Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жеті төбенің басында орналасқан Мәңгілік қала (фото)

Опубликовано:

"Мәңгіліқ қала", "Барлық жолдар Римге апарады", "Тибр жағасындағы қала", "Жеті төбе басындағы қала"... Италия астанасына айтылған теңеулер басқа еш қалаға қатысты айтылмаған болуы керек.

Жыл сайын миллиондаған саяхатшы ағылатын Мәңгіліқ қаланың көзтартар ерекше сұлулығы, мыңдаған жылдарға созылған тарихы, көне өркениеті, әлемді шайқаған империяның орталығы болуы кімді де болса бейжай қалдырмасы анық.

NUR.KZ тілшісі де көне Римге жол тартып, еріксіз Мәңгілік қаланың сұлулығы мен мәдениетіне тәнті болды.

Италия астанасына 2-3 күнге ғана келіп саяхаттау мүмкін емес. Себебі қаланың үлкендігімен қатар, мұнда әр саяхатшы бас сұғуы тиіс орындар, әлемдік деңгейдегі мұражайлар, көрікті бақтар, 2-3 ғасырлық тарихы бар қонақ үйлер мен мейрамханалар жетерлік. Олардың барлығын бір апта түгілі, өмір бойы жүріп аралап шығу мүмкін емес шығар, сірә.

"Ашық аспан астандағы қала" аталып кеткен Римнің барлық тарихи орталығы ЮНЕСКО-ның ерекше қорғауындағы нысанға айналып, адамзаттың мәдени мұрасы тізіміне енген.

Жерорта теңізінің жағалауында орналасқан елдің ауа-райы да, табиғаты да әрқашан тамылжып тұрады. Дегенмен саяхаттау үшін ең қолайлы уақыт көктем мен күз екені сөзсіз.

Венеция алаңы мен қаланың бас сауда-саттық көшесі Via del Corso-ның көрінісі. Дәл осы Венеция алаңында (оң жақта) ораналасқан үйдің балконынан "фашизм атасы" Муссолини 1922-43 жж. аралығында жалынды сөздерін төккен. Бұл орында өткен ғасырдың ортасында фашизм идеясын қолдайтын мыңдаған адамдар жиналған.

Көне Рим: Колизей, Палатин, Рим форумы

Саяхатшылардың ең сүйікті орындарының бірі - Колизей.

Италия астанасының көне символы, ұлы империяның белгісі Колизей, немесе Флавий амфитеатры, 20 ғасыр өткеннен кейін де көпшілік ағылатын орын атағынан айырылған жоқ. Өз заманының орасан зор инженериялық идеясын жүзеге асырған ғимаратқа кейбір деректер бойынша 50 мыңнан 60 мың адамға дейін сыяды. Ерекшелігі сол - аяқ астынан күтпеген жағдай бола қалса - 5 минут ішінде жиналған қауым ғимараттың шет-шетінде орналасқан 80 есігі арқылы сыртқа шыға алатын болған.

Құрылысы б.д.д. 72 жылы басталып, 8 жылға созылған ұлы ғимарат біздің заманымызға дейін сақталған саны саусақпен санарлық ескерткіштердің бірі.

Тарихшылар келтіретін деректерге сүйенсек, Колизейде 40 000-астам гладиатор мен 11 000-нан астам жануар өлген.

Қаланың ең басты көрнекі орындары: Рим форумы, аты әлемге әйгілі Колизей, Пантеон және форум маңында ораналасқан Максенций мен Константин шіркеулері.

Бұдан басқа қаланың баға жетпес құнды тарихи жәдігерлеріне Палатин (Римнің қала ретінде қалыптасып, бастау алған орны), Эмилий, Курий шіркеулерінің үйінділері, Флавий зәулім үйі, Август форумы, Константин аркасы, Траян базары, Траян колоннасы, Ромул ғибадатханасы, Августан, Флавий мен Тиберианның императорлық зәулім үйлері, Каракаллы моншалары, сонымен қатар ондаған көне ғимараттардың үйінділері кіреді.

Төмендегі суретте: Сатурн ғибадатханасы

Капитолий алаңынан Рим форумына керемет көрініс ашылады. Егер тарихи үйінділердің ортасына кіріп, Рим империясының гүлденген шағына куә болған көне ғимараттар арасында серуендейм десеңіз, онда құны 12 еуро болатын Колизей, Рим форумы мен Палатинге ортақ билетті сатып алуыңызға тура келеді.

Бұл көне Римнің гүлденген, өмірі құж-құж қайнаған орны. Дәл осы жерде римдіктер елшілерді таңдап, Карфаген тағдырын шешіп, заңдарды қабылдап, жеңімпаздарды мадақтап, ақша айырбастап, сауда-саттық жүргізген.

