jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Жұлдыз Кенжегалиева
Жұлдыз Кенжегалиева
Қазақ редакциясының басшысы

2 тамызда әлемді 6 минут қараңғылық басатыны рас па

Күннің тұтылуы
Күннің тұтылған сәті. Көрнекі сурет: pixabay.com

Интернетте 2 тамызда бүкіл әлемді 6 минут қараңғылық басады деген ақпарат тарады. Мұндай құбылыс тағы 100 жыл бойы қайталанбайды деген де болжам бар. Бұл хабарлама шындыққа біршама жақын болғанымен, кей тұстары нақты ғылыми дерекпен сәйкес келмейді, деп жазады inbusiness.kz сайты Space басылымына сілтеме жасап.

2027 жылғы 2 тамыз – астрономия тарихындағы ерекше күн болмақ. Бұл күні XXI ғасырдағы ең ұзақ толық күн тұтылуы тіркеледі.

Астрономдардың есебі бойынша, Ай Күнді толық жабатын кезең 6 минут 22 секундқа созылады. Бұл – Жерден бақылауға болатын ең ұзақ түнек сәттерінің бірі.

Салыстырсақ, 2024 жылғы сәуірде Солтүстік Америкада өткен толық күн тұтылуы ең ұзақ дегенде 4 минут 28 секундқа ғана жеткен еді.

Тұтылудың толық фазасы 258 шақырымдық жіңішке жолақпен өтеді. Бұл жолақ Испанияның оңтүстігінен басталып, Гибралтар, Солтүстік Африка елдері – Марокко, Алжир, Тунис, Ливия, Мысыр арқылы өтіп, Таяу Шығысқа – Сауд Арабиясы, Йеменге, әрі қарай Сомали мен Судан аумағына жетеді. Осы 11 елдің тұрғындары аспан нұрының көзден таса болған сәтін толықтай тамашалай алады.

Күн тұтылудың жартылай фазасы Африканың көп бөлігінде, Оңтүстік Азия мен Еуропаның кейбір өңірлерінде көрінеді. Алайда басқа құрлықтарда бұл құбылыс байқалмайды. Демек "бүкіл әлемге қараңғылық түседі" деген түсінік шындыққа сәйкес келмейді. Бұл – Жердің географиялық орналасуына және Күн мен Айдың орбиталық қозғалысына байланысты.

Ғалымдар ерекше астрономиялық құбылысты өз көзімен көргісі келетін жандарға алдын ала дайындалуға кеңес береді. Әсіресе тұтылу жолағында орналасқан өңірлерде ауа райының қолайлы болуын бақылап, арнайы қорғаныш әйнектер немесе күн фильтрлері арқылы қарау қажет. Күнге тікелей қарау – көру қабілетіне зақым келтіруі мүмкін.

2027 жылғы толық күн тұтылуы – тек астрономияға қызығушылар үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін бірегей ғылыми әрі табиғи құбылыс болмақ.

2 тамызда әлемді 6 минут қараңғылық басатыны рас па

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.