Саумал деген не және оның адам ағзасына пайдасы қандай
Жарияланған күні:
Бие сүтін адам өмірін ұзартатын сусын ретінде қарастырар болсақ, соның ішінде саумалдың емдік қасиеті зор. Осы сусын арқылы қырыққа жуық аурудың алдын алуға болады екен – рак клеткаларына тосқауыл болатыны да айтылады. Соңғы кезде саумалмен емдеу де ел арасында кеңінен тарап келеді. Саумал туралы толығырақ мәліметті мақаладан оқи аласыз.
- Саумал – жаңа сауылған бие сүті, оның құрамында 80-ге жуық биологиялық белсенді қоспалар бар, ол ана сүтіне жақын және адам ағзасына пайдалы.
- Гастроэнтеролог Бақытжан Биімбетовтің айтуынша, саумал көптеген ауруды емдеуде, әсіресе асқазан-ішек жолдары ауруларын емдеуде тиімді.
- Бие сүтімен емдеу туралы кеңестер ХІХ ғасырдағы Ресей баспасөзінде кездеседі. Ол кезде емделушілерге күніне 6 кеседен 45 кесеге дейін бие сүтін ішу ұсынылған, ем курсы 6 аптадан 3 айға дейін созылған.
Саумал деген не?
Саумал – жаңа сауылған бие сүті. Дәмі тәтті, көпіршіп тұратын, жұмсақ әрі тез сіңетін қасиеті бар биологиялық табиғи өнім.
Саумал туралы мақалада жаңа сауылған бие сүті физикалық және химиялық құрамы жағынан ана сүтіне өте жақын болып саналатыны, бұл тұрғыдан алғанда ешкі сүтінен де жақын екені айтылған.
Уикипедияда келтірілген мәліметке сүйенсек, бие сүті құрамына қарай ана сүтіне өте жақын, альбумин тобына жатады. 500 мл бие сүті ағзаға қажетті С дәруменінің тәуліктік мөлшерін қамтамасыз етеді.
Саумалдың құрамында белок, амин қышқылы, тез еритін май, оттегі және организмге керек кальций, натрий, фосфор, калий, темір, магний, бром сияқты минералдар, С, А, В1, В2, В6, В12, Е, РР дәрумендері бар. Жалпы саумалдың құрамында 80-ге жуық биологиялық белсенді қоспалар бар екендігі анықталып отыр.
Саумал құрамындағы А дәрумені жасушаның жаңаруын қамтамасыз етсе, С дәрумені ағзаның кез келген ауруға қарсы тұру қабілетін күшейтеді.
Саумалдың емдік қасиеті
Гастроэнтеролог Бақытжан Биімбетов Baq.kz порталына берген сұқбатында саумалдың емдік-шипалық қасиеті өте зор екенін айтады.
Саумал асқазан-бауыр, ішек ауруларында, жалпы асқорыту органдарының ауруларында өте жақсы көмектеседі. Егер саумалды базисті терапия ретінде қолданар болсақ, емнің нәтижесі 1,5-2 есе ұлғаяды. Оған көзіміз жетті. Әсіресе бауыр, ұйқы безі ауруларында, созылмалы ауруларда, онкологиялық процестер кезінде де жақсы нәтиже береді. Химиотерапияның кері әсерін төмендетеді, науқастың өмір сүру сапасын жақсартады. Жалпы профилактикалық жағдайда да қолдану қажет, себебі бие сүті адам өмірін ұзартатын өнім екені қазіргі таңда ғылыми түрде дәлелденіп жатыр.
Саумал – тағам, табиғи сусын, дәрі-дәрмек емес. Гиппократтың өзі "Ішкен тағамымыз ем болу керек, алатын еміміз тағам болуы керек" деп айтып кеткен. Осы постулатқа дәлме-дәл сай келетіні – саумалтерапия. Ол біріншіден – ас, екіншіден профилактикалық, реабилитациялық және ем-шипалық құрал ретінде де қолданылады. Әсіресе, инфекциялық аурулардан, әртүрлі операциядан, реанимациядан кейінгі науқастарға саумал беретін болсақ, тез сауығып кетер еді", - дейді дәрігер.
