Әйгілі Нұрғали Нүсіпжанов: өмір жолы, тағдыры және шығармашылығы
Жарияланған күні:
Нұрғали Нүсіпжанов – қазақ өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар тұлға. Әншінің орындауындағы "Өз елім", "Құстар", "Теріскей", "Саржайлау", "Алатау" сынды әндер жарты ғасыр өтсе де, халықпен бірге жасап келеді. Құлақтың құрышын қандыратын ерекше мәнерлі, иірімді туындылар Нұрғали Нүсіпжановтың болмысымен қабысып кеткендей. Мақаламызда Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың өмірі мен өнер жолы жайлы деректер ұсынамыз.
- Нұрғали Нүсіпжанов - қазақ өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық әртісі және ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, оның орындауындағы әндер жарты ғасырдан бері халық арасында танымал.
- Ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алған, Абай атындағы Опера және балет театрында, Қазақ радиосында, телевизияда және Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрінде қызмет еткен, сонымен қатар көптеген шетелдерде өнер көрсеткен.
- Нұрғали Нүсіпжанов - Нұрғиса Тілендиев пен Шәмші Қалдаяқовтың көптеген әндерінің алғашқы орындаушысы, ол бес қыздың әкесі және 82 жасында журналист Жадыра Сейдешпен некелескен.
Нұрғали Нүсіпжановтың балалық шағы
Нұрғали Нүсіпжанов 1937 жылы 5 қаңтарда Жетісудың Алтынемел тауы баурайындағы Доланалы деген шағын ауылда туып-өскен. Бұл ауылда долана көп өскендіктен Долана деп аталып кеткен. Әнші осы ауылдағы жеті жылдық мектепте оқыған. Одан әрі қарай білімін Қоғалыдағы мектепте жалғастырған.
Нұрғали Нүсіпжановты ауылдастары "суретші бала" деп атаған көрінеді. Себебі бала күнінде сурет салғанды өте жақсы көрген екен. Әнші бұл өнері жайлы "Aiqyn" газетінің тілшісіне берген сұхбатында былай депті:
Бала кезімде сурет салуға тым құмар едім. Ол кезде қазіргідей сурет салуға арналған түрлі қалам табыла бермейді. Сонда ағаштың шоғынан қалған қара күйемен үйдің әппақ қабырғасына түрлі сурет салып тастайды екенмін. Оны көрген анам (ол кезде әктің де қат кезі ғой) маған ренжіп, ұрсып жүретін. Тауды, құстарды, табиғатты бейнелеймін. Бір қызығы, суретті өте әдемі салушы едім. Мектеп қабырғасында жүргенде түрлі сахналық безендіруге қатысып, "суретші бала" атанғаным да бар. Онымен қоса сол сахналарда ән де салып жүрдім.
Бұдан бөлек әнші математиканы қатты жақсы көрген, геометриялық фигураларды салған кезде мүлт кетпейтін болған екен. Сондай-ақ ол ағаш еккенді ұнатады. Әншінің он жасында еккен алма ағашы әлі күнге дейін өсіп, жемісін беріп тұрған көрінеді. Ол "Ана тілі" басылымына берген сұхбатында ағаш егуге деген құштарлығын былай баяндаған екен:
"Ағаш егуге құмарлық алма ағашынан басталған еді. Кейін оныншы сыныпты тәмамдап, мектеппен қоштасар жылы 15-20 түп тәтті алма беретін ағаш отырғыздым. Ол да бүгінгі күнге дейін өз жемісін беріп, жайқалып жайнап тұр".
Өмір жолы, өнер жолы
Нұрғали Нүсіпжанов қайда білім алды? Ол қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алған. Бұл оқу орнына сол кездегі заңдылық бойынша комсомолдық жолдама арқылы түскен, яғни оқуға түсу үшін екі жыл ауылында шопан болып жұмыс істеген екен.
