Көптен күткен декрет: Қазақстанда бала күтіміне байланысты демалысқа шығу үшін қандай құжаттар қажет
Жарияланған күні:
Құрсағына бала бітіп, ана бақытын сезінуге дайындалып жүрген келіншектердің көбін декреттік демалысқа шығу үшін қандай құжаттар әзірлеп, тапсыруы қажет екені алаңдататыны белгілі. Осы ретте біз бала босануға және күтіміне байланысты демалысқа шығуға қажет құжаттар мен мемлекеттен берілетін жәрдемақылар туралы мәлімет беруді ұйғарып отырмыз.
- Жүктілікке және босануға байланысты демалыс ұзақтығы босануға дейін 70 күн және босанғаннан кейін 56 күн (қиын босанған немесе көп бала туған жағдайда 70 күн) болып белгіленген.
- Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс жұмыскердің жазбаша өтініші негізінде беріледі және осы кезеңде жұмыс орны сақталады.
- Декреттік демалысқа шығу үшін еңбекке уақытша жарамсыздық парағы, жеке куәлік, баланың туу туралы куәлігі және банк шотының нөмірі сияқты құжаттар қажет.
"Электронды үкімет" порталында келтірілген ақпаратқа сүйенсек, Еңбек кодексінің 99-бабына сәйкес, жүкті әйелдерге, бала (балаларды) туған әйелдерге, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған әйелдерге (еркектерге) баланың туылуына байланысты төмендегі демалыстар беріледі.
- жүктілікке және босануға байланысты демалыс;
- жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерлерге демалыс;
- бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс.
Декреттік демалыс мерзімі
Еңбек кодексінің 99-бабына сәйкес жүктілікке және босануға байланысты демалыс ұзақтығы босануға дейін күнтізбелік 70 күнге және босанғаннан кейін күнтізбелік 56 күнге (қиын босанған немесе екі немесе одан көп бала туған жағдайда – 70) тең. Демалыстарды есептеу жиынтықтап жүргізіледі және демалыс әйелге босанғанға дейін нақты пайдаланған күндерінің санына және жұмыс берушідегі жұмысының ұзақтығына қарамастан толық беріледі.
Жүктілікке және босануға байланысты демалыстан басқа, қалауынша бала 3 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыс берілуі мүмкін.
Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс
Жұмыс беруші жұмыскерге:
- ата-анасының таңдауы бойынша – баланың анасына не әкесіне;
- баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-анаға;
- ата-ананың қамқорлығынсыз қалған баланы іс жүзінде тәрбиелеп отырған басқа туысына не қамқоршысына;
- жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерге бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс беруге міндетті.
"Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс жұмыскердің жазбаша өтініші негізінде оның ұзақтығы көрсетіле отырып және баланың туу туралы куәлігі немесе баланың туу фактісін растайтын басқа құжат ұсыныла отырып беріледі.
Жұмыскер бала күтіміне байланысты демалысты бала үш жасқа толғанға дейін толық немесе бөліп пайдалана алады.
Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс уақытында жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) сақталады.
Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс аяқталғанға дейін жұмысқа шыққан жағдайда, жұмыскер жұмыс берушіні өзінің ниеті туралы жұмыс басталғанға дейін бір ай бұрын хабардар етуге міндетті", - деп көрсетілген Еңбек кодексінің 100-бабында.
Бала күтімі бойынша кезекті демалыс кезінде үйде отырған әйелдерге жұмыстан айырылып қаламын деп уайымдаудың қажеті жоқ. Кез келген жұмыс беруші қол астындағы әйел азаматын жүктілік және босану және бала күтіміне сәйкес демалысқа байланысты жұмыстан шығара алмайды. Сонымен қатар декреттік демалыс кезінде әйелдің еңбек өтілі есептеледі.
Декреттік демалысқа шығуға қажет құжаттар
Жүктілікке байланысты декреттік демалысқа шығу және әлеуметтік төлем тағайындау үшін еңбекке уақытша қабілетсіздігі парағын немесе басқаша айтқанда – еңбекке жарамсыздық парағы қажет болады.
"Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу, еңбекке уақытша жарамсыздық парағын және анықтамасын беру қағидаларына сәйкес, уақытша еңбекке жарамсыздық парағы – еңбекке уақытша жарамсыздықты куәландыратын және жұмыстан уақытша босатуға және еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақы алуға құқығын растайтын құжат", - деп түсіндірілген Электронды үкімет порталында жарияланған мәліметте.
Еңбекке уақытша жарамсыздық парағын кім ала алады?
- Жұмыс істеген жүкті әйелдер;
- баланы/балалар босанған әйелдер;
- жаңа туған баланы асырап алған әйелдер мен ер адамдар.
Жүктілігі, босануы, баланы асырап алуы бойынша табысынан айырылуына байланысты біржолғы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін қажет құжаттар:
- Жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айырылған жағдайда өтініш.
- Жеке басын куәландыратын құжат.
- Жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты берілген жұмысқа уақытша қабілетсіздігі парағы (төменде сіз оны қалай алуға болатындығы туралы біле аласыз).
- Банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шотының (шотты кез келген ҚР ЕДБ ашуға болады), немесе түзету мекемесінің қолма қол ақшаны бақылау шотының нөмірі туралы құжат.
Өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар қосымша мынадай құжатты ұсынады:
- жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы (мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтер);
- Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 27 ақпандағы № 306 бұйрығымен бекітілген жеке шоттарын жүргізу қағидаларына 16-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік кірістер органдары берген бюджетпен есеп айырысулардың жай-күйі туралы, сондай-ақ әлеуметтік аударымдар бойынша салық төлеушінің жеке шотынан үзінді көшірме.
Баланың бір жарым жасқа толуына дейін оның күтімі бойынша әлеуметтік төлемді тағайындау үшін қажет құжаттар:
- өтініш;
- жеке басын куәландыратын құжат;
- баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) немесе туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме;
- банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шотының нөмірі туралы құжат. Шотты кез келген ҚР ЕДБ немесе банктік операцияларды жүзеге асыратын "ҚазПошта" АҚ сияқты басқа ұйымдарда ашуға болады.
Әлеуметтік төлем алу үшін жүктiлiгі және босануы, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағының екінші жақ бетіне әлеуметтік аударымды төлеушінің белгісі (басшының қолы және жұмыс берушінің мөрі) болуы керектігіне назар аудару керек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1684036-dekrettik-demalysqa-shyghu-ushin-qanday/