Тілді жаттықтырамыз: балаларға арналған жаңылтпаштар
Жарияланған күні:
Жаңылтпаш жаттаудың балаға берер пайдасы зор – есте сақтау қабілеті дамиды, таза сөйлеп, дыбыстарды таза айтады, сөздік қоры молаяды. Бұған қоса ғалымдар жаңылтпаш жаттап өскен бала шет тілін жылдам меңгеретінін айтады.
- Жаңылтпаш балалардың тіл дамытуға, есте сақтау қабілетін арттыруға және шет тілін жылдам меңгеруге көмектеседі.
- Мақалада нейропсихологтардың жаңылтпаштың миға әсері туралы пікірі келтіріліп, балаларға күніне 10-12 жаңылтпаш оқып беруге кеңес берілген.
- "Балалар әлемі" журналында жарияланған және Көпен Әмірбек ұсынған бірқатар жаңылтпашт мысал ретінде келтірілген.
Жаңылтпаш — қазақ ауыз әдебиетінің шағын жанры. Жаңылпаш ойын-сауыққа жиналған жұртты күлдіру; жас ұрпақтың тілін ұстартып, әр түрлі сөзді шапшаң айтуға үйрету мақсатымен пайда болған. Жаңылпаштың сөздері адамды жаңылдыратындай қиын, көбінесе, ұяң және қатаң дауыссыз дыбыстардан құралады, қара сөз немесе өлең түрінде болады.
Нейропсихологтардың айтуынша, жаңылтпаш жаттап жаттыққанда, мидың белсенділігі артып, санаға түскен ақпараттар өңделіп, жадыға жылдам бекиді. Мамандар балаға күніне 10-12 жаңылтпаш оқып беруге кеңес береді.
Тілді жаттықтыратын жаңылтпаштар
Балаларға "Балалар әлемі" журналында жарық көрген мына жаңылтпаштарды жаттатуға кеңес береміз.
Хакім хат ашып отыр.
Хат ашып, шатасып отыр.
***
Шабысты ат,
Шалыс шаппас,
Шалыс шапса,
Алыс шаппас.
***
Баланың жаман баға алмағаны,
Мұғалім ағаның жаман болмағаны.
***
Доп теп,
Дөп теп
***
Асан бақша жақтан.
Ақ сабақ асқабақ әкелді,
Басқа жақтан.
Басқарақ асқабақ әкелді.
***
Ала-ала алашалар,
Тамаша олар,
Оған кім таласа алар?
***
Сұр інген сүрінген бе?
Сүрінген сұр інген бе?
***
Бұлаң бұлаң еткен бұл аң,
Бұлаң десем екен қылаң
***
Біреуі көрікті кісі,
Біреуі бөрікті кісі.
Көрікті кісі – зорықты,
Бөрікті кісі – қорықты.
***
Тоқпақ жаттап,
Айтсақ жақсы-ақ.
Жатқа тақпақ
Жатта тақ-тақ.
***
Қондық жаңа қонысқа,
Қалың екен жоңышқа.
Қоныстағы жоңышқа,
Оралады қонышқа!
***
Кермеде тұр қырық
кір қыстырғыш,
Қырық кір қыстырғышқа
Қырық қыз келіп,
кір қыстырды.
***
Ата мен әже, ана да,
Алма мен алмұрт тереді,
Ауырға Арман бала да,
Арбамен тасып береді.
***
Ою ою ойым бар-ды,
Ойналмастан ойын қалды.
Орындалмай ойымдағы
Ойылмады ою-дағы.
Орашолақ, олақпын ба,
Оя алмадым оюларды?
Дәмегүл дән мен сән іздер,
Дәмегүл дән мен дәм іздер.
***
Ақ тай ақ па?
Қара тай ақ па?
***
Қай тай лақтай,
Қай лақ тайлақтай.
***
Сорпа іштік,
Сорпа ыстық,
Сондықтан,
Қорқа іштік.
***
Төсек үстінде төрт бөрік,
Төртеуі де көк бөрік.
***
Сиыр баласын:
"Торпағым" дейді.
Қоян баласын:
"Көжек, қорқағым" дейді.
***
Жағажайды жағалай,
Жүгіреді Қамажай.
***
Досым маған еліктеп,
Домбырамен ән салды,
Дән риза болып көп,
Дуылдады, тамсанды.
Көпен Әмірбек ұсынған жаңылтпаштар
Сары қыз
Қарбыз жеді.
Сары қыз қарбызды
Жалғыз жеді.
***
Қара бала
Қарағайды аралайды.
Арасы қарағайды
Аралауға жарамайды.
***
Шарханның
Шақшадай басы шарадай болды.
Шалшыққа аунап,
Қара лай болды.
***
Əрі қарасам –
Ала қарға.
Бері қарасам –
Қара қарға.
Ала қарға
Жарға қонды.
Қара қарға
Қарға қонды.
***
Аман
Жаман ойынға
Əбүйір болғанда,
Тағы үйір болмады.
***
Тілазарды жұмсасаң,
Азар да безер.
Зығырыңды қайнатып,
Ығырыңды шығарар.
***
Күн батып,
Қас қарайды.
Қас қарая көрсетті
Аспан айды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2176523-tildi-zhattyqtyramyz-balalarga-arnalgan-zhangyltpashtar/