Қазақта "ұятты" саналатын тақырыптарды қозғайтын ана желіде қалай танымал болды?
Опубликовано:
Инстаграм желісінде 200 мыңнан астам желі қолданушысын өз парақшасында үйіріп отырған үш баланың анасы Әлия Байтуғаеваға да танымалдылық ойда жоқта келді. Тұрмыстағы келіншектердің тіршілігі мен кейбір "тыйым салынған" тақырыптарды арқау еткен оның жазбалары оқырмандардың қызығушылығын тудырып жүр.
NUR.KZ порталына сұхбат берген блогер қыз-келіншектерді мазалайтын көптеген сұрақтарға жауап берді.
Әлия, cізді «Инста мама-2017» байқауының жеңімпазы атануымен құттықтаймыз! Инстаграм қолданушылары сізді «super.mamasita» деген атпен таниды. Желідегі танымал тұлғаға айналмас бұрын, сіз немен айналыстыңыз?
Мен инстаграмда өз парақшамды ашып, блок жүргізбестен бұрын, қарапайым үй шаруасындағы әйел болатынмын. Мамандығым - француз және ағылшын тілдерінің аудармашысы. Бұдан бөлек, визаж, татуаж, бодиарт курстарын тәмамдағанмын.
Инстаграм желісінің арқасында бүгінде Сіз ТМД елдерінде де танымалсыз. Оқырмандарыңыздың осынша көп болуының себебі неде деп ойлайсыз?
Менің ойымша оқырмандарым, ең алдымен, менің бірбеткейлігім мен шынайылылығыма қызығады деп ойлаймын. Инстаграм әлемінде, өкінішке орай, бүгінде шынайылық аз, адамдар «жалған өмір сүруге» әуес болып барады.
Сіздің бұл жеңісіңізді жақындарыңыз бен жолдасыңыз қалай қабылдады? Қателеспесек, бір постыңызда жұбайыңыз инстаграмға қарсы деген пікір білдіріп едіңіз...
Менің өмірімдегі ең жақын адам ол – анам. Анам, әрине, менің бұл жеңісіме қатты қуанды. Маған үнемі қолдау көрсетіп, менің жанымнан табыла білген жандардың бірі – менің анам. Ал, жолдасыма келсек, ол да әрине қуанды. Осы жеңістен кейін, оның инстаграм әлемі мен маған деген сый-құрметі арта түсті деп ойлаймын.
Бір жазбаңызда Сіз қайын жұртыңыздың парақшаңызға жазылмағанын, нақтырақ айтсақ, сіз оларды блокка жөнелткеніңізді айтқан болатынсыз...
Иә, оларды блокқа қойғаным рас. Өзіңіз білесіз, мен түрлі тақырыптарда пост жазамын. Олардың ішінде жыныстық қатынас сияқты қазақы қауымға «ұят» тақырыптар да бар. Туыстық ортада мұндай тақырыптардың қалай қабылданатыны айтпаса да түсінікті шығар.
Cіздің үш балаңыз бар, отбасы, туған-туыстарыңыз бар. Инстаграмға күнделікті қанша уақыт жұмсайсыз?
Әрине, бәріне бірдей үлгеру оңай емес. Отбасыңа көңіл бөлсең, оқырмандарың назардан тыс қалады, ал кейде керісінше дегендей. Мәселен, бір пост жазуға шамамен 20-30 минут уақыт жұмсаймын. Ал, инстаграмда көбінесе балаларым балабақшада болған уақытта отырамын.
Кей кездері сіздің посттарыңызға «тыйым салынған» тақырыптар да арқау болып жатады. Жолдасыңыз мұндай жазбаларыңызға қалай қарайды?
Иә, көпшілік бұл тақырыптарды ашып айта бермейтіндіктен, оларды посттарымда көтеру жөн деп санаймын. Алғашында жолдасым мұндай тақырыптарға қарсы болды. Қазір, бұрынғыдай емес, ол оған барынша түсіністікпен қарауға тырысады.
