Күзде жапырақтар неге сарғаяды
Жарияланған күні:
Көктемде және жазда жап-жасыл болып тұрған жапырақ күзге салым сарғайып, тіпті үзіліп түсіп қалады. Мұның сыры неде? Оған не әсер етеді?
- Жапырақтың сарғаюы күзде судың азаюына және хлорофиллдің жойылуына байланысты болады.
- Хлорофилл - өсімдіктердің жасыл түсін беретін және фотосинтез процесіне қатысатын маңызды пигмент.
- Қылқан жапырақты ағаштар қыста да жасыл болып қалады, себебі олардың фотосинтез процесі жыл бойы жалғасады.
Күзде ағаштың тамырына баратын су азаяды. Сол себепті ағаш суды үнемдеп пайдалануға мәжбүр болады да, жапырақтарға су жеткізе алмайды.
Ал жапыраққа жасыл түс беретін хлорофилл сусыз өмір сүре алмайды. Сондықтан жапырақтар жасыл түсін жоғалтып, сарғая бастайды. Біраз уақыттан кейін тіпті қурап, жерге түсіп қалады.
Хлорофилл – өсімдіктерге жасыл түс беретін және фотосинтез арқылы өсімдікке қоректік заттар жасауға көмектесетін пигмент.
Хлорофилл өсімдіктер тіршілігін қолдайтын және бүкіл планета үшін оттегін өндіретін фотосинтез процесінің негізгі құрамдас бөлігі саналады.
Хлорофилл өсімдік жасушаларындағы ұсақ құрылымдар болып саналатын өсімдік хлоропласттарында кездеседі. Фотосинтез процесі осы жерде жүреді.
Өсімдіктегі хлорофиллдің міндеті – жарықты, әдетте күн сәулесін сіңіру. Жарықтан жұтылған энергия энергияны сақтайтын молекулалардың екі түріне беріледі. Фотосинтез кезінде өсімдік жинақталған энергияны көмірқышқыл газын (ауадан сіңірілетін) және суды глюкозаға айналдыруға пайдаланады.
Өсімдіктер глюкозаны топырақтан алынған қоректік заттармен бірге жаңа жапырақтар мен басқа өсімдік бөліктерін жасау үшін пайдаланады.
Ал күзде жапырақтардың түсуі ағаштардың қорек өндірмейтін қыс мезгіліне арнап суды сақтап қалуына көмектеседі. Ағаш бұтақтарының ішіндегі азықтық түтіктер жабылады. Онда сақталған қорек қоры көктемде бүршік жаруға жеткілікті болады.
Қыста шырша неге сарғаймайды?
Күзде көптеген ағаштың жапырағы сарғайып түсіп жатқанда, шырша сияқты қылқан жапырақты ағаштар сол күйі жасыл болып қалады. Мұның себебі неде?
Мұны ғалымдар жапырақта жүретін фотосинтез процесімен байланыстыра түсіндіреді.
Швед биофизиктері мұндай ағаштарда фотосинтез құбылысы жыл он екі ай тоқтамайтыны, сондықтан қылқаны қурамайтынын анықтаған.
"Зерттеу барысында қарағайдың қылқаны қыста күн энергиясын жұту мен оны фотосинтез құбылысына айналдырудың ерекше тетігін іске қосады. Соның арқасында ағаштың фотосинтетикалық аппараты шағылысқан күн энергиясын қор түрінде жинап, бөлек фотожүйе құрады. Содан қарағайдың табиғат құбылысына шебер бейімделетінін байқаймыз", - дейді зерттеу тобының мүшесі Умео университетінің аспиранты Пушана Бага (Pushan Bag).
"Неліктен шырша әрқашан жасыл?" деген мақалада жапырақ неғұрлым кіші болса, фотосинтез соғұрлым тез жүретіні айтылады.
Мақала авторларының түсіндіруінше, шыршаның қылқаны кішкентай болғандықтан күн сәулесін аз қажет етеді. Олар хлорофиллдің түзілуіне әкелетін фотосинтез процесін тез өтеді. Ал хлорофилл болған кезде жасыл түс те болады. Сондықтан қылқан жапырақты ағаштарға қыста қылқанын төгудің қажеті болмайды Шайырлы шырын қылқандардың қатып қалмауына, қыста төмен температурада үсіп кетпеуіне көмектеседі. Сонымен қатар әрбір иненің жұқа, бірақ тығыз балауыз пленкасы бар, ол да қорғаныс функциясын атқарады. Қатты аязда инелердің бір бөлігі шынымен үсіп мүмкін, бірақ көбіне табиғаттың тосын мінезіне қарсы жеткілікті қорғаныс жасап үлгермеген жас өскіндер үсіп кетеді.
Дегенмен қылқан жапырақты ағаштар да жылына 70-80 пайызға дейін жаңарып отырады екен. Бірақ біртіндеп жүретіндіктен ол процесті байқай бермейміз, сондықтан шырша әрқашан жасыл көрінеді. Қылқан жапырақты ағаштың қылқандары түгел түсіп қалса, немесе, сарғайып, қызарып кетсе, бұл аурытанын білдіреді.
Табиғаттың біз байқай бермейтін сыры көп. Соның ішінде бір ғана жапырақтың өзінде адам өміріне, қоршаған ортаға орасан зор әсер ететін күрделі процесстер жүріп жатады. Табиғатты аялай білсек, оның бізге қайтарар сыйы да көп.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2178699-kuzde-zhapyraqtar-nege-sargaiady/