Top.Mail.Ru

Зектілері

Ұлылардың өмірі: Қаныш Сәтбаевтың өмірбаяны және қызық мәліметтер

Жарияланған күні:

Қаныш Сәтбаев
Академик - Қаныш Сәтбаев. Көрнекі сурет: YouTube/ Қазақстан тарихы

Қаныш Сәтбаев — әлемге танымал тұлға. Ғалымның геология ғылымын дамытуға қосқан үлесі жоғары бағаланады. Қаныш Имантайұлы Қазақстандағы ірі жобаларды әзірлеу мен іске асыруға атсалысты. Бұл жобалар әлі күнге дейін ел экономикасының дамуына септігін тигізіп келеді. Мақалада Қаныш Сәтбаевтың ғылымға қосқан үлесі туралы жазылды.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Мақалада Қаныш Сәтбаевтың өмірбаяны, оның геология ғылымына қосқан үлесі және Қазақстанның экономикалық дамуына тигізген әсері туралы баяндалған.
  • Қаныш Сәтбаевтың Жезқазған мыс кен орнын ашуы, Қазақстанның пайдалы қазбалар картасын жасауы және Ертіс-Қарағанды арнасы жобасын жүзеге асыруға қосқан үлесі сияқты маңызды жетістіктері атап өтілген.
  • Ғалымның геологиядан тыс археология, фольклор және педагогика салаларындағы қызметі туралы мәліметтер келтірілген.

Қаныш Сәтбаев: ғалымның өмірбаяны

Қазақстанның көрнекті ғалымдарының бірі Қаныш Сәтбаев қайда дүниеге келген? Ғалым 1899 жылдың 12 сәуірінде Павлодар уезінде (Семей облысы) беделді әрі білімді би (ауыл ақсақалы) Имантай мен оның екінші әйелі Әлиманың отбасында дүниеге келді. Сәбиге Ғабдұл-Ғани есімі берілді, бірақ анасы оны еркелетіп "Ғаныш" деп атайтын. Мектепте бұл есім "Қаныш" болып бекітіліп, өмір бойы солай аталды.

Қаныш алғашқы білімін туған ауылындағы мектепте алды. Кейін Павлодардағы қазақ-орыс училищесін бітіріп, 15 жасында үздік дипломмен аяқтады. Қаныштың келесі білім алу кезеңі Семейдегі мұғалімдер семинариясында өтті. Жас жігіт жоғары оқу орнына түсуге дайындалып жүргенде денсаулығы нашарлап, дәрігерлер одан туберкулез дертін анықтады. Бұл дерт бала күнінде Қанышты анасынан айырған болатын.Анасы Әлима Қаныш екі жаста болғанда қайтыс болды. Қаныш осы себепті оқу жоспарын кейінге қалдырып, емделу үшін ауылына оралуға тура келді.

20 жасында Қаныш сауатты, білімді жас ретінде танылып, Қазақ ағарту және мәдениет кеңесінің төрағасы болып тағайындалды, сондай-ақ Баянауыл ауданында халық соты болып сайланды. 1921 жылы дәл осы Баянауылда болған бір кездесу Қаныштың бүкіл өмірін өзгертіп, оны мүлде жаңа бағытқа бұрып жіберді.

  • Бұл өңірге саумалмен емделуге келген ғалым Михаил Антонович Усов Қанышпен танысты.
  • Ол жас жігітке пайдалы қазбалардың маңызы туралы қызықты әңгімелер айтып, оны геология әлеміне баурап алды.
  • Осы кездесуден кейін Қаныш Томск технологиялық институтының студенті атанып, бес жылдық оқуынан кейін тау-кен инженері дипломын алды.

Қаныш Сәтбаев еңбек жолын Атбасар тресінде бастады, бұл мекемеде ол 15 жыл жұмыс істеді. Геолог ретінде жергілікті жерді зерттеу барысында Сәтбаев мұнда мыс қорының мол екенін болжады. Ол болашағы зор кен орнын ашты. Алайда оны игеру үшін ескі зауытты кеңейтіп, қосымша инфрақұрылым құру қажет болды.

Осы мақсатқа жету жолында Сәтбаев көптеген қиындыққа тап болды, бірақ ол табандылығы мен қайсарлығының арқасында барлық кедергіні жеңіп отырды.

