Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бақа неге бақылдайды және қайда қыстайды: бақалар туралы қызық деректер

Жарияланған күні:

Читать на русском
Бақа
Бақа. Көрнекі фото: pixabay.com

Бақаның бақылдауы жазда табиғат аясындағы демалысты еске салады. Олар қоршаған орта тазалығының көрсеткішіне айналды. Мақаладан бақалардың басқа да ерекше қасиеттері туралы біле аласыз.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Бақалар суда да, құрлықта да тіршілік етуге бейімделген, олар қысқа қарай шұңқыр қазып қыстайды және кейбір түрлері мұз боп қатып қалған соң қайта тіріле алады.
  • Бақалар негізінен жыртқыштар, олар шыбын-шіркей, құрт, ұлу және ұсақ бақалармен қоректенеді. Еркек бақалар аналық бақалардың назарын аудару үшін бақылдайды.
  • Бақалар қоршаған ортаның экологиялық жағдайының көрсеткіші болып саналады. Олардың терісі өткізгіш келеді, қоршаған ортаның ластанғанын сезеді және микробқа қарсы заттар бөліп шығарады.

Омыртқалылар арасындағы ең жақсы секіргіштер

Бақалар – құйрықсыз қосмекенділер отрядының өкілдері, қосмекенділердің 8 мың түрінің 7 мыңнан астамы – бақалар. Олардың негізгі айырмашылығы – мықты бұлшықеттері бар артқы аяғы. Олар бақаға бойынан ондаған есе биікке секіруге мүмкіндік береді. Сондықтан бақалар омыртқалылар арасында ең жақсы секіргіштер болып саналады. Тыныштық күйінде олардың аяғы бүгіліп тұрады.

Бақаның шығыңқы келген көзі көру кеңістігін қамтамасыз етеді. Жабысқақ тілі қорек аулау құралы ретінде қызмет етеді. Бақалардың терісі тегіс келеді, бұл оларды сүйел терісі бар бақалардан ерекшелендіреді, су өткізеді және көптеген безі бар.

Бақалардың түсі негізінен бүркемеленген: қоңыр, жасылдау, сұр. Қызыл, сары, қара реңкі бар ашық түстілері де кездеседі. Улы бақалар көбіне осындай түспен ерекшеленеді.

Суда да, құрлықта да тіршілік етеді

Бұл құйрықсыз қосмекенділер үлкен шөлдерден, Арктика мен Антарктикадан басқа барлық жерде таралған. Әсіресе тропикте бақаның әр алуан түрі тіршілік етеді.

Бақалардың әдеттегі мекендейтін орны – тұщы су қоймалары. Теңіз шаянын жегіш бақалар ғана Оңтүстік-Шығыс Азиядағы теңіз суында мекендейді. Ағаштарда тіршілік етуге бейімделген ағаш бақалары (бақалар) болады.

Бақалар мекендеу ортасына қарай жүгіре алады, жүзе алады, жүре алады, ағаштарға өрмелей алады. Кейбір өте кішкентай түрлері судың бетімен қысқа қашықтыққа жүгіріп өте алады. Суда ғана тіршілік ететін түрлері де болады. Үндістанда, Аустралияда және Мадагаскар аралында бақалардың жер асты түрлері кездеседі. Олар шұңқыр қазып, үнемі жер астында жүреді.

Бақа
Бақа. Көрнекі фото: pixabay.com

Мұз боп қатып қалған соң қайта тіріле алады

Бақалар қайда қыстайды? Жабайы табиғат маманы Джон Мориарти бақалар қыста қайда тіршілік ететіні жөнінде мынандай ақпарат ұсынады:

  • Бақалар қысқа қарай шұңқыр қазады. Шұңқырлар әртүрлі тереңдікте болады, ал бақалар қажет болған жағдайда тереңдей түседі.
  • Бақалар мұз астындағы су қоймаларында, су түбіндегі лайды жамылып қыстайды.
  • Олар түскен жапырақтарда мұз боп қатып қалады, күн жылыған кезде тіріледі.

Көптеген бақа барлық өмірлік процесс баяулаған кезде анабиоз күйіне түседі. Қыс алдында кейбір бақа түрлері денелеріне глицерин жинайды, ол глюкозаға айналады. Глюкозаның арқасында мұз кристалдары пайда болмайды және қатып қалған жасушалар жарылып кетпейді. Осылайша, ағаш бақаларының денесінің 2/3 бөлігі мұз боп қатып қалуы мүмкін, олар бір маусымда 10-нан 15-ке дейін мұздату цикліне төтеп бере алады және ауа райы жылынған кезде қайта тіріле алады.

