Күзгі сезім: қазан айына арналған махаббат жұлдызнамасы
Жарияланған күні:
Таразы белгісіндегі Күннің тұтылуы және Венера мен Марстың гармониялық аспектісі кейбір адамдардың романтикалық сезімдерін оятады. Бірқатар зодиак белгісі қазан айында жұбын табады. Махаббат әлемінде кімнің жолы болатынын астролог Дришти Матур айтты.
- Астролог Дришти Матур қазан айында бірқатар зодиак белгісінің махаббат жағынан жолы болатынын айтты.
- 2 қазандағы Күн тұтылуы және Венера мен Марстың гармониялық аспектісі көптеген белгілердің романтикалық сезімдерін оятып, қарым-қатынастарын жақсартуға мүмкіндік береді.
- Әр белгі үшін қазан айында махаббат саласында күтілетін оқиғалар мен мүмкіндіктер егжей-тегжейлі сипатталған, мысалы Тоқтылар үшін жаңа байланыстарды нығайту кезеңі, ал Таразылар үшін жаңа жұбын кездестіру мүмкіндігі бар.
Тоқты
Қазан айында Тоқтылардың махаббат әлемі көбірек назар аударуды, шынайылық пен ашықтықты талап етеді. Астролог Нина Хан 2 қазандағы Күн тұтылуы кезінде серігіңізге назар аударуға кеңес береді. Арақатынасы қиын боп жүргендер тығырықтан шығып, жүрегін жаңа сезімдерге аша алады.
17 қазанда Айдың Тоқты белгісінде толуы өзіңізге назар аударуды қажет етеді. Қазанның екінші жартысы жаңа байланыстарды нығайтуға арналған кезең болмақ. Серігіңізге көңіліңіз толып, сенімін дұрыс бағалай білсеңіз, қарым-қатынасты жақсарту жоспарларын құру оңай болады.
Торпақ
Торпақтар қазан айында өз сезімін батыл көрсетеді. 7-9 қазан аралығында Венера мен Марстың гармониялық аспектісі қарым-қатынасты жақсартып, жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті табуға көмектеседі. 18 қазанда Венера Мерген белгісіне ауысқанда серігіңізбен демалысқа шығуды жоспарлаңыз.
Қазан айында жұп арасындағы кез келген қиындықтар тез және оңай шешілетін болады. Ал әлі бойдақ жүргендер үшін 15 қазаннан бастап өзіне деген қызығушылықтың артқанын сезінеді. 17 қазандағы Айдың толуы кезінде Торпақтар ерекше тартымды бола түседі. Бұл – сезіміңізді білдіруге немесе үйленуге ұсыныс жасау үшін оңтайлы уақыт.
Егіздер
Қазан айы Егіздердің махаббат әлемі үшін өте қолайлы болмақ. Астролог Дришти Матур бұл белгіге тұрақтылық пен қатынастағы сенімділікті уәде етеді, оған Юпитер әсер ететін болса керек. Жұбы бар Егіздер үшін адалдық пен шынайылықтың жоғары деңгейіне жетуге мүмкіндік туады.
Егіздер үшін қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтерілу кезеңі байқалады. Олардың сезімі күшейіп, жұптың дамуына ықпал етеді. Әлемді бірге тану, саяхаттау және бір-бірінен үйрену арқылы байланыс нығаяды. Ал әлі бойдақ жүрген Егіздер жанына жақын жанды табуы мүмкін.
Шаян
Medium әлеуметтік басылымының жазуынша, қазан айы Шаяндар үшін отбасындағы өзгерістермен басталады. Айдың ортасында қарым-қатынаста билік үшін күрес байқалуы мүмкін. Бойдақ жүрген Шаяндар жаңа адамдармен танысуға қызығушылық танытады. Ал отбасылы немесе қарым-қатынастағы ер адамдар сүйіктісіне деген адалдығын бұзып, басқа жақтан романтикалық байланыс іздеуі мүмкін.
Некелесуге мәжбүр болғандар немесе жағдайға байланысты шешім қабылдағандар өз таңдауына күмәндануы мүмкін. Алайда айдың соңына қарай көпшілігі өз сезіміне сенімді болып, серігіне деген сезімін нығайтады.
Арыстан
FengshuiTell эзотерикалық басылымының мәліметінше, қазан айында Арыстандарды қызықты романтикалық өмір күтеді. Жалғыз жүрген Арыстандар әлеуетті серіктестерімен қоғамдық іс-шараларда танысуы мүмкін. Қазанның екінші жартысы жаңа таныстықтарға көбірек мүмкіндік ашады. Бұл кезеңде басталған жаңа қарым-қатынас тез әрі құмарлықпен өрбитін болады.
Жұбы бар Арыстандар сүйіктісін еркелетіп, қамқорлық көрсетеді. Бір-біріңізге сыйлықтар беріп, мақтау сөздер айтуды ұмытпаңыз. Бұл ай қарым-қатынасты дұрыс бағытқа бағыттап, болашақты жоспарлауға қолайлы кезең болмақ.
Бикеш
Namoastro астрологиялық басылымының жазуынша, қазан айында Бикештерге эмоциясын бақылау қажет болады. Кету планетасының әсері жұп арасында кикілжің тудыруы мүмкін, сондықтан ақылға қонымды шешімдер қабылдап, ымыраға келуге дайын болу маңызды. Қазан айы қарым-қатынасты жаңа арнаға бұруға және оны жаңартуға мүмкіндік береді.
