Қазақ руларының шежіресі: уақтар туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Уақ – орта жүз құрамына кіретін ру. Зерттеушілердің дерегінше, бір атадан емес, əр елден аз-аздап жиналған ел болғандықтан, "уақ" деп аталады. Тарихшылар уақтың сонау түркі заманынан бері тайпалық билігі бар, осы күнге дейін сақталған шежіре-дастаны бар іргелі ұлыс болғанын айтады. Уақтардың шежіресі туралы зерттеушілер пайымын KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
- Уақ – орта жүз құрамына кіретін, түркі заманынан бері өзіндік тарихы мен шежіресі бар іргелі ру.
- Зерттеушілер арасында уақтардың шығу тегі туралы әртүрлі пікірлер бар: кейбіреулер оларды керейден тараған деп санаса, басқалары оларды ежелгі оңғыт тайпасымен байланыстырады.
- Уақ тайпасынан шыққан атақты батырлар арасында Ер Көкше, Ер Қосай және Баян батыр Қасаболатұлы бар, олардың ерліктері мен істері халық жырларында және тарихи деректерде сақталған.
Уақтардың шығу тарихы туралы пайымдаулар
Шәкәрім Құдайбердіұлы "Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі" атты еңбегінде орыс жазушыларына сүйеніп, уақтар керейден тарағанын жазады: "Орыс жазушылары уақтар керейден шыққан ел болса керек дейді, себебі, орыс әскерлері алғаш жолыққанда керей мен уақ аралас екен, ел таңбалары да керейдің кірест белгісі дейді. Сонымен қатар дәлел ретінде, Левшин мен Балқашин уақтың сарбағыс деген тайпасы 1750 жылдан асқан кезде Абылайдың қырғыздарды шауып алып келген кездегі тұтқындардың нәсілі дейді".
С. Каренов "Уақ тайпасының шығу тегі жəне оның жоңғарларға қарсы күресті ұйымдастырған тарихи тұлғалары" атты мақаласында аңыз желісін келтіре отырып, уақ пен керей туыстас екенін жазады:
"Қазақ арасына кең тараған аңыз бойынша, уақ керей тайпасымен туыстас. Уақтың арғы атасының анасы ері Жаубасар өлген соң, бір жылдан кейін əмеңгерлік əдет бойынша оның ағасы Ойшыбайға (Керейдің əкесі) тиеді. Сондықтан да уақ керейдің інісі болып есептеледі.
Тарихи деректер негізінде де уақ керейлермен іргелес болып қана қоймай, өзара соғыс одағын құрып, соғыс кезінде əрқашан əскери қолдың оң қанатында болған. Керей мен уақтың аталастығының тағы бір айғағы, олардың рулық таңбасының ұқсастығы, яғни "Ашамай таңба" екеуіне де ортақ".
Осы орайда зерттеуші Шынқазы Барлық уақ шежіресіне арналған мақаласында түрлі деректерлі келтіре отырып, "уақ пен керейдің бірге туысқан екені" жөніндегі ойды қуаттайды.
Тарихшы Нығмет Мыңжан "Қазақтың қысқаша тарихы" еңбегінде байырғы қазақ шежіресі бойынша уақ ұлысы 11 тайпаға бөлінетінін жазады:
- Шұға;
- Сарман;
- Байназар;
- Сарбағыш;
- Сіргелі;
- Ерінші;
- Әлімбет;
- Бидәлі;
- Жансары;
- Баржақсы;
- Шайкөз.
"Осы 11 тайпа ішінде Бидәлі, Жансары, Баржақсы, Шайкөз тайпалары Ергенекті уақ деп аталады. Уақтың арғы атасы Жаубасар, Қамбар, Еркөкше, Ерқосай батырлардан таратады, жауға шапқанда Жаубасар мен Еркөкшенің атын ұран етіп шақырады", - деп жазады ол.
