Олимпиададағы ерекше тосынсый: Сиднейде алтын алған Ольга Шишигинаның тарихи жеңісі туралы не білесіз
Жарияланған күні:
Ольга Шишигина – жеңіл атлетика бойынша Олимпиада чемпионы. Ол – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері және 100 метрге кедергілермен жүгіруден әлем чемпионы атанған. Бұл мақаламызда спорт әлемінің үздігі Ольга Шишигина жайлы деректер ұсынамыз.
Ольга Шишигинаның өмірі мен спорттағы жолы
Ольга Васильевна Шишигина 1968 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақстандық жеңілатлет, спринтерші, Сидней Олимпиадасының чемпионы (2000 жыл), Қазақстанның Еңбек сіңірген спорт шебері.
Жеңіл атлетикамен (кедергілерден 100 метрлік спринтерлі орғу) 1978 жылы шұғылдана бастады. 1985 жылы КСРО құрама командасы сапына кірді.
1985 жылы Орджоникидзеде жеңіл атлетика көпсайысынан (кедергілер арқылы 60 м+200 м) жасөспірім балалар мен қыздар арасында жабық залдағы КСРО чемпионатында Ольга Куцакова (Алматы) – IV орын (8,6 және 26,1 сек) алды.
Қыз күніндегі тегі – Куцакова
olympic.kz сайтында жарияланған Есей Жеңісұлының "Жеңімпаз болмысты жан – Ольга Шишигина" мақаласындағы деректерді негізге алсақ, Ольга Василийқызының қыз күніндегі тегі Куцакова болған. Одақ аумағына да ол алғаш осы фамилиямен танылды. Орджонокидзедегі жарыстан кейін Ольга сол жылы Киевте 4-7 шілде аралығында өткен І Бүкілодақтық жасөспірімдердің спорт ойындарына қатысты. Бұл дода Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 40 жылдығына арналды. Ольга Куцакова кедергілер арқылы 100 метрді 13.87 секундта жүгіріп өтіп, чемпион атанды.
Болашақ олимпиада чемпионының спорттағы нәтижесі одан әрі жақсара берді:
- 1986 жыл. Симферополь. 1967-1970 жылдары туған жастар арасында КСРО көктемгі чемпионаты. О.Куцакова – І орын (13,84 секунд).
- 1986 жыл. Каунас. КСРО жасөспірімдер чемпионаты. О.Куцакова – күміс жүлде (13,80 секунд).
Балабақшада тәрбиеші болған Ольга
Ольга Шишигина бір кездері спорттан біржола кететін болып шешім қабылдаған. Алайда жылдар бойы жасаған еңбегі, спортқа деген махаббаты оны орта жолда тастамады. Бұл жайлы Есей Жеңісұлы "Жеңімпаз болмысты жан – Ольга Шишигина" мақаласында былай жазады.
КСРО тарап, әр республика өз алдына жарыстарға қатыса бастағанда, Ольга қиын жағдайға тап болды. 1992 жылғы жарыстардың бәріне спортшылар ТМД-ның біріккен командасы сапында қатысты. Осы сәтте Ольга спорттан қол үзді... Балабақшаға жұмысқа тұрды. Бірақ... небәрі екі айға шыдады. Спорттан ештеңеге қол жеткізбей кетуге дәті бармады. Өзіне сенімі күйремей тұрып кері қайтты. Өзінің спортқа арнаған уақытын аяды, соны бекер жібермеуге тырысты.
Жеңіл атлет Ольга Шишигина әр жылдарда мынадай жетістіктерге жетті:
- 1993 жылғы Азия чемпионатында (Манила, Филиппин) Ольга Шишигина 13,57 секунд нәтижемен қола медаль жеңіп алды. Бұл кездегі басты қарсыласы Жаң Ю (Қытай) болды. Ю бұған дейінгі Азия додасын жеңіп алды, 1992 жылғы Барселона олимпиадасында жартылай финалға жетті. Манилада Ю маусымның ең үздік нәтижесін көрсетті (13,07 сек). Бұл көрсеткішті Шишигина көп ұзамай-ақ жаңартты.
- 1994 жылғы шілдеде Санкт-Петерборда өткен ІІІ Ізгі ниет ойындарында Шишигина қашықтықты 13 секундта жүгіріп өтіп, үздік төрттікке енді.
- 1995 жылдардағы жазғы (Гетеборг, Швеция) және қысқы (Барселона, Испания) Әлем чемпионаттарының күміс медаль иегері.
- 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындарына қатысып, ерекше төзімділік танытқан. Осы Олимпиадада алтын медаль иегері атанды.
- 2001 жылы Канаданың Эдмонтон қаласында өткен Әлем чемпионатында күміс жүлдені иеленді.
- 2002 жылы Қазақтың мемлекеттік туризм және спорт академиясын бітірді. Осы академиясының жеңіл атлетика кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды.
Сидней Олимпиадасы. Алтын алған сәт
Сидней Олимпиадасында қазақ спортшылары биіктен көрінді. Жеңіс тұғырына көтерілген сәтті Ольга Шишигина былай еске алады:
"Барлығы тұман секілді көрінді, трибуна алдында құрмет айналымын жасап жүгіріп шыққанда ғана өзімнің олимпиада чемпионы атанғанымды сезіндім. 100 метрге кедергілермен жүгіруде фавориттердің бірі америкалық Гейл Диверспен жартылай финалға шықтым. Жүлделі орындарға шынымен үміткер бола алатын үш адам қалды – нигериялық Глория Алози, америкалық Мелисса Морис және мен. Бізде шамамен бірдей нәтиже болды және көп нәрсе кімнің жақсы бастағанына байланысты еді. Ең қиыны – психологиялық тұрғыда бірінші кедергіге төтеп беріп, алға ұмтылу. Бастапқыда сенімділік жоғалса, мұндай қысқа қашықтықта қуып жету мүмкін емес. Финал аяқталған соң бірер секундтан кейін еліміздің туын көкке көтеріп тұрдым. Бұл менің өмірімдегі ұмытылмас сәт еді. Енді Олимпиадаға қатыспайтынымды түсіндім. Өйткені бұл мен үшін бірінші әрі жалғыз дода болды. Сондықтан бірінші әрекеттен-ақ сәттілік серігім болды. Мен өмір бойы осы жеңіс үшін еңбек еттім".
Сидней Оимпиадасының жартылай финалында Гейл Диверстің ескі жарақаты сыр берген болатын. Мәреден аттанған сәттен-ақ сіңірлері тартылып, кедергіні құлатып алған еді, өзі де сүрінді. Сөйтіп Диверс күтпеген жерден жарысты ерте аяқтады. Финалда басты қарсылас болады деп күткен спортшы осы Диверс болатын. Дегенмен басқа қарсыластары да мықты болды. Нигериялық Алози де фавориттердің бірі еді.
Ольга Шишигина 2013 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. І дәрежелі "Барыс", "Құрмет", "Дарын" ордендерімен марапатталған.
Ольга Шишигина талантты спортшыларды қолдайтын "Бірінші болу – батылдық" қорының қамқоршылық кеңесіне қосылды. Оның тәжірибесі мен көшбасшылық қасиеттері Қазақстан спортының дамуына септігін тигізіп, жас атлеттер үшін шабыт көзі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2146398-olimpiadadagy-erekshe-tosynsyi-sidneide-altyn-algan-olga-shishiginanyng-tarihi-zhengisi-turaly-ne-bilesiz/