ОҚО-да қария немелеріне қойған есімдердің бас әрпінен СССР сөзін құрап шығармақ
Опубликовано:
Ел iшiнде есiмi ерекше адамдар аз емес. Сондай жандардың бiр тобы Сарыағаш ауданының Бесқұбыр ауылында тұрады деп хабарлайды Замана басылымы.
Атығай Бекқұлов есiмдi азамат Ұлы Қазан төңкерiсiнiң 70 жылдығы қарсаңында дүниеге келген ұлының есiмi Лениншiл екенiн айтты.
«Мен балама Лениншiл деп ат қойғанда көпшiлiк оған Ленин атаның есiмiн бердi деп ойлаған болуы мүмкiн. Бiрақ мүлде олай емес. Мен коммунист болғаным жоқ. Сондықтан баламның есiмiн Ленинмен байланыстырған емеспiн. Келестен шыққан Лениншiл Рүстемов деген азамат бар. Ол Талдықорғандағы педагогикалық институттың алғашқы ректоры болды. Мен қатты құрметтейтiн азаматтың бiрi. 1987-жылы дүниеге келген ұлымның атын сол Лениншiл Рүстемовтiң құрметiне Лениншiл деп қойдым. Ұлым Лениншiл Рүстемовтей қарапайым да кiшiпейiл, өз iсiнiң бiлiктi маманы болсын деп тiледiм. Лениншiл дүниеге «Кесарь тiлiгi» операциясы арқылы келдi. Ол кезде мұндай тәсiл өте сирек қолданылатын. Осы балама Лениншiл деп ат қойғанда бiреулер: «Мұның қалай, сонда оның баласы Лениншiлов бола ма?» – деп те жатты. Бiрақ мен өз пiкiрiмде тұрдым», - дейді ақсақал.
Осылай деген қария бүгiнде жасы отызға таяп қалған ұлы Лениншiлдiң Шымкенттегi Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiнiң ветеринарлық медицина факультетiн бiтiргенiн айтты. Қазiр ол отбасылық «Санжар» шаруа қожалығында мал дәрiгерi болып қызмет атқарып жүр екен.
Атығай қария немерелерiне атты жеке өзi қояды, олардың есiмдерi де ерекше. Мысалы, Олжас деген ұлынан туған бiр немересiне ол кiсi Мадлен Олбрайттың құрметiне Мадлен деп ат қойса, Елжас деген ұлынан көрген немерелерiн Санжар Асфендияровтың, Мұқағали Мақатаевтың және Салидат Қайырбекованың құрметiне Асфендияр, Мұқағали және Салидат атандырыпты.
Сондай-ақ Олжастан туған Санжар, Смадияр, Спандияр деген немерелерi бар.
«Алла бұйыртса, ендiгiсiнiң есiмiн Рабат қоямын, сонда немерелерiмнiң есiмдерiнiң бас әрiптерiн қосқанда «СССР» болып шығады», – дейдi ол кiсi.
«Бiз кеңестiк кезеңде өсiп, тәрбие, бiлiм алған адамдармыз. Ал ол кездiң жақсы жақтары аз болған жоқ. Әсiресе тәртiптiң, жауапкершiлiктiң жоғары болғаны шын қой. Рас, жаман жақтары да болды, бiрақ өз басым бәрi жаман болды деуден аулақпын. Тарих сахнасынан кеттi ғой, ендi СССР-дiң артынан тас атудың, оның жаман жақтарын тiзе берудiң қажетi қанша? Өлген адамның артынан да жаман сөз айтпайтын қазақ емеспiз бе, ондайды өз басым жаратпаймын. Ал немерелерiмнiң есiмдерiнiң бас әрiптерiн қосқанда «СССР» болып шықса, оны тек
сол кездерi орын алған жақсылықтарға деген құрметiм деп түсiну керек», – дедi қария.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/946859-oqo-da-qariya-nemelerine-qoyghan-esimde/