Бурак Өзчивит: қазақ көрермендерінің жүрегін жаулаған түрік актерлері кім
Жарияланған күні:
Түрік киноиндустриясы соңғы жылдары қарқынды дами түсті. Ал түрік актерлері әлемнің түкпір-түкпірінде миллиондаған көрерменнің жүрегін жаулады. Мұның бірден-бір себебі олардың шеберлігі мен кейіпкерлердің болмысын керемет жеткізу қабілетімен байланысты болса керек. Бұл жазбамызда қазақ көрермендерінің жүрегін жаулаған түрік актерлері туралы ақпарат ұсынамыз.
- Мақалада Түркияның ең танымал актерлері Бурак Өзчивит, Кенан Имирзалыоғлу, Чагатай Улусой және Кыванч Татлытуг туралы ақпарат берілген.
- Әр актердің өмірбаяны, кинодағы мансабы және ең танымал рөлдері туралы баяндалады.
- Актерлердің модельдік мансабынан актерлікке ауысуы, марапаттары мен жеке өмірі туралы қызықты деректер келтірілген.
Бурак Өзчивит
Бурак 1984 жылы Ыстанбұл қаласында дүниеге келген. Актердің әкесі Бюлент шағын кафені дамытуға бар күшін жұмсап, үйде сирек болатын, сондықтан ұлының тәрбиесіне көп араласа алмады. Ал анасы Джейхан үй шаруасына қарап, ұл-қызының (Бурчун) тәрбиесімен айналысқан.
Бурак өсе келе футболға қызығушылық танытып, спортзалға бара бастады. Ол мектепті бітіргеннен кейін Мармара университетінің кино, бейнелеу өнері және фотография факультетіне түсуге мүмкіндік алды. Сыртқы келбеті сымбатты болғандықтан ол модельдік бизнесте жұмыс істей бастады. Бурак аз уақыттың ішінде таңдаған бағытында кәсіби беделге ие болды.
Ол бірнеше рет "Түркияның үздік моделі" байқауында жеңіске жетуге тырысты, бірақ тек 2003 жылы жеңімпаз атанды. 2005 жылы Бурак халықаралық деңгейдегі "Әлемнің үздік моделі" байқауына қатысып, екінші орынды иеленді.
Актер ата-анасының кеңесіне құлақ асатынын жасырмайды. Әкесі Буракты модель ретінде мансап жолын қууға итермелеген. Тартымды сыртқы келбетінің арқасында ол режиссерлердің назарын аударды және 2006 жылы алғаш рет киноға түсті. Бурактың алғашқы жобасы — "Минус 18" сериалы, онда ол қосалқы рөлді сомдады. Алайда 2007 жылдан бастап басты рөлдерде ойнай бастады.
- "Ғажайып ғасыр" (2011-2013). Ержүрек Бали Бей рөлі көрермендерге ерекше ұнағандықтан, режиссер Бурак Өзчивитті жобаға қайта шақырып, кейіпкердің сюжеттік желісін жалғастырды.
- "Шымшық — сайрағыш құс" (2013-2014). Дәрігер Кемранның драмалық рөлі Буракқа үлкен танымалдылық әкелді. Алайда төмен рейтингке байланысты жоба тоқтатылды.
- "Шексіз махаббат" (2015-2017). Бұл сериалдағы рөлі үшін актер мұртын алып тастады.
2019 жылы Бурак "Kuruluş Osman" атты әскери телехикаяға қатысты. Өзчивит көрермендерді тамаша актерлік қырымен ғана емес, сәл өзгерген сырт келбетімен де қуантты. Daily Sabah басылымының мәліметінше, сериал үлкен табыс әкелгендіктен, екінші және үшінші маусымдарды түсіру туралы шешім қабылданған.