Көне заманда бұл жерде мәрмәр мүсіндер, хауыздарға толы императорлық зәулім үйлер орналасты.

Бастапқыда Рим форумында базар орын тепкен болатын, алайда кейін бұл жер көпшілік жиналатын және Сенат отырыстары өтетін орынға айналды. Сөйтіп Рим форумы саяси сипатқа ие бола бастайды.

Төмендегі суретте: Антонин мен Фаустина ғибадатханасы. Б.д. 141 жылы қайтыс болған әйелі Фаустинаның құрметіне арнап Антонин Пийдің тапсырмасы бойынша салынған ғибадатхана.

XI ғасырда ғибадатхана Әулие Лаврентий атындағы шіркеуге айналды (San Lorenzo in Miranda). Бұл көне ғимарат осы күнге дейін тамаша сақталған.

Форум қоғамдық өмірдің қақ ортасы болатын орынға айналған еді. Жоғарыда айтылған қызметтерінен басқа форум діни жораларды орындайтын және сот үкімі жарияланатын орын ретінде жұмыс істеді.

Төмендегі суретте: Веста ғибадатханасы

Римнің көшелерінде көне заманнан бері сақталып қалған су бұрқақтар, мүсіндер жетерлік. Су бұрқақтардың көбінен тап-таза, мөлдір су ағып тұр. Барлық қала тұрғындары мен саяхатшылар көне акведуктардан тасымалданатын салқын суды тегін іше алады.

Капитолий төбесінде орналасқан Санта Мария-ин-Арачели шіркеуінің алдындағы баспалдақ қала өмірінде маңызды роль атқарады. Бұл жерде адамдар серігіп демалады, кездеседі, әңгіме-дүкен құрады.

Сондай-ақ қарт сынды құмар ойындарына әуес адамдар 124 сатыдан тұратын баспалдақпен бір көтеріліп, қайта түсуді өз парызы деп біледі. Олар баспалдақтың ерекше қасиетке ие екеніне сенімді. Кейбір тұрғындардың сөзіне сүйенсек, баспалдақпен көтеріліп шығу құмар ойындары кезінде қанжығаңыздың майланып, қалтаңыздың қампайып қайтуына септігін тигізеді екен.

Санта Мария-ин-Арачели шіркеуі сыртынан қарағанда христиандық крест сияқты салынған қарапайым ғимарат. IX ғасырға дейін бұл жерде грек салт-дәстүрлеріне сүйенген шіркеу орналасқан болатын. Шіркеу көне Рим тарихында ерекше роль атқарды.

Бұл шіркеуде католиктер үшін қасиетті саналатын көптеген адамдар жерленген.

Итальяндықтар "Бүкіл әлемде құнды көрнекі заттар мұражайларда сақталса, бізде олар шіркеулерде орналасқан" деп, қалжыңдап бекер айтпаса керек. Әр басқан сайын орналасқан шіркеудің әрқайсысында елдің "мен деген" суретші-сәулетшілерінің құнды туындылары қойылған.

Мәселен, Санта Мария-ин-Арачели шіркеуінде әйгілі Донателло мен Микелеанджелоның қолынан шыққан фрескалар мен мүсіндер бар.

"Қасиеті бар" баспалдағы, Микелеанджелоның қолынан шыққан Иса пайғамбардың мүсінімен қатар, Санта Мария-ин-Арачели шіркеуі Санта Бамбино - Қасиетті бүлдіршін - мүсінімен әйгілі. Барлық қала тұрғындары, барлық католик саяхатшылар бұл шіркеудің түпкі бөлмесінде орналасқан Әулие бүлдіршінге келіп, сыйынып, аяғын сүюді парыз санайды. Қаланың көне көздері кезінде мүсінді шіркеуден түн сайын құпия шығарып, ауыр науқастарға туыстары жеткізіп тұрғанын айтады.

Санта Бамбино мүсінінің түпнұсқасы 1994 жылы ұрланып, қазір оның орнына көшірмесі қойылған. Дегенмен бұл факті ғибадат етушілерді тоқтатар емес.

Бала Иса пайғамбардың мүсіні ерекше қасиетке ие екеніне сенімді итальяндықтардың айтуынша, дұға кезінде мүсіннің ерні қарайса, дұғаңыздың қабыл болғаны. Әулие бала болашақта тілегіңізді міндетті түрде орындайды деп сенеді римдіктер.

Ең қызығы, Санта Бамбиноны суретқе түсіруге қанша тырысқанымызбен, фото анық шықпады.

Жалғасы бар...

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/843655-zheti-tobeninh-basynda-ornalasqan-manhg/

pixel