"Саумалдың емдік қасиеті" атты мақалада бие сүтін қалайы ыдысқа сауса, шипалық қасиеті тез жойылатыны айтылған:
"Саумалды қыш ыдысқа немесе ысталған қауаққа сауады. Тағы бір ескерер жайт – саумалды бiр ыдыстан келесi ыдысқа қотарып мазалай бермейдi. Саумал, қымыздың емдік қасиетiне жылқының жайылымы, жеген шөбi, iшкен суы мен ауасынының да әсері бар".
Әсіресе бірінші рет құлындаған қулық биенің өнімі мама биенің сүтіне қарағанда әлдеқайда қуатты келеді екен. Дегенмен бие сүтінің биологиялық құндылығы 12 сағатқа дейін ғана сақталады.
Бие сүтімен емдеу тарихы
"Егемен Қазақстан" басылымында жарық көрген "Бие сүті емі" мақаласында бие сүтімен емдеу туралы тарихи мәлімет классик-жазушылар Лев Толстой мен Антон Чеховта кездесетіні айтылады. Бие сүтінің емдік қасиетін әлемге Мәскеу университетінің медицина факультетін бітірген кәсіби дәрігер Нестор Постников (1821–1913) "Самара маңында қымызбен емдеу орындары" (1860), "Қымыз, оның құрамы және адам ағзасына әсері туралы" (1867) атты зерттеу еңбектері арқылы танытқан деседі.
Мақалада ХІХ ғасырда Ресей баспасөзінде "Қымыз қан тамырларын тазалайды, өкпе (құрт ауруы, көксау), жүрек ауруларына ем. Бүйрек пен несеп жолдары науқастарын емдейді. Жүкті әйелдерге дәрумені пайдалы" екені жазылғаны айтылған.
"Ең қызығы, бие сүтін жылқының тұрған жерінде, сауыла салысымен ішуге кеңес беріпті. Сондай-ақ сауылатын бие арбаға жегілмей, кең далада еркін жайылуы керегі айтылған.
Бұдан да тартымдырақ ақпарат – бие сүтін қалай және қай кезде, қандай мөлшерде ішу деп тәптіштеліп жазылған", - деп атап өтеді мақала авторы.
Жоғарыда аталған еңбектерде және баспасөзде бие сүтін қалай және қай кезде, қандай мөлшерде ішу керектігі жөнінде кеңестер берілген.
Емделушілердің күн тәртібі шамамен мынандай болғае:
- Таңғы сағат 6-да тұрып, таза ауада тыныстап барып, бие сүтін ішеді.
- Сағат 8.00-9.00 шамасында ептеп қана дәм жейді (шай және май жағылған нан, аздап жұмыртқа). Бірақ бұл таңғы ас саналмайды;
- Таңғы ас 12.00-ге белгіленген. Бірақ оған дейін де далада кеңірек тыныстап жүруі шарт. Денсаулыққа пайдалы ойын-жаттығулар жасауға да болады.
- Түскі ас уақыты – 18.00.
- Ал кешкі ас (мұнда шай мен жеңсік тамақ) уақыты – 21.00.
Емделушілер бастапқыда күніне шағындау 6 кеседен бастап, соңында 45 кесеге жеткен (орыс дәрігері стақанмен өлшеген). Ем кезеңінде қырыққабат (капуста), қияр жеуге, спирттік ішімдік ішуге қатаң тыйым салынған.
Қымыз (бие сүті) маусымы 10 мамырдан 20 тамызға дейін созылған. Бие сүтімен емделу әдетте 6 аптадан 3 айға дейін созылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2207547-saumal-degen-ne-zhane-onyng-adam-agzasyna-paidasy-qandai/