Үйді қалай жинаймыз: КонМари әдісімен үйді айнадай етіп ұстаудың 10 әдісі
Жарияланған күні:
Үйді бір рет қана реттеп, тап-тұйнайқтай етіп жинауға болады. Оған сіздерге КонМари әдісі көмектесетін болады. Жазушы Мари Кондо мен білікті сарапшы Сью Спенсер сіздермен құнды кеңестерін бөлісетін болады.
- КонМари әдісі - жапондық Мари Кондоның үйді жинау және реттеу тәсілі, ол артық заттардан құтылу және үйді жинақы ұстауға негізделген.
- Бұл әдіс бойынша, үйді реттеу алдында мотивация табу, заттарды санаттарға бөліп сұрыптау, киімдерді мөлшері мен түріне қарай реттеу, және әр затқа белгілі бір орын белгілеу маңызды.
- КонМари әдісінің негізгі ерекшеліктері - заттарды тігінен жинау, жиі қолданылатын заттарды қолжетімді жерге қою және минималистік тәсілді ұстану.
Үй жинау жоспарын құрыңыз
КонМари әдісі — бұл жапониялық гуру-ұйымдастырушы Мари Кондоның үй жинаудың ерекше әдісі. Үйді реттеудің барлық процесі 2 кезеңнен тұрады - артық заттан құтылу және үйді жинау. Егер істелетін жұмыс көп болса, бірнеше күнге арналған үй жинау жоспарын жасап қойыңыз. Үйді реттеу процесін ұзаққа созбаңыз. Күнделікті, уақытылы осы іспен айналысқан дұрыс болады.
Үстіңізге үй киімін киіп, жаныңызға жақын әуенді қосыңыз. Үйді кіреберістен бастап, сағат тілімен бастаңыз. "Магиялық үй жинау" кітабында Мари Кондо адам үйін реттеген кезде, ол өзінің үйін ғана емес, санасын да ретке келтіретінін айтқан.
Үй жинауға мотивация табыңыз
КонМари әдісі бойынша сарапшы Сью Спенсер үй жинау алдында оны реттеуге деген ниетіңіздің бар-жоғын біліп алуға кеңес береді. Себебі үй реттеуге құлқыңыз болмаса, уақытты бекер жоғалтуыңыз мүмкін. Үйдегі шашылған дүние-мүлікке қарап, ашуланбаңыз.
Өзіңізге қажет үйдің нұсқаулығын жасап, оны көрінетін жерге іліп қойыңыз. Үйді не себепті реттейтініңізді анықтап алыңыз. Егер саналы түрде үйді жинауға әзір болған жағдайда ғана, сіз үйіңізді тез әрі жинақы жинай алатын боласыз.
Артық затты лақтыруға арналған қораптарды дайындаңыз
Үйді реттеуге кіріспестен бұрын, артық затты лақтыруға арналған қораптарды дайындап қойыңыз. Cебебі әр заттың өз орны болады:
- біреуге беретін заттарға арналған қорап;
- қоқысқа жіберілетін қажетсіз заттарға арналған қорап;
- өз орнына оралатын заттарға арналған қорап.
Егер қораптар үшеуден көп болса, онын санын таы да көбейтуге болады. Сұрыпталған заттарды қораптарда көп сақтамаңыз. Егер олардың арасында қолданатын заттарыңыз болса, онда оны бірден алып қойыңыз.
Заттарды санаттарына қарай сұрыптаңыз
Алдымен киімдер мен аксессуарларды, кейін аяқ киімді, сол сияқты ас үй заттары, кітап, қағаздарды сұраптап бастаңыз. Жаныңызға жақын заттарды (фотосуреттер, балалар ойыншықтары, сувенирлер) кейінге қалдырыңыз. Себебі мұндай заттарды сұрыптау тым көп уақыт алады.
Қандай заттарды қалдырып, қандайын тастау қажеттігін білу үшін, бәрін бір жерге жинап, сұрыптаңыз. Осылайша қай заттарды қалдыру керегін жылдам білетін боласыз.
Киімдерді мөлшері мен түріне қарай реттеңіз
Киімдерді түрі мен көлеміне қарай реттеңіз. Мәселен, егер кішкентай заттар бір орында жатса, олар жоғалып кетпейді. Киімдерді киім ілгішке рет-ретімен, алдымен ұзынын, сосын қысқасын қойып реттеңіз.