  1. Бүкілодақтық халық шаруашылығы кеңесі жас инженер Сәтбаевтың тұжырымдарын мойындамады. Алайда Сәтбаев табандылық танытып, КСРО Мемжоспар төрағасы Кржижановскийдің қабылдауына кіріп, зерттеу жұмыстарын кеңейту қажет екеніне оны сендіре алды.
  2. Кейінірек ол өз ұсыныстарын ауыр өнеркәсіп халық комиссары Орджоникидзе алдында да қорғады.
  3. Қажетті қосымша қаражатты табу үшін мысқа мүдделі трестермен келіссөздер жүргізді.
  4. Сонымен қатар КСРО Ғылым академиясы деңгейінде Сәтбаев кен орнын игерудің мүмкіндігі мен маңызын дәлелдеп шықты. Оның баяндамасынан кейін Ғылым академиясы Жезқазған нысанын үшінші бесжылдық жоспарына енгізуді қолдады, ал кейінірек бұл шешім мемлекеттік деңгейде бекітілді.

1940 жылға қарай теміржол мен су қоймасының құрылысы аяқталды. Қазақстанның табиғи байлықтарын игерудегі зор жетістіктері үшін Қаныш Сәтбаев Ленин орденімен марапатталды.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда КСРО-да марганец тапшылығы пайда болды. Қаныш Имантайұлы бұрын анықталған Жезді кен орнының қорын игеру туралы ұсыныс жасады. Небәрі 40 күн ішінде кеніш салынды, ал 1942 жылдың маусымында Орал зауыттары Жездіде өндірілген шикізатты пайдаланып жұмыс істей бастады. Бұл жетістік үшін ұжым Сталин сыйлығына ие болды.

Ғалым Қаныш Сәтбаев
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев. Көрнекі сурет: gov.kz

1940-жылдары Қаныш Сәтбаев Қазақ КСР-інде ғылыми ұйымдастырушы ретінде кеңінен танылды.

  • 1941 жылы ол КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
  • Қазақ ғылым академиясының (ҚазҒА) дамуына қосқан үлесі үшін ол Ленин орденімен марапатталды.
  • Ғалым Қазақстанда ұлттық Ғылым академиясын құрудың маңызын негіздеп, дайындық жұмыстары 1944 жылы басталды.
  • 1946 жылдың жазында ҚазКСР Ғылым академиясы ашылды, ал Қаныш Сәтбаев оның алғашқы президенті болып сайланды.

Соғыстан кейінгі жылдары елде жаңа репрессиялар толқыны жүрді, бұл Сәтбаевқа да әсер етті. Комиссиялар көптеген қазақ ғалымын қызметтен босатуды талап етті, бірақ академия президенті бұған келіспеді. Осыдан кейін оны бірқатар ережелерді бұзды деп айыптап, 1951 жылдың қарашасында қызметінен босатты.

Алайда Қаныш Сәтбаев Геология ғылымдары институтының жетекшісі болып қалды. Академиктің басшылығымен бұл институт Қазақстанның минералдық ресурстарын зерттейтін ірі орталыққа айналды және КСРО-да Мәскеу мен Ленинград институттарынан кейінгі үшінші маңызды ғылыми мекеме ретінде танылды.

КСРО-дағы жағдай өзгергеннен кейін Сәтбаевтың ісі қайта қаралып, ғалым қайтадан ҚазКСР Ғылым академиясының президенті болып сайланды. 1950-жылдардың соңында және 1960-жылдардың басында Қаныш Сәтбаев КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КПСС-тің XXI және XXII съездерінің делегаты болды.

Зерттеуші-ғалымның жеке өмірі туралы мәлімет өте аз. Қаныш Сәтбаев екі рет ресми некеде, бір рет азаматтық некеде болған. Барлық некеден балалары дүниеге келген.

Қаныш Сәтбаев өмір бойы мазалаған туберкулездің салдарынан 65 жасында дүниеден өтті.

Қаныш Сәтбаевтың жұбайы
Қаныш Сәтбаев жұбайы Таисиямен. Көрнекі сурет: sputnik.kz

Қаныш Сәтбаев: ғылым мен мәдениетке қосқан үлесі

Ғалымның өмірін қысқаша баяндағанның өзінде оның ғылыми қызметінің ауқымы мен елдің дамуына қосқан үлесінің қаншалықты маңызды екенін көруге болады.

Жезқазғандағы ірі мыс қорын ашуы

Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Жезқазған өңіріндегі мыс қорының көлемі 2 миллион тоннадан асатыны анықталды. Бұған дейін ағылшындар бұл қорды небәрі 60 мың тонна деп бағалаған. Сол кезеңде бұл қорлар әлемдегі ең ірі қор деп танылды.

Қаныш Сәтбаев өз тұжырымдарын дәлелдеу үшін шамамен 40 ғылыми еңбек жазды. Бұл қорларды игеру үшін тек білім ғана емес, ғалымның энтузиазмы мен табандылығы да қажет болды. Ол әр түрлі жоғары мекемелерде өз дәлелдерін мойындатып, шешім қабылдайтын тұлғаларды сендіре алды.