Қоректік тізбектегі алғашқы жыртқыштар

Бақалар – негізінен жыртқыштар. Олар басқа организмдермен қоректенеді, өздері де басқа жануарлар мен құстарға қорек болады. Тоғандардағы тірлішік туралы The Pond Guy сайтында бақалардың қорегі сипатталған. Шыбын-шіркейді бақалар тілімен аулайды. Бұған қоса олар құртпен, ұлумен, кенемен және ұсақ бақалармен қоректенеді. Кейбір бақалар ұсақ балықтар аулап жейді. Бақалардың жеміспен қоректенетін түрлері де кездеседі.

Бақалар қорек аулау кезінде тісін пайдаланбайды. Тіс бақаның тек үстіңгі иегінде болады, бірақ әлсіз келетіндіктен, тек жемін ұстап тұра алады. Бақалардың кейбір түрлерінің тілі жоқ, тамақты алдыңғы аяғымен итереді. Тамақтану үшін көзін қолданатын таңғажайып түрлері де кездеседі: қорек бас сүйегіндегі тесік арқылы түсіп, қорегін итереді.

Бақалар бір-біріне жабысып тұр
Бақа. Көрнекі фото: pixabay.com

Суда да, құрлықта да уылдырық шашады

Бақалар маусымына қарай және кенеттен жұптасуы мүмкін. Олардың көбі көбею үшін өзі өсіп-жетілген тоғанға көшуге тырысады. Оның үстіне еркектер аналық бақалардан бұрын көшеді, олардың арасында бәсекелестік байқалады, кейбіреулері аналық бақаларды су қоймаларына барар жолда ұстап алады.

Құрғақ жерлерде бақалардың жұптасу кезеңі шалшық пайда болған кезде кенеттен басталады. Олар негізінен суда уылдырық шашады. Бірақ су қоймасында жыртқыш көп болса және уылдырықтың жойылу қаупі төнсе, олар уылдырыған шөп үстіне сала алады.

Бақалар қалай көбейеді? Бақалардың репродуктивті жүйесі сыртқы ұрықтануға негізделген. Еркек алдыңғы аяғымен аналықты құшақтап, жұмыртқа салуды ынталандырады. Сондай-ақ қатпаршақтан сперматозоид лақтырып, оны ұрықтандырады. Бір аптадан кейін уылдырықтан дернәсілдер – желбезектері мен құйрықтары бар бақашабақтар шығады. Олар бір жылға дейін немесе одан да көп өсе алады, содан кейін метаморфоз нәтижесінде олар бір күнде ересек бақаға айналады.

Еркек бақалар аналық бақалардың назарын аудару үшін бақылдайды

Түнде бақалар неге бақылдайды? Australian Museum табиғи тарих мұражайы сайтында бақалардың не себепті бақылдайдыны зерттелген мақала жарық көрген. Бұл қосмекенділер түнде жиі бақылдайды, өйткені олардың көбі түнгі тіршілік иелері саналады. Бірақ кейбір түрлер тәуліктің кез келген уақытында бақылдай береді. Негізінен еркек бақалар аналық бақалардың назарын аудару үшін бақылдайды.

Еркек бақаларда дауыс желбезегі мен тамақ қапшықтары бар, соның арқасында олар бір шақырымнан астам жерге дейін естілетін қатты дыбыс шығара алады. Бақаның әр түрі әртүрлі бақылдайды. Ағаш бақалары бақылдап нөсер келе жатқанын ескертеді немесе бөтен бақаларды қуалайды.

Brainly білім беру сайтында тоғандағы барлық бақа кенеттен неге үнсіз қалуы мүмкін екенін түсіндірілген. Бұл аман қалуға талпыну инстинктінің көрінісі, олар жыртқыш (жылан, құс, жануар) жақындаған кезде дыбыс шығармайды.

Биосфераның экологиялық жағдайының нақты көрсеткіштері

Бақалардың терісі өткізгіш келеді, олар терісімен суды сіңіреді, қоршаған ортаның ластанғанын сезеді. Бақалардың болуы қоршаған ортаның жайлы екенін білдіреді.

Бақалар қауіпті ауруларды тасымалдайтын масалармен қоректенеді. Бақа терісі микробқа қарсы заттар бөліп шығаратындықтан фармакологияда қолданылады.

Медициналық зерттеулерде бақалардың рөлі зор. Медицина саласындағы Нобель сыйлығының 10 пайызы бақалардың көмегімен жүргізілген зертханалық зерттеулер нәтижесінде алынған деп саналады. Бақалар ауырсынуды сезе ме? Тәжірибе жүргізуге қолданылатын жануарлар туралы J-Stage журналы бұған дейін ауруды тек жоғары сатыдағы жануарлар ғана сезеді деп есептеліп келгенін жазады. Бірақ бақалар да ауруды сезетіні белгілі болды. Сондықтан бақалармен жүргізілген зертханалық тәжірибелерде қазір анестезия қолданылады.

Бақалар табиғатта маңызды рөл атқарады. Олардың басқа жануарлар түрлерінде жоқ ерекше қасиеттері бар екені анықталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2207633-baqa-nege-baqyldaidy-zhane-qaida-qystaidy-baqalar-turaly-qyzyq-derekter/