Шұлық, бас киім, белбеулерді комод немесе шкаф сөресіне салыңыз. Дәл осы қағидат бойынша аяқ киім, ас үй заттарын, жуатын заттар мен ваннадағы косметиканы, кіреберістегі косметиканы реттеңіз. Құжаттарға абай болыңыз, олардың бір жерде сақталуына баса мән беріңіз.
Естелікке берілген заттарды реттеңіз
Естелікке берілген заттарды лақтыру оңайға соқпайтыны анық. Егер олардан құтылғыңыз келмесе, бұл істі кейінге қалдырғаныңыз жөн болады. Демалыс уақытында құнды затты суретке түсіріп, онымен бірге уақыт өткізіңіз.
Егер оны лақтырсаңыз, ол туралы естеліктер жойылмайды. Оны тастай салыңыз немесе басқа бір адамға сыйлаңыз.
Қажетсіз заттарды лақтырыңыз
КонМари әдісі бойынша білім беру веб-сайты артық заттан арылу - үйді реттеудің мәні емес екенін еске салады. Алып қалғыңыз келетін затты бөлек қалдырыңыз, ал қажетсізін лақтырыңыз. Осы арқылы сіз сөрелердегі біршама орынды босататын боласыз.
Заттарды тігінен қойыңыз
Кон Мари әдісі бойынша заттарды қалай жинау керек? Мари Кондо заттарды тігінен жинауға кеңес береді. Оның ішінде барлығы бар: шай мен дәмдеуіштерден бастап, төсек жабдықтарына дейін барынша тігінен жинауға тырысыңыз.
Киім-кешек мен төсек жабдықтарын тік бұрышты етіп жинаңыз. Сосын оларды (көрпеге арналған тыстар, жастықтың тыстары, шалбар, жейде мен шұлықтар) тігінен жинап, қорап немесе органайзерлерге салып, шкафқа жинаңыз. Осы қалыпта олар жиі түспейді, өте жинақы тұрады және мыжыла бермейді.
Әр заттың өз орны болуға тиіс
Сұрыпталған әр заттың өз орны болуға тиіс. Оны алғаннан кейін, міндетті түрде қайта орнына қоюды ұмытпаңыз. Сонда олар үй жинаған сәтте сізге бөгет болмайды және көп заттың арасынан оны тез табатын боласыз.
Бұл қағидат, әсіресе, аксессуарлар, жұбы бар заттар мен ұсақ заттарға маңызды болмақ. Кіреберістегі шкафта қолғап, қолшатыр мен сөмкелерге арнайы орын белгілеп қойыңыз. Сөмкелерді бірінің ішіне бірін салыңыз, сонда ол көп орын алмайтын болады. Аяқ киімді шкафтың астыңғы тұсына, ал ойыншықтарды арнайы қорапқа салып, төсектің астына қойыңыз.
Жиі қолданатын заттарды қолжетімді заттарды қойыңыз
Заттарды реттеп болған соң, өзіңіз жиі қолданатын заттарды қолжетімді жерге қоюды ұмытпаңыз. Ал көп қолдана бермейтін заттарыңызды сөренің түбіне сақтасаңыз болады. Мысалы, тәрелке, стакандар мен кеселерді қолжетімді сөреге, ал көп қолдана бермейтін ыдыстарды сөренің арғы бетіне қойсаңыз болады.
Ашық пластикалық контейнерлерге басымдық беріңіз. Себебі заттарды осындай контейнерге салсаңыз, оларды бірден табатын боласыз.
Қазіргі таңда адамдардың көпшілігі минималистік сарынға бет бұрған. КонМари әдісі бойынша үй жинау сіздің үйіңізді тиімді реттеп қана қоймай, үйіңізді барынша сәнді етеді. Баспананы осы әдіс арқылы жинасаңыз, көпке дейін үйіңіз жинақы әрі мұнтаздай таза болып тұратыны сөзсіз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2207985-uidi-qalai-zhinaimyz-konmari-adisimen-uidi-ainadai-etip-ustaudyng-10-adisi/