Жаназа намазы деген не және оны қалай оқу керек
Жарияланған күні:
Жаназа намазы – қайтыс болған адамды соңғы сапарға шығарып салу үшін оқылатын арнайы намаз. Бұл намаз мұсылман қауымының марқұмға деген соңғы қызметі болып саналады. Бұл мақаламызда "Ислам ғылымхалы" кітабы және islam.kz сайтындағы дереккөздерді негізге ала отырып, жаназа намазы туралы мәлімет ұсынамыз.
Жаназа намазы жайлы не білеміз?
Бұл – жуылып тазаланған мәйіт үшін мұсылмандардың дәрет алып, құбыла жаққа қарап, түрегеп тұрып оқыған намаз бен мәйіт үшін жасайтын дұғасы. М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы жазған "Ислам ғылымхалы" кітабында берілген мәлімет бойынша жаназа намазы кифая парыз саналады. Яғни, бір аймақта бірнеше мұсылман жаназы намазын оқыса жетіп жатыр. Егер оқымаса, барлығы бірге жауапкер және күнәлі. Жаназа намазының шарты – ниет. Бұл ниетте мәйіттің ер немесе әйел, ер бала немесе қыз бала екені білдіріледі.
Алдымен Имам Алла ризалығы үшін жаназа намазын оқуға және сол мәйітке дұға етуге ниет етіп, "Аллаһу әкбар" деп тәкбір алып, намазды бастайды. Артындағы жамағат та ниет етіп, имамға ұйиды. Егер мәйіт ер адам болса, "Мына ер үшін" деп, ал әйел болса, "Мына әйел үшін" деп ниет етеді. Балалар үшін де осы секілді ниет етеді. Жамағаттан бір адам мұны біле алмаса, имаммен бірге намаз оқуға ниет қылады.
Жаназа намазының парызы – тәкбірлер мен қиям. Бұл намазда рукуғ, сәжде, Құран оқу, тәшәһһүд жоқ.
Жаназа намазының алты шарты бар:
- Мәйіттің мұсылман болуы.
- Өзінің және қойылған жердің таза болуы.
- Жамағаттың алдында болуы.
- Дене мүшелерінің басым көпшілігінің немесе басы, денесінің жартысының бар болуы.
- Жерге қойылуы.
- Намаз оқитын адамның себепсіз бір нәрсеге мінбеуі немесе отырмауы. Жаназа намазында жамағат шарт емес. Бір ер мұсылман немесе бір әйел мұсылманның оқуымен парыз орындалады.
Жаназа намазының сүннеті
Жаназа намазының сүннеті бойынша мына әрекеттер ескерілуі керек:
- Имам жаназаның көкірек тұсында тұруы.
- Бірінші тәкбірден кейін "субханака Аллаһумма" дұғасын "уа жәллә сәнәәука" бөлімімен бірге оқу керек.
- Екінші тәкбірден кейін Пайғамбарға (с.а.у.) салауат айту.
- Үшінші тәкбірден кейін мәйітке, өзіне және күллі мұсылман қауымына дұға ету. Пайғамбардың (с.а.у.) мына дұғасын оқу абзал:
"Аллаһуммәғфир ли хаййнәә уә мәййтинәә уә шаһидинәә уә ғаибинәә уә зәкәринәә уә унсәнәә уә сағиринәә уә кәбиринәә.
"Аллаһуммә мән ахиәйтәһу миннәә фә ахиһи ‘алал-исләм уә мән тәуәффәйтәһу миннәә фа тәуәффәһу ‘алал-иман"
Мағынасы: "Аллаһым! Тірілерімізге, өлілерімізге, осы жердегілерге және мұнда болмағандарға, ерлерімізге, әйелдерімізге, кішіміз бен үлкенімізге кешірім ет!"
"Аллаһым! Бізден кімге өмір берсең, соған ислами өмір нәсіп ет! Ал арамыздағы ажалы жеткен құлдарыңның жанын иманмен ала гөр!".
Осы дұғадан кейін жаназаға қарай мына дұғалардың бірі оқылады. Егер жаназа ер кісі болса мына дұға оқылады:
Оқылуы: "Уә хуссә Һәзәл-мәйитә бир-раухи уәр-рахати уәл-мәғфирәти уәр-ридуан. Аллаһуммә ин кәнә мухсинән фәзид фи ихсәниһи уә ин кәнә мусииән фә тәжәуәз ‘анһу уә лаққиһил-әмнә уәл-бушрәә уәл-кәрәмәтә уәз-зулфәә бирахмәтикә иә архамар-рахимиин".
