Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Cұр бұлт түсі суық қаптайды аспан: Абайдың күз туралы өлеңдер топтамасы

Жарияланған күні:

Жапырақтары сарғайған күзгі ағаштар. Көрнекі сурет
Жапырақтары сарғайған күзгі ағаштар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Абай Құнанбайұлының жылдың әр мезгіліне арналған өлеңдері бар. Солардың ішінде күз маусымына арналған бір топ жыр шумақтары да бар. Бүгінгі материалда ұлы ақынның күз жайлы өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Мақалада Абай Құнанбайұлының күз туралы өлеңдері талқыланады, атап айтқанда "Күз", "Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай" және "Қан сонарда бүткітші шығады аңға" шығармалары.
  • Ақынның күз мезгілін суреттеу стилі "Абай жолы" роман-эпопеясында да көрініс тапқандығы айтылады.
  • Мақала авторы Абайдың шығармаларын келесі ұрпаққа мұра ретінде қалдыру маңыздылығын атап өтеді, балаларға Абай өлеңдерін жаттату ұсынылады.

Абай Құнанбайұлы жылдың төрт мезгіліне арнап "Күз", "Қыс", "Жаз" және "Жазғытұры" деген төрт өлең шығарған. Солардың ішінде күз мезгіліне арналған "Күз" өлеңін назарға ұсынамыз:

***

Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,

Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.

Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,

Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.

Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,

Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.

Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,

Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.

Біреу малма сапсиды, салып иін,

Салбыраңқы тартыпты жыртық киім.

Енесіне иіртіп шуда жібін,

Жас қатындар жыртылған жамайды үйін.

Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен,

Астында ақ шомшы жүр, ол бір керуен.

Қай ауылды көрсең де, жабырқаңқы,

Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен.

Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең,

Көңілсіз қара суық қырда жүрсең.

Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң,

Үйде ит жоқ, тышқан аулап, қайда көрсең.

Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы,

Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы.

От жақпаған үйінің сұры қашып,

Ыстан қорыққан қазақтың құрысын заңы.

Күн шуағы түскен күзгі орман. Көрнекі сурет
Күн шуағы түскен күзгі орман. Көрнекі сурет: pixabay.com

Кемеңгер ақынның күз мезгіліне арналған тағы бір өлеңі "Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай" деген атпен көпке танымал. Жырдың толық нұсқасымен төменде таныс бола аласыздар.

***

Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай — Қыстың басы бірі ерте, біреуі жәй. Ерте барсам жерімді жеп қоям деп, Ықтырмамен күзеуде отырар бай.

Кедейдің өзі жүрер малды бағып, Отыруға отын жоқ үзбей жағып. Тоңған үйін жылытып, тонын илеп, Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.

Жас балаға от та жоқ тұрған маздап, Талтайып қақтана алмай, өле жаздап. Кемпір-шалы бар болса, қандай қиын, Бір жағынан қысқанда о да азынап.

Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі, Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі? Қара қидан орта қап ұрыспай берсе, О да қылған кедейге үлкен сыйы.

Қар жауса да, тоңбайды бай баласы, Үй жылы, киіз тұтқан айналасы. Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты, Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.

Бай үйіне кіре алмас тұра ұмтылып, Бала шықса асынан үзіп-жұлып, Ық жағынан сол үйдің ұзап кетпес, Үйген жүктің күн жағын орын қылып.

Әкесі мен шешесі баланы аңдыр, О да өзіңдей ит болсын, азғыр-азғыр. Асын жөндеп іше алмай қысылады, Құрбысынан ұялып өңшең жалбыр.

Жалшы үйіне жаны ашып, ас бермес бай, Артық қайыр артықша қызметке орай. Байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ, Аңдыстырған екеуін құдайым-ай!

Алса да аяншақтау кедей сорлы, Еңбек білмес байдың да жоқ қой орны. Жас бала, кемпір-шалын тентіретпей, Бір қыс сақта, тас болма сен де о құрлы.

Күзгі саябақ. Көрнекі сурет
Күзгі саябақ. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ұлы ақынның күздің соңғы айы мен қыстың басына келетін тағы бар өлеңі "Қан сонарда бүткітші шығады аңға" өлеңі. Ақын бұл өлеңінде қардың алғашқы жауғанын, бүркітшінің аңға шығуын суреттейді.

***

Қансонарда бүркітші шығады аңға,

Тастан түлкі табылар аңдығанға.

Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет,

Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.

Салаң етіп жолықса қайтқан ізі,

Сағадан сымпың қағып із шалғанда.

Бүркітші тау басында, қағушы ойда,

Іздің бетін түзетіп аңдағанда.

Томағасын тартқанда бір қырымнан,

Қыран құс көзі көріп самғағанда.

Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп,

Қандыкөз1 қайқаң қағып шықса аспанға,

Көре тұра қалады қашқан түлкі

Құтылмасын білген соң құр қашқанға.

Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап,

О да талас қылады шыбын жанға.

Қызық көрер, көңілді болса аңшылар,

Шабар жерін қарамай жығылғанға.

Қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі,

О дағы осал жау емес қыран паңға.

Сегіз найза қолында, көз аудармай,

Батыр да аял қылмайды ертең таңға.

Қанат, құйрық суылдап, ысқырады,

Көктен қыран сорғалап құйылғанда.

Жарқ-жұрқ етіп екеуі айқасады,

Жеке батыр шыққандай қан майданға.

Біреуі – көк, біреуі – жер тағысы,

Адам үшін батысып қызыл қанға.

Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл,

Ұқсайды хасса сұлу шомылғанға...

Абай Құнанбайұлының өз шығармаларынан бөлек, күз туралы сипаттау стилі "Абай жолы" роман-эпопеясынан да көрініс тапқан.

"Күз келді. Үш күннен бері сілбілеген ақ жауын айықпай тұр. Жайлаудан қайтып, Шыңғыс асып, қыстау-қыстау үстінде аз ғана аял етіп, пішен шапқызып болған ел енді күзекке беттеп келе жатқан".

Абай Құнанбайұлы мен шығармалары ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалары анық. Ендеше, үйдегі бүлдіршіндерге Абай өлеңдерін жаттатуды ұмытпаған жөн.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2173725-cur-bult-tusi-suyq-qaptaidy-aspan-abaidyng-kuz-turaly-olengder-toptamasy/