Жаңбыр неліктен жауады, ол қалай пайда болады және бұл табиғи құбылыстың қандай ерекшеліктері бар
Жарияланған күні:
Жаңбыр – тіршілік үшін аса маңызды ауа райы құбылысы. Бұл материалда сала мамандарының тұжырымына сүйене отырып, жаңбыр қалай пайда болатынын және не себепті жауатынын түсіндірмекпіз.
- Жаңбыр – су айналымының бір бөлігі, су қоймаларының бетінен буланған судың атмосферада бұлт түрінде жиналып, жерге қайта түсуі арқылы пайда болады.
- Жаңбыр тамшылары әртүрлі өлшемде болады, диаметрі 0,5-7 мм аралығында, ал пішіні сфералықтан парашют тәрізді болып өзгеруі мүмкін.
- Жаңбыр тіршілік үшін маңызды, ол өсімдіктерге ылғал беріп, экожүйелерді сақтап, атмосфераны тазартады және ауаны салқындатады.
Жаңбыр – табиғаттағы су айналымының бір бөлігі
Жаңбыр деген не? Жаңбыр – аспаннан жауатын су немесе бұлттан жауатын сұйық тамшылар түріндегі жауын-шашын. Балаларға арналған Siva Kids танымдық сайтында бұл құбылысқа мынандай анықтама берілген: жаңбыр – алдымен бұлт түрінде жиналып, содан кейін жерге түсетін буланған су.
Curiosity сайтында жарық көрген материалда жауын-шашынға әкелетін бүкіл табиғи процесс сипатталған. Жаңбыр қалай пайда болады? Мұның бәрі су қоймалары (мұхиттар, теңіздер, өзендер, көлдер) бетіндегі судың булануынан басталады. Күн сәулесі қыздыратындықтан, ол су буына айналады. Ылғал фотосинтез процесі кезінде топырақтан, ағаштар мен өсімдіктерден де буланады.
Көзге көрінбейтін су буы алыс атмосфераға таралады. Жоғарыда температура жер бетінен төмен, сондықтан бу өзінің агрегаттық күйін өзгертіп, сұйыққа айналады. Содан бұлттар пайда болады, жиналған ылғалдан олар ауырлап, жерге, өсімдіктерге, су айдындарына жаңбыр болып жауады. Су айналымы процесі үздіксіз жүріп тұрады.
Жаңбыр бұлттардан басталады
Бұлттар – су айналымының негізгі элементтері. NOAA Sci Jinks мұхиттағы және атомсферадағы зерттеулерді басқару сайтында жарық көрген мәлімет бойынша, бұлттар жаңбыр суын тасымалдайды және ауа мен жер температурасына әсер етеді.
Бұлттар көбіне өрлемелі ауа ағындарында пайда болады. Бұл ретте су буымен қаныққан ауа массалары атмосфераның жоғарғы сиретілген және суық қабаттарына ауысады. Температура төмендеген кезде су буы сұйық түрге айналып, су тамшылары пайда болады. Мұндай процесс әртүрлі температурадағы екі буға қаныққан ауа массасы араласқанда да жүреді. Нәтижесінде жаңбыр не қатты жауады не себелеп жауады.
Бұлттар ылғалды ауа жердің суық қабатымен жанасқан кезде пайда болуы мүмкін. Ол көбінде жағалаудағы аймақтарда теңіз желінен пайда болады. Жауын-шашын жиі аралас бұлттардан жауады: будақ-жаңбырлы бұлттар, қабатты-жаңбырлы бұлттар, жоғары-қабатты бұлттар. Сіркіреп жауатын жаңбырды қабатты және қабатты-жаңбырлы бұлттар алып келеді.
Тамшылардың өлшемдері мен пішіндері әртүрлі болады
Жаңбыр су тамшылары түрінде жауады. Бұл тамшылар бумен қаныққан ауаның конденсациясы нәтижесінде пайда болады. National Geographic журналында жарық көрген мәліметке сүйенсек, бу ауамен қаныққан микроскопиялық бөлшектердің айналасында конденсацияланады . Бұл шаң, тұз, түтін және басқа ластаушы заттар болуы мүмкін.
Неліктен жаңбыр жауып тұр? Сұйықтықтың ұсақ тамшылары бұлттарда ілініп тұрады да, турбуленттілік кезінде олар соқтығысады, үлкенірек тамшыларға қосылып, ауыр тартады. Мұндай тамшылар ауа кедергісін жеңіп, жерге жаңбыр болып жауады. Жаңбыр тамшыларының диаметрі 0,5 мм-ден 6-7 мм-ге дейінгі аралықта болады. Олар ешқашан бұдан үлкен болмайды, өйткені шекке жеткенде олар кіші бөліктерге бөлініп кетеді.
