Хэллоуин: балаларға арналған костюмдерді өз қолыңызбен қалай жасауға болады
Опубликовано:

Хэллоуин мерекесінде балалар сүйікті кейіпкерлерінің костюмдерін киіп көре алады. Ол үшін классикалық сиқыршы киімдері де, кино кейіпкерлерінің бейнелері де жарайды. Мерекеге арналған трендтегі балалар костюмдерін жасау бойынша бірнеше идея ұсынамыз.
- Хэллоуин мерекесіне арналған балалар костюмдерін жасаудың бірнеше идеясы ұсынылады, оның ішінде Битлджус, "Қуаныш" сезімі, Гарри Поттер, Уэнздей Аддамс, Тор және сиқыршы қыз бейнелері бар.
- Әр костюм үшін негізгі элементтер, киім түрлері, аксессуарлар мен грим жағдайы сипатталған, сондай-ақ оларды өз қолымен жасау бойынша кеңестер берілген.
- Костюмдер идеялары танымал фильмдер мен мультфильмдерден, сондай-ақ классикалық Хэллоуин бейнелерінен алынған, балаларға ұмытылмас әсер қалдыру мақсатында ұсынылған.
Битлджус
Битлджус — бұл режиссер Тим Бертон түсірген "Битлджус" (1988) америкалық кинофильміндегі көңілді әрі оғаштау елес. Country Living журналында жазылған ақпаратты негізге алсақ, бұл бейненің Хэллоуин костюмі ретінде қайтадан танымал болуы 2024 жылы шыққан "Битлджус Битлджус" сиквелінің арқасында болса керек.
Киімнің негізгі элементі — қара-ақ жолақты костюм. Егер Хэллоуинге костюмді өзіңіз тігіп жатсаңыз, жолақты матаны таңдаңыз. Ал дайын киімдерді алатын болсаңыз, матаға арналған акрилді бояу арқылы жолақтар салыңыз немесе оларды тігіп қойыңыз. Сонымен қатар қара туфли мен галстук қажет болады.
Бұл бейнені жасауда грим жағын ескеріңіз. Негіз ретінде ең ашық реңктегі опа, ал көз айналасы, маңдай мен бет аймағына қара және жасыл түсті көз бояуларын қолданыңыз. Бейнені жасыл түсті шаштардан тұратын жасанды шаш және бей-берекет жиналған шаш үлгісімен толықтырыңыз.
"Қуаныш" сезімі
Америкалық The Pioneer Woman журналының жазуынша, биыл "Ойжұмбақ" мультфильмінің сиквелі (2024) кассалық жинақтар бойынша рекордтар жаңартқан, сондықтан Хэллоуинде осы анимациялық фильмдегі эмоцияның бейнені таңдау — қыздарға арналған тамаша идея.
Костюм жасау үшін тізеге дейін жететін лайм түсті көйлек табыңыз. Балама ретінде белдемше мен топтан тұратын жинақты қолдануға болады. Сонымен қатар көк түсті жасанды шаш пен аяқ киім қажет.
Ұсақ бөлшектерге назар аударыңыз. Мультфильмде анимациялық кейіпкердің көйлегінде гүлді өрнек бар. Бұл өрнекті текстильдік маркердің көмегімен көйлекке салыңыз. Егер киімді бүлдірмеймін десеңіз, киіз матадан (фетр) жапырақшалар қиып, көйлекке жапсыруға болады.
Гарри Поттер
Әрине, бұл бейнені жасау кезінде көп күш жұмсамай-ақ, балаға көзілдірік кигізіп, маңдайына тыртық сызып қойсаңыз жеткілікті. Дегенмен бейнені толық ашу әлдеқайда қызықтырақ. Ол үшін қара матадан жасалған мантия, Гриффиндор факультетінің елтаңбасы, ақ жейденің үстінен сұр түсті жилет, классикалық қара шалбар және туфли қажет.
Гарри Поттер образындағы ең танымал атрибуттардың бірі — дөңгелек көзілдірік. Оны аксессуарлар дүкенінен іздеп табуға немесе қатты сымнан өзіңіз жасап алуға болады. Бұл бейненің тағы бір маңызды элементі — Гриффиндор факультетінің галстугі. Гарри Поттерде ол қызыл-сары жолақты болады.
Жіңішке бұтақтан сиқырлы таяқша жасап, оны қоңыр немесе қара түске бояңыз. Бейнені толықтыру үшін кез келген ескі кітапты қолдануға болады.