Түркияның ең таңдаулы актерлерінің бірі Бурак Өзчивиттің жүрегін жаулаған әйел – Фахрие Эвджен. Актриса Буракқа бірден ұнағанымен, олардың арасындағы махаббат алауы баяу тұтанды. Фахриемен "Шымшық – сайрағыш құс" сериалын түсіру алаңында танысқан сәтте, Бурактың сүйіктісі түрік медиамагнатының жиені Джейлан Чапа болатын.
Джейлан бірнәрсенің дұрыс емес екенін сезіп, сүйіктісінің сезіміне көз жеткізу үшін түсірілім алаңына еш ескертусіз жиі келіп жүрді. Алайда көп ұзамай, Бурак Өзчивит онымен қарым-қатынасын үзді.
2015 жылы актер "Махаббат саған ұқсайды" фильміндегі басты кейіпкер Дениз рөлін Фахрие ойнауы керек деп шешті. Жоба барысында танымал жұлдыздардың арасындағы сүйіспеншілік үлкен махаббатқа ұласты. Біраз уақыттан кейін Фахрие мен Бурак бірге тұра бастады. Бурак өзінің пәтерін жалға беріп, сүйіктісінің үйіне көшіп келді.
2017 жылдың қысында Бурак Өзчивит пен Фахрие Эвдженнің жанкүйерлері олардың Германияның Золинген қаласында өткен құдалығы туралы білді. Сол жылдың маусымында БАҚ-та олардың үйлену тойы туралы жаңалық тарады. Ғашықтар бұл қуанышты шараға шамамен 500 қонақ шақырды. Бурак той шығынына 300 мың лира жұмсаған.
DoYouKnowTurkey басылымының мәліметінше, жұлдызды жұп тойды Босфор бұғазының жағалауында орналасқан Sait Halim Pasa вилласында өткізген. Бал айында әйгілі жас жұп Мальдив аралдарында демалды.
Тойдан кейін де Бурак Өзчивиттің жанкүйерлері оның өмірін жіті бақылайды. Актердің жары бұған сабырлы қалыппен қарайды. Ол күйеуін түсірілімнен шыдамдылықпен күтеді немесе оны сағынған кезде өзі барып тұрады.
Жұлдызды жұптың қарым-қатынасы жылдар өте келе одан әрі нығайды. 2019 жылы Фахрие Каран есімді ұлды дүниеге әкелді. Elle Girl басылымының жазуы бойынша кейін жұлдызды жұптың екінші баласы өмірге келді.
Кенан Имирзалыоғлу
Кенан Имирзалыоғлу — түрік моделі және актері, ол модельдер байқауларындағы жетістіктері арқылы ел ішінде және шетелде танымалдылыққа ие болған. Сонымен қатар "Езел" және "Ұзақ хикая" сериалдарындағы басты рөлдері арқылы көрермендердің сүйіспеншілігіне бөленді.
Кенан Имирзалыоғлу Түркияның астанасы Анкараға жақын орналасқан Үчем ауылында дүниеге келген. Оның отбасы қарапайым ауыл тұрғындары болатын. Кенан отбасындағы ең кіші бала, оның Дервиш есімді ағасы және Ясмин есімді әпкесі бар.
Кенан туған ауылында бастауыш сыныпта білім алды, бірақ орта мектепті Анкарада оқуды жөн көрді. 12 жасында оның отбасы Анкараға көшіп келді. Кенан Түркия астанасындағы мектепке тез бейімделіп, өз орнын тапты. Оның оқу үлгерімі, әсіресе математика мен нақты ғылымдар бағыты бойынша айтарлықтай жоғары болды. Сонымен қатар оның бойы 192 сантиметр болғандықтан, ол мектептің баскетбол командасына қабылданды.
1998 жылы Кенан Имирзалыоғлу мектепті үздік аяқтағаннан кейін Ыстамбұл университетінің математика факультетіне түседі. Бұл шешімді ол достарының кеңестері мен өз қабілетіне сүйеніп қабылдады. Алайда оқуын аяқтауға жақындағанда, Кенан басқа жолды таңдайды.