Әлкей Марғұлан "Тамғалы тас жаузы" атты еңбегінде ежелгі оңғыт тайпасын уақ деп көрсетеді. Кейбір тарихшылар осы тұжырымды қостап, оңғыт атауы уақ болып өзгеруі мүмкін деген ой айтады.
Уикипедияда келтірілген мәліметте "уақ тарихы жайлы барлық тарихшы бірауыздан бір шешімге келгені" айтылған. "Уақтар, академик Әлкей Марғұланның және Қытай қазақтары тарихшысы Нығмет Мыңжандардың айтуынша, Шыңғыс хан кезіндегі оңғыттар. Мұны Ш.Уәлиханов атындағы тарихи институтының директоры, бұрын Моңғолия премьер-министрі болған Зардыхан Қиянатұлы "Моңғол үстіртін мекендеген соңғы түркі тайпалары" деген еңбегінде дәлелдеген", - делінген.
Уақтан шыққан батырлар
Ер Көкше (Еркөкше) — тарихта болған адам. Ерлігімен ел аузында аңызға айналып, дастан-жырға арқау болған. Халық шежіресінде Ер Көкше мен Ер Қосай бір туысқан кісі болып айтылады.
Қазақ халқында "Ер Көкше" атты бірнеше жыр бар. Ер Көкше сонымен қатар қырғыздың "Манас" жырында да кейіпкер ретінде көрінеді. "Көкше батыр" – "Қырымның қырық батыры" топтамасына енген халықтық жырлардың бірі. Орталық ғылыми кітапхана мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар қорында жырдың бірнеше нұсқаcs сақталған.
Ер Қосай (Ерқосай) — Ер Көкшенің баласы. Уақ тайпасының шығу тегіне арналған мақалада Ер Көкше мен Ер Қосай XIV–XV ғасырларда өмір сүрген тарихи адамдар екені айтылады. Уақ тайпасына кіретін барлық ру Ер Көкше мен Ер Қосайды өздерінің түп атасы етіп, тарихи шежірелерін содан бастайды. Ер Қосай — уақтар көне уерейлермен өз алдына бөлініп шыққаннан кейін ру басы болған. Ер Қосайдың ерлігі ел арасында жыр боп тараған.
Ер Қосай туралы жыр сюжетіне, көбінесе қиял-ғажайып сипаттар араласып отырғанымен, тарихта болған оқиғаларды қамтиды. Жырдың бірнеше нұсқасы тараған.
Баян батыр Қасаболатұлы (шамамен 1710/1715–1757) — бүкіл өмірін қазақ жұртының тəуелсіздігі жолындағы күреске арнаған ержүрек батырлардың бірі. Алғырлығымен, тапқырлығымен Абылай ханның ерекше құрметіне бөленген. Қазақ-жоңғар шайқастарына қатысып "батыр Баян" атанған. Жұрттың көбі Баян есімін Мағжан Жұмабаевтың "Батыр Баян" поэмасы арқылы біледі.
Уикипедияда келтірілген мәліметке сүйенсек, уақ батыры Баян Абылай ханмен бірге Қытай жасақтарына қарсы соғысқа қатысады. Қытайлармен айқаста Абылай қолы шегінуге мәжбүр болғанда Абылайдың әскерінің шегінуіне мүмкіндік жасап, Баян қолы қытайлармен айқасады. Бұл шайқаста Баян өзінің тапқырлығымен, ержүректігімен, найзагерлігімен көзге түсіп, хан әскерін құтқарады.
Шоқанның айтуынша, Баян Абылайдың ең жақын батырларының бірі болған. Ол ағасы Сары батырмен бірге уақ-керей руларының жасақтарын бастап қалмақтарға қарсы соғысқан. Осындай бір жорықта Сары мен Баян қаза болады. "Халық аузында қос батырдың аттары біріктіріліп, Сары-Баян деп қосақталып айтыла да береді", - деп жазды Шоқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2207294-qazaq-rularynyng-shezhiresi-uaqtar-turaly-ne-bilemiz/