Қымыз қалай жасалады және оның қандай түрлері бар
Жарияланған күні:
Қымыз - қазақ халқының пайдалы әрі ұлттық сусыны. Оның құрамындағы дәрумендердің адам ағзасына пайдасы зор. Қымызды қалай дайындайды? Ежелгі сусынның қандай түрлері бар? Бүгінгі материалдан білетін боламыз.
- Қымыз - қазақтың ұлттық сусыны, бие сүтінен дайындалады және арнайы ыдыстарда ашытылады.
- Қымыздың бірнеше түрі бар, соның ішінде саумал, уыз қымыз, бал қымыз, түнеме қымыз, сары қымыз және басқалары.
- Қымызды дайындау процесі биені сауудан басталып, күбіні ыстау, ашытқы қосу және пісу сияқты бірнеше кезеңнен тұрады.
Қымызды қалай дайындайды?
Қымыз - қазақ халқының ұлттық сусындарының бірі. Ата-бабаларымыз өзге ұлттық тағамдарға қарағанда қымызды ерекше ықыласпен әрі арнайы дайындау тәсілімен әзірлеген. Қымызды бие сүтінен дайындайды. Ол өзге төрт түліктің сүтіне қарағанда денсаулыққа пайдалы әрі шипалы саналады. Қымыз жылқы малының ашытылған сүті. Ол үшін жылқы терісінен тігілген немесе тобылғының ысы сінген саба, күбі деп аталатын ыдыстар пайдаланылған.
Осылайша, қымыздың қорын жинаған. Бұл қорды ағаш күбіге салып сақтаған. Зерттеушілер мұндай қорды ашытқы деп атағанын айтады. Ашытқы арқылы жаңа сауылған жылқы сүті, яғни саумал қышқыл дәмге ие болып, қымыз болып шығады екен. Қымызды майлы әрі дәмді болып шығуы үшін, жылқының сүр қазысы немесе жаясы пайдаланылған.
Ашытылған қымыздың өзінің майы сусынның бетіне қалқып шығатын болған. Қымыздың қорын жинау үшін, күбідегі сусынды пісіп, келесі күні саумалмен бірге араластырған. Сонымен бірге, қымызды пісетін саба мен күбіні аптасына бір рет жуып отыруға кеңес беріледі.
Қымызды ата-бабалаларымыз құрметті қонақ келгенде дастарханға ұсынып, келген мейманға сый-құрмет көрсеткен. Бұл жөнінде Massaget.kz порталы қымызға қатысты төмендегідей қызық деректі келтіреді.
"Көктем туып, құлындаған бие байланып, сауылады. Биенің ашымаған сүтін саумал дейді. Оған арнайы ашытқы қосылып, екі-үш күннен кейін ашиды. Алғашқы қымызды үй иесі өзі ішпейді, дәстүр бойынша үлкендерін шақырып, ауыз тигізіп, батасын алады. Мұны "қымызмұрындық" дейді. Дайындау әдісіне, қасиетіне, сапасына және сақталу уақытына байланысты халқымыз қымызды бірнеше түрге бөледі. Және олардың әр түрін жылқы жасының атауымен атайды", - деп жазылған мақалада.
Қымыздың түрлері
Қымыз дайындау әдісі, сүттің түрі, уақыт мезгіліне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Солардың негізгілеріне тоқталып өтсек:
- Саумал – биенің жаңа сауылған, балғын, шикі күйдегі түрі. Қымыздың басқа түрлеріне қарағанда өзінің емдік қасиетімен ерекшеленеді. Дәрігерлер саумалды аш қарынға ішуге кеңес береді.
- Сары саумал – шөп піскен кезде сауылатын саумал түрі.
- Уыз қымыз – байланған биені ең алғаш рет сауғанда сүттен жасалатын қымыз. Уыз қымызға сүрленген қазы, жал, құрт, айран, қатық, ашытылған көже қосады. Сөйтіп қымызды ашытады.
- Бал қымыз – қымыздың бабына келтіріліп, дайындалған түрі. Оның дәмі балдай тәтті болуы үшін сүрленген қазы, бал немесе мейіз қосқан. Мұндай қымыз өзге қымыз түрлерінен өзінің қоюлығымен, майлылығымен, жағымды, тұщы дәмімен ерекшеленген. Қымыздың бұл түрі, әсіресе, науқас адамдарға, жаңа босанған әйелдер мен балаларға пайдалы деп есептелінеді.
- Түнеме қымыз – бұрынғы қымызды саумалмен араластырып, ертеңгі күні ашытылып берілетін қымыз түрі.
- Қорабалы қымыз – мұндай қымыз қорға құйылып жасалады әрі онда бірнеш күн жиналған қымыз болады.
- Сары қымыз – шөп піскен уақытта жасалатын қымыз.
- Тай қымыз – әбден пісілген, балғын, бір-ақ күн сақталған қымыздың түрі.
- Құнан қымыз – тай қымыздан күштірек, екі күн сақталған қымыздың түрі.
- Дөнен қымыз – үш күн пісілген, әбден ашыған қымыздың түрі.
- Бесті қымыз – төрт күн сақталған, дәмі тым қышқыл келетін қымыздың түрі.
- Қысырақ қымыз – бірнеше жыл қатарынан құлындаған биенің сүтінен ашытылған қымыз болып саналады. Мұндай қымыз ашты әрі қуатты келеді.
- Қысырдың қымызы – биені қыстай қолда ұстап, суалтпай, жаз шыққанға сауылатын қымыздың түрі.
- Сірге жаяр қымыз – бие ағытылар кезде сауылатын, қымыз соңғы түрі болып табылады.
Қымызды ашыту әдісі
Қымызды шабындықта жайылып жүрген биені сауу арқылы ашытады. Төменде назарларыңызға қымыз ашытудың ең оңай жолымен таныстырамыз.
1. Биені сауамыз
Далада жайылып жүрген биелерді қораға қамап, құлынына идіреміз. Сосын әр биені сауып шығамыз.
2. Күбіні ыстаймыз
Күбіні жақсылап жуып ыстаймыз. Ол үшін тобылғы сияқты тез жанатын ағаштардың бұталарын пайдалануға болады.
3. Күбіге саумалды құйып, қымызды ашытамыз
Сауылған саумалды ыстылған күбіге құямыз. Үстінен қорды құйып, екеуін араластырамыз. Күбімен пісіп, ашытамыз. Осылайша, ашыған қымызды дастарханға ұсынамыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2205140-qymyz-qalai-zhasalady-zhane-onyng-qandai-turleri-bar/