Жаңбыр тамшылары жиі суреттелетіндей көз жасы түрінде болмайды. Кішкентай тамшылар сфералық пішінге ие. Көлемі ұлғайған сайын олар жалпаяды, өйткені олар келе жатқан ауа ағынының қысымына тап болады. Өте үлкен тамшылар парашютке ұқсас пішінде болады, бірақ бұл пішінде ұзақ тұрмайды және көп ұзамай екі немесе одан да көп тамшыларға бөлініп кетеді.
Жауын-шашы әртүрлі келеді
Халық арасында жаңбырды әртүрлі атайды: соқыр жаңбыр, нөсер жаңбыр, ақжауын, өткінші жаңбыр.
Метеорологияда жаңбыр негізгі 3 түрге бөлінеді:
- Нөсер жауын. Нөсер жаңбыр жинақталған бұлттардан шағын аумақтарға жауады. Нөсер ұзаққа созылмайды, олар кенет басталып, кенет аяқталуы мүмкін, бірақ жауған кезде қарқындылығы өзгереді. Қатты нөсер кезінде жиі бұршақ жауып, найзағай ойнайды.
- Ақ жауын, оны қатпарлы бұлттар алып келеді. Ол біркелкі қарқынмен жауады. Үлкен аумақты қамтиды, біртіндеп басталып, біртіндеп тоқтайды.
- Сіркіреп жауатын жаңбыр. Оны да қатпарлы бұл алып келеді. Оны тамшылары өте ұсақ – 0,5 мм болады. Көбінде күзде жауады.
Сондай-ақ нөлден төмен температурада жауып, көктайғақ жасайтын жаңбыр болуы мүмкін. Құрғақ шөлдерде вирга жаңбыр жауады, жер бетіне жетпей, құрғақ, ыстық ауада буға айналып кетеді.
Қоршаған ортаның ластануы жағдайында қышқыл жаңбыр пайда болды, деп жазады National Geographic журналы. Жанармай жануы мен пайдаланылған газдардан атмосфера күкірт диоксиді мен азот оксидімен толтырылады. Олардың айналасында су буы конденсацияланады – қышқыл пайда болады. Мұндай тамшылармен жауған жаңбыр өсімдіктерге, топыраққа, су қоймалары мен олардың тұрғындарына, ғимараттарға зиянын тигізеді.
Жаңбыр суы жердегі тіршілікті қамтамасыз етеді
Vedantu білім беру платформасында жаңбырдың жер бетіндегі тіршілік үшін ерекше маңызы былай сипатталады:
- Жаңбыр өсімдіктерге, ағаштарға және шөптерге ылғал әкеледі. Сусыз өсімдіктер топырақтағы қоректік заттарды сіңіре алмай, өспей қалады. Ұзақ уақыт жаңбыр жаумай қойса, ауылшаруашылығы өнімінің түсімі азаяды, бұл азық-түлік тапшылығына немесе тіпті ашаршылыққа әкеп соқтырады.
- Жаңбыр суы әртүрлі экожүйелерді сақтап, өсімдіктер мен жануарлардың өмір сүруіне көмектеседі.
- Жаңбыр ыстық ауа райында атмосфераны салқындатады, жоғары температураны төмендетеді, ауаны ылғалдандырады және тазартады.
- Жаңбырдың көмегімен тұщы су қайта бөлінеді. Кейбір құрғақ аймақтарда ол пайдалануға жарамды судың жалғыз көзі болып саналады.
Жауын-шашын ғаламшар аймақтарында да, жыл мезгілдерінде де әрқалай жауады. Шөлді жерлерде жауын-шашын деңгейі жылына 25 см-ден аспайды, ал тропиктік аймақтарда бірнеше ай бойы үздіксіз жаңбыр жаууы мүмкін. National Geographic журналының мәліметінше, жауын-шашын бойынша әлемдік рекорд 1861 жылы Үндістанның Черрапунджи қаласында орнатылған: бір жыл ішінде 2296 см жауын-шашын түскен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2163220-zhangbyr-nelikten-zhauady-ol-qalai-paida-bolady-zhane-bul-tabigi-qubylystyng-qandai-erekshelikteri-bar/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.