Ол сахнада және түсірілім алаңында жұмыс істеу оның шынайы мақсаты екенін түсінді. Кенан болашақ табысына сенімді болып, актерлік кәсіпке өзін толықтай арнауға дайын еді. Сонымен қатар, ол математикалық білім оның ажырамас бөлігі екенін және өнер саласында өзін дамыту мен танымал етуге көмектесетінін ұмытпады.
Актер Кенан Имирзалыоғлу модельдер байқауларындағы жеңістерінен кейін түрік режиссерлерінің назарын аудартты. Ол мұндай реакцияны күткен еді, өйткені оның кино әлеміндегі мансабы әлі үлкен жетістіктерге жетпеген болатын.
Кенан мелодрамалық "Асау жүрек" сериалында 4 жыл бойы ойнағанымен, бұл жоба оның мансабы үшін маңызды белеске айналмады. Жас актерге бұл телехикая қызықсыз бола бастады, сондықтан ол жаңа әрі қызықты жобаларға ауысуды қалады. Актердің келбеті, қабілеті тарихи киноларда ерекше бағаланып жүр.
Чагатай Улусой
Чагатай Улусой – сыртқы келбетімен де, актерлік шеберлігімен де танылған түрік жұлдызы. Оның табысына америкалық танымал стримингтік сервиспен жасалған келісімшарт үлкен үлес қосты. Достары оны Чао деп атайды. Ол мансабын модельдік бизнесте бастағанымен, атақ-даңққа актер ретінде қол жеткізді.
Чагатай Улусой 1990 жылы 23 қыркүйекте Ыстамбұл қаласының Мәрмәр теңізінің жағалауындағы Бакыркөй ауданында дүниеге келген. Оның отбасы иммигранттардан шыққан. Чагатайдың Аталай есімді кіші інісі бар.
Балалық шағында өте тынымсыз болған Чагатай спортпен белсенді түрде айналысқан. Ата-анасы оны 12 жасынан бастап баскетбол ойнауға, жүзуге және суға сүңгуге үйретті. Ол тіпті кәсіби баскетболшы болуды армандаған, бірақ кейін табиғаттанушы болуды таңдады.
Чагатай мектепті аяқтаған соң Ыстамбұл университетінің бау-бақша және ландшафт дизайны бөліміне оқуға түсті. Сымбатты келбетінің арқасында модельдік мансабын да қатар алып жүрді. Досымен бірге модельдер байқауына қатысып, 2010 жылы "Түркияның үздік моделі" атағын жеңіп алды. Осыдан кейін Чагатай Улусой танымал тұлғаға айналды.
2010 жылы Чаатай Улусой кино саласында бағын сынап, "Реджеп Иведик 3" сериалында эпизодтық рөлде ойнады. Кейін "Мен оны Фериха деп атадым" (2011-2012) сериалында басты рөлді және "Анадолы қырандары" (2011) фильмінде пилот Ахмет Онурды сомдады.
"Мен оны Фериха деп атадым" сериалында Чагатай түнгі клубтардың иесінің ұлы, басты кейіпкерге ғашық Эмир Саррафоғлу рөлін сомдады. Бұл рөлі үшін ол 2011 жылы марапатталды. Актер Эмирдің оқиғасын "Эмир жолы" (2012) сериалы арқылы жалғастырды.
Чагатай Улусой қандай жобаларда ойнады? Актерді Түркияда ғана емес, шетелде де танымал еткен рөл — Сарп Йылмаз бейнесі. "Іште" (2016-2017) сериалы.
Актердің басқа да маңызды жобалары:
- "Толқын" (2013-2015) — Яман Копер;
- "Қорғаушы" (2018-2020) — Хакан Демир;
- "Қағаз өмір" (2021) — Мехмет.
Марапаттары:
- "Толқын" сериалындағы рөлі үшін ол 3 марапатқа ие болды, оның ішінде "Алтын көбелек" сыйлығының үздік актер номинациясында жеңіске жетті.
