Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Абысындарын әбжыланға теңеген келін қайын жұртына деген ызасын айтып, мұңын шақты

Опубликовано:

Келін болып түскеніне он жылдан асса да, қайын жұртынан өз орынан таба алмай келе жатқан қазақ келіні Замана басылымына күйеуінің туыстарына жиылып қалған ренішінін айтып, мұңын шақты.

Кейіпкердің айтуынша, әйелдің әулетте алатын орны күйеуінің туыстары арасындағы абыройы мен беделіне байланысты екен.

"Күйеуім жаман емес, адал, ақкөңіл, менімен санасады, өктем­сімейді. Ең бастысы, мінезі өте жұмсақ, кешірімшіл, ешкімді ренжітпейді.

Екі қайнағамның мінездері өте дөрекі, қит етсе ашуланып шыға келеді. Әйелдері тұрмақ, олардың алдында ата-анасы да құрдай жорғалап кеткенін білмей қалады. Ал екі абысынымды әртіс десем артық айтқаным емес. Күйеуінің, ата-енеміздің алдында момақан, ал маған келгенде әбжылан десем болады. Бірақ өтірік пен өсекке жанын салатын, екі адамды ұрыстырмаса жүре алмайтын сол екі абысынымды ата-енеміз де, күйеуімнің өзге туыстары да қатты құрмет­тейді, тіпті жи­ын-тойларынан да қалдырмайды.

Абысындарым ағайындарымыздың біреуінің қызы қашып кетсе, артынан қуып барады, келіннің төркін жағы шақырса, жеңгесі болып еріп барады. Құдалық шақырғанда күтісетін де сол екеуі. Алыстағы ағайын-туыс той жасап, шақырар болса, енеміз: «Әулетімізбен көшіп барғанымыз ұят шығар.

Пәленше мен түгенше біздің шаңырақтың атынан барып қайтады», – деп екеуінің тойға апаратын сөмкесін жасап, конвертке ақшасын салып, жолкіресіне дейін беріп шығарып салады. Олардың төркін жақтары той жасаса, қомақты ақша, мал апарады. Ал бар жағдайын жасап, қара шаңырақта отырған мен сол үйдің қара құлпы сияқтымын. Кейде тойға ата-енем, екі қайнағам мен абысындарым бірге баратын кездер де болады. Ондайда олардың балаларына қарап, үйде қаламыз.

Біздің де тойға барғымыз келеді ғой. Күйеуімнің сыныптастарының, менің төркін жағымның дегендей. Ондай кезде ақша да жоқ боп қалады, үйдегі шаруалар да көбейіп кетеді. Қысқасы, енем бізді тойға жібермеудің мың-сан амалын қарас­тырады. Олар бармайсыңдар десе, біз тойға бармай қала саламыз. Енемнің құдалардан ұят дейтін сөзі менің төркініме келгенде ұмыт болады.

Кейде күйеуіме: «Жұртқа сыйлы болу үшін сен ағаларың сияқты ашуы мұрнының ұшында тұратын ұрда-жық, мен абысындарым сияқты өтірікші, өсекші болуы­мыз керек еді» деймін. Шыны солай. Бірақ айтуын айтқанмен олардай бола алмаймыз.

Жалпы, келін боп түскен елімнің мұндай кемшіліктерін айту ойымда жоқ еді. Бірақ алалағандары жаныма батып кетті. Келін болып түскеніме он жылдан асты, бүгінде төрт баланың анасымын. Әулетімізге менен кейін түсіп жатқан келіндердің бүгінде туыстар арасында алатын орны бар. Той-жиындарда пәленше келіннің сыбағасы, тамағы ісіп қалмасын деп беріп жібереді. Беташарда келіндердің қолтығынан ұстайды, құдалықта келіннің артынан келген төсекті жинап, кәде алады. Ал маған сыбаға да берілмейді, кәделерге де қоспайды.

Осыған қарап, күйеуімнің туыстары арасында ешқандай беделі болмаған соң мені де ешкім елеп-ескермейді екен ғой деген ойға келдім", - дейді мұңын шаққан әйел.

Бұл жаңалықты Whatsapp арқылы немесе әлеуметтік желіде бөлісіңіз

⇓⇓⇓

Тағы оқыңыздар:

Бай бойжеткенді күзеткен алматылық оққағар ел білмейтін құпияны ашты

Рамазандағы ораза және намаз уақыттарының кестесі жарияланды (фото)

Білім министрлігі Ұлттық біріңғай тестілеудегі өзгерістерді мәлімдеді

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1492126-abysyndaryn-abzhylangha-tenhegen-kelin/

pixel