Мағынасы: "Раббым! Әсіресе мына өліні, рақымға, рақаттыққа, кешірімділікке және бақыттылыққа жеткіз. Аллаһым! Бұл өлі кісі ізгілік істеген адам болса, Сен оның жақсылығын арттыр. Егер бұл өлі жаманды жасаған болса, жазасын бермей рақым ет. Күнәларын кешір. Бұл өліні қорқыныштан сақта. Рақым-шарапатыңмен сүйіншіле. Оны ақыретте бақыттылыққа бөлеп, жоғары мәртебеге шығар. Ей, рақымдылардың рақымдысы Аллаһ Тағалам!"
Егер жаназа әйел болса мына дұға оқылады:
"Уә хуссә һәзиһил-мәйтәтә бир-раухи уәр-раахати уәл-мәғфирәти уәр-ридуан. Аллаһуммә ин кәнәт мухсинәтән фәзид фи ихсәниһә уә ин кәнәт мусиәтән фә тәжәуәз ‘анһәә уә лаққиһәл-әмнә уәл-бушрә уәл-кәрәмәтә уәз-зулфә бирахмәтикә уә архамар-рахимиин".
Бұл дұғаның мағынасы ер кісі үшін оқылатын дұғамен бірдей.
Жаназа ер бала болса мына дұға оқылады:
Оқылуы: "Аллаһуммәж’алһу ләнәә фәрәтан уәж’алһу ләнәә әжрән уә зухрән уәж’алһу ләнәә шаафи’ан уә мушаффа’ан".
Мағынасы: "Аллаһым! Бұл баланы жәннатта бізді қарсы алушы және ақырет сыйы ет! Аллаһым! Бұл баланы бізге шапағатшы ет және шапағатын қабыл ет!".
Жаназа қыз бала болса, мына дұға оқылады:
Оқылуы: "Аллаһуммәж’алһә ләнәэ фәрәтан уәж’алһә ләнәә әжрән уә зухрән уәж’алһә ләнәә шафи’атән уә мушаффа’атән".
Мұның да мағынасы ер балаға оқыған дұғаның мағынасымен бірдей. Дұғаны білмеген жағдайда:
"Аллаһуммағфирли уә ләһу уә лил-мумининә уәл-муминат" деуге болады.
Мағынасы: "Аллаһым! Мені және барлық мұсылмандарды кешір" дегенді ғана айтады.
Осы дұғалардан кейін имам төртінші тәкбірді алып, оң мен солға сәлем береді. Жамағат та құпия сәлем береді.
Жаназа намазына кешігіп жеткен адам имамға ниет етіп, имаммен бірге тәкбір алады. Имам сәлем бергеннен кейін дұға оқымай, тек тәкбірлердің қазасын қатар-қатар өтейді. Бірнеше жаназа болса, жеке-жеке оқыған абзал. Ең алғаш келтірілгенінің намазы оқылады. Бәрі бірге келсе, ең жақсы немесе тақуа болғаны – бірінші оқылады. Бәріне бір намаз оқыса да болады.
Жаназа намазы қай уақытта оқылмайды?
Намаз оқуға мәкрүһ үш уақыт бар:
- Күн шығып келе жатқан күн тас төбеде тұрғанда;
- Күн батуға айналған кезде жаназа намазы оқылмайды. Бірақ бұл уақытта оқылса қазасы керек емес.
- Мазарда және мешіт ішінде жаназа намазы оқылмайды. Бірақ имам мен жамағаттың кейбірі мешіт ішінде, кейбірі сыртта тұрып оқыса болады. Намазды бұзатын нәрселер жаназа намазын да бұзады.
Шетінеп кеткен нәрестеге жаназа намазы оқыла ма?
"Ислам ғылымхалы" кітабында бұл жөнінде былай делінген:
Тірі туылып, сосын өлген сәбиге ат қойылып, жуылып, кебінделіп намазы оқылады. Өлі туған балаға да ат қойылып, жуылып, бір матаға орап, жаназа намазын оқымай көмеді. Өлген екі қабат әйелдің құрсағындағы бала қимылдамаса, іші жарылып, бала алынады. Әдейі немесе қастандықпен ата-анасын өлтірген баланың немесе өлтірілген қарақшының намазы оқылмайды.
Жаназаға қатысудағы басты міндеттердің бірі – өлімді еске алу. Өлімді еске түсіру кейбір адамдарға ауыр немесе оғаш көрінуі мүмкін. Алайда бұл әрекет адамның дүние тіршілігіндегі әрбір ісі үшін Алла алдында есеп беретінін еске салады дейді дін мамандары.
Тағы бір маңызды міндет – марқұмның артынан дұға жасау. Себебі дүниеден өткен адамның амалы тоқтайды, бірақ артынан қалған ұрпақтарының, туыстарының, жақындарының және мұсылман жамағатының дұғасы оған пайда әкеледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2202551-zhanaza-namazy-degen-ne-zhane-ony-qalai-oqu-kerek/