Уэнздей
Уэнздей Аддамс — 2022 жылы шыққан "Уэнздей" сериалының бас кейіпкері, ол миллиондаған жасөспірімнің жүрегін жаулап алды. Оның бейнесі Хэллоуинге арналған костюмдер мен косплейлер үшін танымал идеяға айналды. Балаңызды мерекеде Уэнздей сияқты көрсету үшін соған ұқсас киім таңдап, шаш үлгісі және минималистік макияж жасаңыз.
Фильмде Уэнздей әдетте ақ жағасы бар қара көйлек киеді. Дайын көйлек сатып алуға немесе қара матадан өзіңіз тігіп алуға болады. Бейнені толықтыру үшін алынбалы үшкір ақ жаға, ақ манжеттер және қара капронды колготка кигізіңіз. Аяқ киім ретінде өкшесі биік емес қара бәтеңке немесе классикалық туфлилер жарайды.
Кейіпкердің сыртқы келбетін екі ұзын өрім айқындайды. Макияжға көзге жағуға арналған қара түсті қарындаш қолданыңыз. Good Housekeeping үй шаруашылығы туралы журналының жазуынша, Уэнздейдің классикалық бейнесі — ақ жағалы қара көйлек болса да, танымал "Goo Goo Muck" биіндегі шифоннан тігілген қара көйлекті де балама ретінде таңдауға болады.
Тор
Ата-анаға арналған The Every Mom ресурсы суперқаһармандар костюмдерінің Хэллоуинге арналған классикалық таңдау екенін жазады. Бұл костюмдер ешқашан сәннен шықпайды, себебі қай кезде де сүйікті қаһармандарына ұқсап киінгісі келетін балалар табылады.
Тор — Marvel комикстеріндегі ең танымал кейіпкерлердің бірі. Найзағай мен соғыстың құдайы өзінің күші мен биліктің символы саналатын балғасын әрдайым жанында алып жүреді. Хэллоуинге арнап Тордың костюмін жасау үшін оның бөлшектеріне назар аударыңыз. Тордың жауынгерлік броньды киімі бар, ол оны шайқаста қорғайды. Бұл костюмнің элементін күміс түсті матадан, қақтамадан және картоннан жасауға болады. Сонымен қатар ұзын қызыл жадағай, қара түсті шалбар және биік қара немесе қоңыр бәтеңке қажет.
Тордың балғасы — оның бейнесін ашатын ең маңызды элементтердің бірі. Балғаны шағын картон қорап пен ағаш сабынан өз қолыңызбен жасай аласыз. Балғаның сабын қара изолентамен ораңыз, ал қорапты күміс түске бояңыз немесе фольгамен қаптаңыз. Қанатты дулыға жасауды да ұмытпаңыз. The Patricios отбасылық демалыс туралы басылымының жазуынша, дулығаны қағаздан оңай жасауға болады.
Сиқыршы қыз
Хэллоуиндік сиқыршы қыз қорқынышты әрі өте сүйкімді, тіпті тым сәнді болуы мүмкін. Костюмнің негізі ретінде кез келген ұзындықтағы қара көйлекті таңдаңыз. Ол қарапайым болуы мүмкін немесе шілтер, тор немесе жылтыр моншақтар сияқты сәндік элементтермен безендірілуі мүмкін. Көйлекке үшкір тұмсықты туфлилер жақсы үйлеседі.
Сиқыршы қыз киімінің негізгі элементі — оның бас киімі. Әдетте бұл кең жиекті, биік, үшкір конусты бас киім. Оны костюмдер дүкенінен сатып алуға немесе картон мен қара матадан өзіңіз жасауға болады. Бас киімді жасанды өрмекші торымен, кішкентай асқабақтармен немесе қағаздан жасалған жарқанаттармен безендіріңіз.

Ертегілерде сиқыршылар сыпырғышпен ұшады, сондықтан таяқ пен бұтақтардан жасалған сыпырғыш бұл бейнені әдемі жасау үшін тамаша қосымша бөлшек болады, ал тәттілер үшін кішкентай қара қазан дайындап алыңыз.
Балалар үшін Хэллоуинге арналған ұмытылмас киімдерді жасау қиын емес. Суперқаһарман, сиқырлы кейіпкер, фильмдердегі сүйікті кейіпкер — осы бейнелердің кез келгенін жүзеге асырып, балаларға ұмытылмас әсер мен естеліктер сыйлауға болады.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/family/beauty/2176592-hellouin-balalarga-arnalgan-kostiumderdi-oz-qolyngyzben-qalai-zhasauga-bolady/