Нұрғали Нүсіпжанов оқу орнын бітірген соң бірден Абай атындағы Опера және балет театрына жұмысқа қабылданған. Ол жерде екі жыл жұмыс істеді. 1966 жылы Қазақ радиосының музыкалық хабарлар редакциясына қызметке орналасады. Онда Ділшат Мұсабаев, Венера Қармысова, Люция Төлешова, Зейнеп Қойшыбаева, Лаки Кесоглу сияқты әншілермен бірге жұмыс істеді. Радиодағы 4-5 адам отыратын редакцияны 14-15 қызметкерге дейін көбейтіп, халық музыкасы, эстрадалық әндер, камералық музыка, шетел әндері секілді бөлімдер ашқан. Сондай-ақ осы салаға тікелей жауап беретін кәсіби білімі бар мамандарды жинап, оларға бағыт-бағдар беріп, жұмысты ұйымдастырып отырған.
Артынша қазақ телевизиясының музыкалық хабарлар редакциясын басқарып, 10 жыл қатарынан радио мен телеарнада қызмет еткен. Одан кейінгі 20 жылда Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрінде жетекші әнші болды.
Нұрғали Нүсіпжанов – Қазақстанның Халық әртісі, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Көрнекті тұлға және отандық орындаушылық өнердің тірі аңызы. Ол Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының солисі ретінде, сонымен қатар "Отырар сазы" оркестрінде еңбек етті.
Әнші қазақ өнерін шетелдерге танытты. Ол Швецияда, Финляндияда, Моңғолияда, Ауғанстанда, Йеменде, Анголада, Кипрде, Португалияда, Сирияда, Грекияда, Югославияда, Алжирде, Германияда, Түркияда, Польшада, Қытайда және басқа да елдерде өнер көрсетті.
Нұрғиса Тілендиев пен Шәмші әндерінің алғашқы орындаушысы
Нұрғали Нүсіпжанов – Нұрғиса Тілендиевтің бірқатар вокалдық шығармаларының алғашқы орындаушысы. Әнші бұл туралы сұхбатында былай дейді:
Нұрағамен студент кезімнен ағалы-інідей болып, өмірінің соңғы сәттеріне дейін 51 жыл араластым. Ол кісі мені туған бауырындай көрді. Әндерінің 90 пайызының алғашқы орындаушысы болғанымды жасырмаймын.
Қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдыаяқов та жаңа әндерін Нұрғали Нүсіпжановқа арнайылап ұсынған көрінеді. Сондай әннің бірі – "Теріскей" еді.
Шәмші Қалдыаяқов бір кездері Алматыдан алыстап, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында тұрды. Сол кездерде дүниеге келген әрбір жаңа әнін ешкімге берместен Алматыға арнайы іздеп келіп, маған табыстап кететін. Сондай әнінің бірі – "Теріскей". Ол әнді ақын Сабырхан Асанов екеуі Оңтүстік өңірді аралап жүріп, Созақ ауданына барғанында жазған екен. Бұл - Қаратау тауының теріскей бетінде жатқан ауыл. Кешегі Сүгір Әлиұлы, Төлеген Момбеков сияқты небір дүлдүлдер шыққан өңір. Осы әнді маған Алматыға ерінбей ат терлетіп келіп, өзі табыстап кетіп еді.
Өнер иесі – бес қыздың әкесі. Перзенттерінің ішінде өнер жолын қуғандары бар.
Нұрғали Нүсіпжанов 82 жасында журналист Жадыра Сейдешпен некелесті. Әншінің жеке өміріндегі өзгеріс әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен болатын. Бір тарап бұл жұптың некесін құптаса, екінші тарап қарсы пікірлер білдірген еді. Алайда әншінің қыздары оған түсіністікпен қарап, қолдау көрсеткен көрінеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2154769-nurgali-nusipzhanov-omir-zholy-tagdyry-zhane-shygarmashylygy/