- "Қорғаушы" сериалы үшін актерге 4 марапат берілді, соның ішінде Digital Arts, Film & Television сыйлығы бар.
- Семих Атештің бейнесі ("Йешильчам", 2021-2022) және модельер Пеями ("Сәнді қарақшы", 2023) рөлдері актерге бірнеше номинация сыйлады.
2024 жылы Чаатай Улусойдың қатысуымен екі сериал жарық көрді:
"Кюбра" — драмалық триллердің екі маусымы қаңтардың соңында премьерасын өткізді. Стриминг платформасының ресми сайтында "Кюбра" сериалының үшінші маусымы болатыны хабарланды.
Кыванч Татлытуг
Кыванч Татлытуг Түркиядағы және бүкіл әлемдегі көрерменнің жүрегін модель әрі актер ретінде жаулап алды. Алайда актердің айтуынша, ол атаққа мастанбайды және кез келген сәтте актерлік мансабын аяқтауға дайын, өйткені бір салада шектелуді қаламайды. Ол өзіне ұнайтын іспен айналысып, өмірден ләззат алуға ұмтылады, сондықтан үнемі жаңа қызығушылықтар табады.
Актер 1983 жылы Адана қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ол екі ағасымен және әпкесі Мелисамен бірге тәрбиеленді. Әкесі жағынан Кыванчтың ата-бабасы косоволық албандар мен босниялықтар болса, анасы жағынан түріктер. Кыванчтың отбасы бір ғасырдан астам уақыт бойы наубайханаға ие болып келеді, ал бұл кәсіп ұрпақтан-ұрпаққа беріледі.
Балалық шағында Кыванч Татлытугтың басты қызығушылығы спорт болды. Ол мектепте оқып жүргенде-ақ баскетбол добымен шебер ойнап, оны себетке дәл түсіре алатын. Жеке колледжде оқыған кезінде "Үлкер" кәсіби командасында ойнады, кейіннен оны әйгілі "Фенербахче" клубына шақырды. Кейін тағы бір аңызға айналған "Бешікташ" командасына ауысқанымен, Кыванч күтпеген жерден кәсіби мансабын аяқтауға мәжбүр болды. Тізесінен ауыр жарақат алып, үлкен спортта қалуға мүмкіндігі болмады.
Актер болашақта қай салаға бет бұратынын білмей, Ыстамбұл университетінің дизайн факультетіне түсті. Алайда бұл салада өз орнын таппағанын байқаған анасы Кыванчқа модельдік бизнесте бағын сынап көруге кеңес береді. Нәтижесінде 2013 жылы ол Мәдениет университетін тәмамдайды.
2001 жылы Кыванч Татлытуг "Түркияның үздік моделі" байқауында жеңімпаз атанды, ал бір жылдан кейін Францияда өткен байқауда "Әлемнің үздік моделі" атағын иеленді. Бұл жетістіктер жас жігітке жаңа мүмкіндіктер ашты.
Алайда жетістіктерге қарамастан, Кыванч модельдік бизнесте ұзақ уақыт қалуды жоспарламады, себебі бұл саладағы мансабы қысқа болатынын түсінді. Ол актерлік шеберлік курстарына қатысады және көп ұзамай жаңа кино жұлдызы ретінде таныла бастады.
Кыванч Татлытугтың экрандағы мансабы 2005 жылы басталды, ол кезде актер "Күміс" сериалында өзінің алғашқы басты рөлі ретінде Мехмет бейнесін сомдады. Осы жобадан кейін оған басқа да ұсыныстар түсе бастады және оның фильмографиясында "Менекше мен Халиль" және "Езел" сияқты танымал жобалар пайда болды. Кыванч Татлытуг "Курт Сеит және Александра" атты әскери-тарихи драмасы арқылы ТМД елдерінде танымал болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2208710-burak-kenan-kyvanch-qazaq-korermenderining-zhuregin-zhaulagan-turik-akterleri-kim/