RU

102 жастағы егіз қариялар ұзақ жасаудың сырымен бөлісті

Бір ғасырдан астам ғұмыр кешудің кілті – қызыл шарапта. Бельгиялық ағайынды Лангероктар осылай деп қалжыңдайды.

Питер мен Паулус есімді егіздер бүгінде 102 жаста. Қазір олар қарттар үйінде бір бөлмеде тұрады. Гент қаласындағы пансионатқа осыдан 3 жыл бұрын үй шаруасымен айналысуға мүмкіндіктері болмаған соң көшкенін жасырмады.Себебі, осы күнге дейін екеуі де ешқашан шаңырақ көтермеген.

Ағайынды Лангероктардың айтуынша, қашан да бірінің қалыңдығы екіншісіне ұнамай, үйленбей жүре беріпті. Осы орайда ғасырдан аса өмір сүріп, көпті көрген қариялар жастарға былай деп ақыл-өсиетін айтты.

"Ақымақтық жасамаңдар. Ең бастысы, мөлшерден тыс тағамданып, ішімдікке салыну сияқты жаман әдеттерге үйір болмаңдар. Одан да көп қыдырыңдар. Бірақ қыз қуып жүріп алмаңдар. Теңдеріңді тапқан бойда үйленіп, бала тәрбиелеуге асығыңдар", - дейді 102 жастағы қария Паулус Лангерок.

Питер мен Паулус жер жаһандағы ең ұзақ жасаған егіздер саналады. Ағайындылар алда тағы 3 жыл жасаса, әлемдік рекордты жаңартады. Әзірге бұл жетістік америкалық Глен мен Дейл Мойер есімді егіздерге тиесілі. Олар 105 жыл ғұмыр кешкен болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/853373-102-zhastaghy-egiz-qariyalar-uzaq-zhasaudynh/