Эмоцияны тым көп сезінетін Бикештер оларды жұмысқа немесе көпшілік алдында сөйлеуге бағыттаса, ішкі күйзелістен арылып, үйлесімділік таба алады. Ал әзірге бойдақ жүрген Бикештер үні мен мінез-құлқы арқылы жаңа, болашағынан зор үміт күттіретін серігін баурай алады.
Таразы
2 қазандағы Күннің тұтылуы мен Лилиттің әсерінен Таразылардың көлеңкелі жағы сыртқа шығуы мүмкін. Бұрынғы уақытта жасырын қалған эмоциялар мен тілектер енді көрініс табады. Кейбір Таразылар өткен реніштері үшін серігіне жасырын опасыздық немесе көпшілік алдында құмарлық арқылы кек алуды қалауы мүмкін. Indastro астрологиялық басылымы қазан айында өткенді ұмытып, ашу-ызаңызды мейірімге ауыстыруға кеңес береді.
Әзірге бойдақ жүрген Таразылар жаңа жұбын кездестіру мүмкіндігіне ие болады. Бұл шетелдік азамат болуы да ықтимал және Таразылар онымен қашықтықтан романтикалық қарым-қатынас орната алады.
Сарышаян
7-9 қазан аралығында Марс пен Венераның үйлесімді аспекті Сарышаянның махаббат әлеміне романтика мен өзара түсіністік энергиясын әкеледі. Алайда Сарышаянның жаны сүйіктісінің қалауына қарамастан өзіндік ерекшелігі мен еркіндікті талап етеді. Мұндай жағдайда шығармашылық қызығушылық арқылы ымыраға келуге тырысыңыз. Би, театр немесе стендап сияқты өнер түрлері қазан айында өзіңізді ашуға тамаша мүмкіндік болады.
Айдың ортасы романтикалық кездесулер үшін өте қолайлы кезең. 22 қазаннан бастап алғашқы махаббаттағыдай сезімді қайта сезіну ықтималдығы жоғары болады. Осы сәтті сезініп, оны есіңізде сақтауға тырысыңыз.
Мерген
Starstell астрологиялық басылымының жазуынша, қазан айында Мергендер махаббаттан гөрі мансапқа көбірек уақытын арнайды. Жұлдыз жорамалының жетінші үйіндегі Марс жақын адамдармен қарым-қатынаста жағымды өзгерістер әкеледі. 18 қазаннан бастап Мерген белгісіндегі Венера жаңа таныстықтарға, кездесулерге және саяхаттарға итермелейді.
20 қазаннан кейін Марс Шаян белгісінде әлсіреген кезде, яғни серігіңізбен сөйлескенде абай болыңыз және сөздеріңізбен ренжітпеуге тырысыңыз. Шектен тыс өзімшіл болудан аулақ болыңыз. Отбасылы Мергендер үшін қоныс аудару арадағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Тауешкі
Қазан айында Тауешкілер үшін отбасының мәнін түсіну кезеңі болады. Олар жеке даралыққа ұмтылу мен ортақ мақсат үшін бірігудің арасындағы тепе-теңдікті табады. Astrologyk астрологиялық басылымының жазуынша, бұрынғы романтикалық қатынасқа байланысты қызғаныш сезімдері туындауы мүмкін. Серігіңізбен қарым-қатынасты нығайту үшін шынайы және ашық диалог қажет болады.
Қазан айының басы – жаңа адамдармен танысу үшін тамаша уақыт. Әсіресе онлайн танысу арқылы жаңа мүмкіндіктер ашылады. Алайда махаббатты бірінші орынға қоймауға тырысыңыз. Жұмыс, хобби және қарым-қатынас арасындағы тепе-теңдікті сақтаңыз.
Суқұйғыш
2 қазандағы Күннің тұтылуы Суқұйғыштың қарым-қатынас пен отбасы туралы көзқарасын өзгертеді. Бұл ай оны бақытты өзгерістерге итермелейді. Ұнаған жанды қарату үшін жаулап алудың стандарттан тыс тәсілдерін, ерекше кездесу орындарын және жаңа танысудың жолдарын іздеңіз. Егер жұбыңызды сыртқы келбетіне емес, интеллекті мен әзіл сезіміне қарай таңдасаңыз, қателеспейсіз.
Отбасылы Суқұйғыштар ортақ жоспарлар мен бюджетті реттеуге назар аударады. Ал сәби күткендер 17 қазаннан кейінгі Ай толған соң қуанышты жаңалықтарға дайын болсын.
Балықтар
Қазан айы Балықтар үшін романтикаға толы оқиғалармен есте қалады. Бұл айдағы өзгерістер 2 қазандағы Күн тұтылуынан басталады. Алғашқы кездесу барысында сізге алаңдаушылық сезімін тудыратын жаңа адамдардан абай болыңыз, себебі мұндай қарым-қатынас ауыртпалық әкелуі мүмкін.
Айдың ортасы жұп арасында романтикалық кезеңнің шарықтау кезеңі болмақ. Қарым-қатынастағы құмарлық пен бір-біріне деген сезім қайта оралады, мәңгі бірге болуға деген ықылас пайда болады. Осы кезең үйлену, бірге тұруды жоспарлау немесе отбасылық бизнес бастау үшін қолайлы уақыт.
Қазан айында бойдақ жүрген Балықтарды да махаббатын табуға мүмкіндік болады. Жұлдыздардың кеңестеріне назар аударыңыз, серігіңізге деген сенімді сақтап, қарым-қатынасыңызды нығайтыңыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2168164-kuzgi-sezim-qazan-aiyna-arnalgan-mahabbat-zhuldyznamasy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.