ретінде қалған осы хаттың негізінде жазған. Пьесада бюро жиналысы бейнеленген. Шығармада ел басына түскен зауал Ғабиттің сөзімен беріліп, оның ұлт мүддесін қасқая қорғап, басын өлімге тіккен ерлігі айтылады. "Бесеудің хаты" – жас ұрпаққа тарихымызды білдірер, халық қасіретін ұқтырар туынды.
Прологты, эпилогты тарихи драманың аудионұсқасын YouTube-тен тыңдауға болады:
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2104686-alash-arystary-beseuding-haty-degen-ne-zhane-ony-kim-zhazgan/