Top.Mail.Ru

Зектілері

Ауыз бекіту: ауыз бекітер алдында қандай дұға оқу керек

Жарияланған күні:

Жарықшам
Дұғалар жазылған шам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ораза ұстаған әрбір мұсылман таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден, жаман әдеттерден тыйылады. Оразаның басты шарттарының бірі – ауыз бекітерде ниет етіп, дұға оқу. Ауыз бекіту дұғасы қалай оқылады және оның мағынасы қандай? Бұл материалда діни дереккөздерді негізге ала отырып, осы сұрақтардың жауабын ұсындық.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Рамазан айында ораза ұстау – барлық мұсылманға парыз, ал ауыз бекіту дұғасы "Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә" деп оқылады.
  • Оразаның рухани және денсаулыққа пайдасы көп: Аллаға жақындау, сабырлылық, нәпсіні тәрбиелеу және денсаулықты жақсарту сияқты артықшылықтары бар.
  • Рамазаннан бөлек, нәпіл оразалар ұстауға болады, бірақ бұл міндетті емес және арнайы дұғасы жоқ, тек ниет ету маңызды.

Ислам дінінде Рамазан айы келгенде ораза ұстау барлық мұсылманға парыз етілген. Ораза кезінде мұсылман таңнан күн батқанға дейін ішіп-жеуден, теріс әдеттерден тыйылып, ниет етеді. Құран Кәрімдегі "Бақара" сүресінің 183-аятында ораза ұстау туралы былай делінген:

"Ей, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді".

Исламдағы бес парыздың бірі саналатын оразаның рухани әрі денсаулыққа тигізер пайдасы ұшан-теңіз:

  • Аллаға жақын болуға жетелейді;
  • Сабырлы әрі төзімді болуды үйретеді;
  • Ой-өрісті дамытып, зейінді ашады;
  • Уақытты тиімді жоспарлауға көмектеседі;
  • Нәпсіні тәрбиелеп, қанағатшыл болуға баулиды;
  • Денсаулықты жақсартады.

Рамазан оразасы тәнді де, жанды да сауықтырады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде былай деген:

"Ораза ұстаңдар — сау боласыңдар".

Қасиетті Рамазан айында мүмкіндігінше көп сауапты амалдар жасап, Құран оқып, салауат айтуға тырысу қажет. Себебі Рамазанда жасалған игі істердің сауабы еселене түседі.

Ауыз бекіту дұғасы қалай оқылады?

Сәресі уақытында ауыз бекітуге арналған арнайы дұғаны оқу керек:

Оқылуы: "Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә"

Мағынасы: "Таңертеннен кешке дейін Алланың ризалығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім".

Құрма жемісі
Ыдысқа салынған құрма жемісі. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ислам дінінде Рамазан айында ұсталатын оразадан бөлек нәпіл оразалар да бар. Мәселен қасиетті саналатын Ережеп айында ауыз бекітуге қатысты хадистер келтірілген.

"Ережеп айының бірінші күні ораза ұстау үш жылдық күнәларға кәффаһәрат (үш жылдық күнәларды жуып-шаяды). Екінші күні ораза ұстау екі жылдық, ал үшінші күні ораза ұстау бір жылдық күнәларға кәффәрәт. Одан кейінгі әр күнгі ораза бір айлық күнәларға кәффәрәт болады (яғни, қалған күндері ұсталған әр күнгі оразасы үшін бір айлық күнәлары кешіріліп отырады)."

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы "Ережеп — берекелі ай" жазбасында бұл ай туралы былай дейді:

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ережеп айында ораза тұтқан. Сахабалар Ережеп айы басталғанда пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза тұтқанын көріп, енді ауыз ашпаса керек, ал аузы ашық жүргенде, ораза тұтпаса керек деп ойлаған. Дегенмен, Ережеп айында ораза тұту, тұтпау – әркімнің өз еркі. Ораза тұтқан адамның оны айтып мақтануы, ораза тұтпаған адамды жазғыру дұрыс емес.

Ал islam.kz сайты Ережеп айында ораза ұстайтын адам күнделікті намаз кестесін негізге алатынын жазады.

Таң намазы кірген уақыт ауыз бекітетін уақыт болып саналады. Ал ақшам намазы кірген мерзім ауызашар уақыты болып есептеледі. Бұл оразада арнайы дұға жоқ. Маңыздысы - ниет ету. Күні бойы еш нәр татпастан Алла ризалығы үшін нәпіл ораза ұстауға ниет ету керек. Сонымен қатар іштегі дұға-тілектерін қазақшалап айтуға болады.

Ораза ұстау рухани кемелдікке жетудің, Аллаға жақындаудың және сауапқа кенелудің ерекше мүмкіндігі. Себебі ораза тек ішіп-жеуден ғана емес, сондай-ақ жағымсыз әрекеттерден бас тартып, шынайы ниетпен Аллаға құлшылық етуге жол ашатын ізгі амал саналады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2207990-auyz-bekitu-auyz-bekiter-aldynda-qandai-duga-oqu-kerek/