Қаныш Сәтбаев геологиялық барлау жұмыстарын табанды түрде жүргізіп, қыс мезгілінде де ұңғымаларды бұрғылауға рұқсат алды. 40 градус аязда қондырғыларды киіз үймен жауып жылытуға мәжбүр болды.

Ғалымның ғылыми еңбегі жоғары бағаланып, 1942 жылы Жоғары аттестациялық комиссия (ВАК) оған геология және минералогия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін берді.

Қазақстанның пайдалы қазбалар картасының жасалуы

Қаныш Сәтбаевтың тікелей басшылығымен Қазақстанның пайдалы қазбаларының картасы жасалды. Бұл үшін кешенді әдіс әзірленіп, жұмыс макеттері құрылды. Осы әдіс геологиядағы жаңа бағыт – металлогенияның негізін қалады. Қаныш Сәтбаев бұл бағыттың негізін салушы және геологиядағы "қазақ мектебінің" негізін қалаушы ретінде танылды.

Институтта жасалған карта дәлдікке тексеріліп, ғылыми конференцияларда талқыланды және ең сенімді карта ретінде қабылданды. Бұл еңбек үшін ғалымдар тобы 1958 жылы Ленин сыйлығына ие болды.

1950-жылдардың ортасында республика ғалымдары табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жолдарын зерттеді. Тың жерлерді игеріп, ғылыми институттарды жұмылдырғаны үшін Қаныш Сәтбаев Ленин орденімен марапатталды. Бұл ғалымның үшінші Ленин ордені еді.

Ертіс – Қарағанды арнасы жобасы

Ертіс-Қарағанды
Ертіс-Қарағанды арнасы. Көрнекі сурет: YouTube/Наталья Тележинская

Академик Қаныш Сәтбаев республикадағы тағы бір ауқымды жобаны жүзеге асыруға қатысты. Орталық Қазақстанда су тапшылығы экономикалық дамуды баяулатып отырды. Осы мәселені шешу үшін Ертіс суының бір бөлігін бұл аймаққа жеткізетін арна салу ұсынылды. Беделді ғалым ретінде Қаныш Сәтбаев бұл жобаны жоғары одақтық деңгейде қолдап, жүзеге асыруға ықпал етті. Бүгінде Ертіс-Қарағанды арнасы ғалымның есімімен аталады.

Қаныш Сәтбаевтың ғылыми қызметі геологиямен ғана шектелмеді. Оның қызметіне қатысты мынадай қызықты фактілер бар:

  1. 1935 жылы аймақты зерттеу барысында ол XIV ғасырда Темірлан қалдырған жазуы бар тасты тапты. Бұл құнды археологиялық жәдігер қазір Эрмитажда сақтаулы. Ғалымды далада кездесетін тас мүсіндер мен жартастағы суреттер қызықтырған.
  2. Геологиялық экспедицияларда ол халық әндері мен дастандарын жазып алып, зерттеген. Сонымен қатар "Едіге" жырын зерттеп, жариялаған.
  3. Педагогикалық қызметпен айналыса жүріп, ол мектеп оқушыларына арналған алгебра оқулығын жазды.

Ғалым әрдайым өз халқын мақтан тұтты. Ол Жоғарғы Кеңес депутаттарының делегациясы құрамында Черчилльмен кездескенде, атақты саясаткер: "Барлық қазақтар осындай алып па?" - деп сұраған. Сонда Сәтбаев: "Мен ең кішісі боламын, ал халқым менен де биік", - деп жауап берген екен.

Сәтбаев университеті
Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университеті. Көрнекі сурет: satbayev.university

Ұлы ғалымның есімі көшелерге, ғылыми және оқу орындарына берілді, елдегі бір қаланың атауы Сәтбаев деп аталады, ал ғалымның құрметіне ғарыштағы бір планетаға оның есімі берілді. Жаңа минералдардың бірі "сатпаевит" деп аталды.

ЮНЕСКО Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдық мерейтойын атап өтуге қатысты. Ғалымның туған жерінде оның 120 жылдығы да салтанатты түрде аталып өтті. Оның әріптестері қазіргі таңда Қазақстанның ЖІӨ-нің едәуір бөлігі Қаныш Сәтбаев ашқан кен орындары мен ғылыми жаңалықтардың арқасында қалыптасып отырғанын ерекше атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2205975-ulylardyng-omiri-qanysh-satbaevtyng-omirbaiany-zhane-qyzyq-malimetter/