Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өскемендегі төрт балалы ананың бір күні

Опубликовано:

Баласы үшін түн ұйқысын төрт бөлетін ананың бір күні қалай өтетінін анықтауға тырысқан anabol.kz сайты төрт баланың анасы атанып отырған Индира Жүнісоваға қонақ болып қайтты.

Индира бүгін де әдеттегідей 7.00-де тұрды. Өзімен бірге таңмен таласа тұратын үшіншісі Зере де күндегідей сергек. Анасымен ас бөлмеге барып, әпкесі мен ағасына таңғы астарын дайындауға кірісті.

Индира Жүнісова – Өскемен қаласының тұрғыны, төрт баланың анасы. Үстіміздегі жылдың 8 наурызында Омар есімді 4-ші баласын дүниеге әкелді. Бір жыл бұрын ғана үшіншісі Зерені өмірге әкелген ана осы өміріне әбден еті үйреніп алған тәрізді.

Әдетте таңертең 9 жасар Айша мен 7 жасар Темірлан сағат қоңырауымен өздері оянады. Ойы да, бойы да сергек Темірлан үнемі бірінші тұрып алады.

Айшаның шашын өрген кезде анасы балалардың мектепке таза болып баруын қадағалап үлгеруі керек. Сол себепті, балалар киінгенде қастарында болу – балалар бөлмесіндегі әдетті іс.

Мектепке шығатын уақыт – ананың балаларының тілеуін тілеп, оларға бірауыз ақылын айтатын кез. Кез-келген ана бұл сәтте ерекше толқыныста тұрады. Жырақта жүрген баласына ақылын беріп, дұрыс білім алып, ата-ана үмітін ақтаса екен деген аналық ақжолтай тілегін айтады.

Балалар сабақтарына кетіп, үйде тыныштық орнағанда, анасы әдетте үй жинап, ас қамына барынша кіріседі. Қолдан келген тәттілерін пісіріп, отағасы мен балаларының көңілінен шығуға тырысады. Түске дейінгі уақытты мейлінше пайдалы жұмсауды үйренген ана осы кезде кешкі тамағын да әзірлеп тастауды әдетке айналдырған. Себебі, балалар мектептен келген соң, оларды үйірмелеріне апару, кішкентай Зере мен Омарды серуенге шығару сияқты істерге көңіл бөледі.

Балалар мектептен келген соң, түскі астан кейінгі уақыт олардың қосымша сабақтарына жұмсалады. Айшаның гимнастикамен айналысуға қабілеті болғандықтан, 5 жасынан бастап көркем гимнастика жаттығуларына барып жүр. Бүгінде біршама жетістікке жеткен ол осы тыңғылықты ісінің жемісі үшін анасына шексіз риза.

Гимнастикамен қатар Айша музыкаға әуес, әдемі дауысы да бар. Мектептегі музыка пәнінің мұғалімі Айшаның дауыс ырғағы мен дыбыстық мәнерін байқап, бірден домбыра үйірмесіне береді. Бүгінде Айша ата-анасы мен туған-туысқандарын сахнаға шығып, қуантып жүр.

Темірлан спортқа құмар. Аптасына екі рет спорттық үйірмеге барып, жаттықтырушымен шынығып қайтады.

Үйірмелерінен алып қайтқан соң, анасы мен балалары міндетті түрде таза ауада серуендейді.

Темірланның спортқа әуестігінен оның сырт-келбетіне аса мән беретінін байқау қиын емес. Сол себепті ол шашын да жиі алдырып тұрғанды әдетке айналдырған. Бүгін де спорт үйірмесінен кейін анасымен өзінің тұрақты шаштаразына барды.

Кешкі мезгіл бір уақыт сабақты пысықтап, білімге ден қоюға арналады. Ментальді арифметиканы меңгеріп жатқан Темірлан сол күнгі тапсырмаларын бірден орындап тастағанды әдетке айналдырған. Айша болса, өзінің сүйікті ойындарының бірі текшенің түстерін сәйкестендіруден шаршамайды. Тіпті, кішкентай Зеренің өзі ағасы мен әпкесінен көргенін істеп, жазу-сызуға құмартып жүр.

Индира балаларын кішкентай кезінен ми жұмысымен айналысуға баулыған. Сол себепті, бұл үйде шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындары – балалардың сүйіп ойнайтын ойындарына арналған. Ұялы телефон мен планшетті тек демалыс күндері белгілі бір уақытта ұстауға ғана рұқсат беріледі. Сол себепті балалардың бос уақыты жетерлік. Оның есесіне бұл уақытты шахмат ойындарына арнаған дұрыс деп есептейді көп балалы ана.

Ойындардан кейін – демалыс сағаты. Анасы кішкентайын алып, теледидар алдына жайғасқанда, бала-шағасының көз алдында ойынға қарқ болуына бар жағдайды жасап үйренген. Сол себепті, бұл отбасындағы кешкі демалыс үнемі анасының қанатының астында өтеді.

Анасы кішкентай Зере мен Омарды шомылдыру үшін, суларын дайындауға кеткенде, Айша бір уақ анасына септігін тигізеді. Соңынан ерген Зерені де бауырмалдыққа тәрбиелеп, кішіпейілдікке баулығанды жақсы көреді.

Ұйықтар алдында Зере балалық әдетіне басып, суды шалпылдатып, ойнағанды жақсы көреді. Ұйқысы тыныш болу үшін, судың бала ағзасына тигізер пайдасын білетін Индира Зеретайды ұйықтар алдында міндетті түрде бір шомылдырып алғанды құп көреді.

Зере суда отырғанда, оны Айша мен Темірлан қарайды. Ал осы уақытта анасы кішкентай Омарды суға түсіріп алады.

Нәрестенің тазалығы – ананың қаперінде жүретін ең басты мәселе. Сол үшін күн сайын міндетті гигиеналық шараларды жүзеге асыру Индираның да күнделікті тыңғылықты істейтін істерінің бірі.

Бүгінгі күні әсерлі өткен Темірлан жылдам ұйқыға кетті. Көзі жұмылып бара жатса да, кітаптан бас алмайтын ол, міне, бүгінгі күнін де білім іздеумен аяқтады.

Осылайша, әр күнін балаларына арнайтын Индира бүгінгі күнінде де өзінің ана ретіндегі басты парызын атқарды десек болады. Дастарханы жаюлы, үйі жинаулы, отағасы риза, балалары көңілді, дендері сау, ұйқылары тыныш. Осыдан басқа анаға не керек?

Анамен бір күнді бірге өткізген және фотосуретке түсірген: Эльмира Нұрбек

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1105621-oskemendegi-tort-balaly-ananynh-bir-ku/