Жазбаларыңыздың бірінде сіз жұбайыңыздың суретін желіге жүктеймін деп жазған едіңіз. Алайда, бұл ойыңыздан айнып қалған тәріздісіз... Себебі неде?
Біріншіден, желіде менің жеке парақшам екенін ұмытпаған жөн. Сол себепті, оған жолдасымның немесе балаларымның суреттерін жүктеуді қаламаймын. Және жолдасымның көпшіліктен жасырып немесе қандай да бір басқа жағдайларды орын алдырмау үшін, желіге жүктемеу сияқты ойым жоқ. Атап өткенімдей, кез келген жерде «жеке» деген ұғым бар. Осы ұстанымымды көпшілік білсе екен деймін.
Бүгінгі күні қазақ қыздарының өзге ұлт азаматтарымен отау құрып, шетел асып кетіп жатқандар оқиғалар жиі кездесуде. Осыған қатысты сіздің пікіріңізді білсек деп едік...
Шынымда айтсам, ондай жағдайларды көп кездестірмедім, алайда жиі еститінім бар. Мен асыра ұлтшыл, нәсілшіл емеспін, адамдарды түр-түсіне, дініне, нәсіліне қарап бөліп-жармаймын. Сондықтан, қыздардың көңілі сол адамға түсіп, сол азаматпен бақытты боларына сенсе, қарсылығым жоқ.
Сонда өз қызыңызды да шетелдік азаматқа даярсыз ба?
Болашақта мен қызымның шетелде білім алғанын қалаймын. Егер елден тыс жерде жоғары білімін алып, сол жақта өз теңін тауып жатса, қарсы емеспін. Әрине, кез келген ата-ана болашақ күйеу баласын өз ұлтынан болуын қалайды. Мен де солардың қатарынанмын. Алайда, тағдыр солай болса, қызымның қалауы өзге ұлт өкіліне түсіп жатса, онымен келісуден басқа шара жоқ.
Кейінгі жылдары ажырасу көрсеткіші жыл санап артып келеді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Шөп салуды кешіруге қалай қарайсыз?
Өмірде түрлі жағдайлар болып жатады ғой. Сондықтан, мұндай жағдайда, мәселеге біржақты қарап, көзге шөп салған уақытта, біреуге «ажырасу керек, кешіру мүмкін емес» деп шорт кесіп айту қиын. Сол себепті, мұндай жағдайларға әр тұрғыдан қарап, қандай да бір шешімге келмес бұрын, мәселені таразылап алған жөн деп санаймын. Өз басым кешіре алмаймын. Мұндай жағдай анамның басынан өткен. Әкем анамды ашынасы үшін тастап кетіп, кейін үш айдан кейін қайтып келген болатын. Анам оны кешіргенімен, төрт жылдан кейін екеуі ажырасып кеткен-ді. Себебі, анам оны осы опасыздығы үшін кешіре алмаған. Күйеуінің опасыздығын басынан кешірген кез келген әйелдің жүрегіне жазылмас сызат түседі деп ойлаймын.
Cұхбатымыздың соңында сіздің «әйел бақыты» туралы пікіріңізді білсек деп едік...
Әрине, ол ең алдымен, әйел адамның өз отбасын құрып, бала сүюі деп айтар едім. Алайда, отбасымен бірге, кез келген әйелдің өзінің сүйікті ісі, жұмысы болуы керек. Сондықтан, аналардың да әрдайым алдына қояр мақсаты, соған жетемін деген талпынысы болуы шарт. Ол болмаса, әйел адамның жүйкесі жұқарып, ол барлық ашуын жақындарынан, жұбайынан, балаларынан алатын болады. Ал, мұндай отбасында береке болмасы анық.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1495431-qazaq-ushin-uyat-taqyryptardy-qozghayty/